Жыл басынан бері бұл шаралар арқылы 100-ден астам борышкер жұмысқа орналасып, балаларға алимент төлемдерінің тұрақты түсуіне мүмкіндік жасалды.
Қостанай облысында алимент төлемеген 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
294
оқылды

Қостанай облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың пайдасына өндірілетін алимент төлемдерінің уақытылы әрі толық орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомствоның мәліметінше, прокуратура бастамасымен облыстың барлық өңірінде алимент бойынша берешегі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Enbek қолдау» бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері бұл шаралар арқылы 100-ден астам борышкер жұмысқа орналасып, балаларға алимент төлемдерінің тұрақты түсуіне мүмкіндік жасалды.

Сонымен қатар кірістерін жасырып немесе ресми жұмысқа орналасудан жалтарып жүрген борышкерлерге ерекше назар аударылуда.

Мәселен, Рудный қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған қызына алимент төлеуден ұзақ уақыт бойы жалтарып келген. Ол сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қылмыстық жауапкершілік туралы бірнеше рет ескертілген. Алайда 3,5 млн теңге көлеміндегі берешегін өтеу бойынша ешқандай шара қабылдамаған.

Прокуратураның бастамасымен оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот үкімімен ер адам бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ оған пробациялық бақылау белгіленіп, ойын-сауық орындары мен алкоголь өнімдері сатылатын мекемелерге баруға тыйым салынды.

Жыл басынан бері прокурорлық қадағалау нәтижесінде 200-ден астам баланың құқығы қорғалды. Алимент төлемеген 132 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 240 млн теңгеден астам алимент берешегі өндірілді.

Прокуратура балалардың құқықтарын қорғау және алимент қарызын өндіру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.