Биылғы жылдың 5 айында республика аумағында болмаған қызметтерді көрсетуге байланысты 1 700-ден астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.
Алматы облысының прокуратурасы 500-ден астам жалған хабарландыруды бұғаттады
Фото: iStock
255
оқылды

Бас прокуратураның мәліметінше, жазғы демалыс маусымы мен мектеп демалысы қарсаңында тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландыруларды орналастыруға байланысты интернет-алаяқтық фактілері көбейіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алаяқтар пәтерлер мен үйлердің тартымды фотосуреттерін пайдаланып, төмен бағамен хабарландырулар жариялайды. Кейін әртүрлі сылтаулармен алдын ала төлем немесе кепілақы аударуды талап етеді. Ақша қаражатын алғаннан кейін байланысқа шықпай қояды немесе көрсетілген тұрғын үйдің мүлдем жоқ екендігі анықталады.
Биылғы жылдың 5 айында республика аумағында болмаған қызметтерді көрсетуге байланысты 1 700-ден астам қылмыстық құқыбұзушылық тіркелген, оның ішінде 130-ы Алматы облысында жасалған.
Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында Алматы облысының прокуратурасы ірі интернет-платформалармен және цифрлық сервистермен өзара іс-қимылды жүйелі түрде жолға қоюда.
Атап айтқанда, Алматы облысының прокуратурасы мен  OLX Group ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында интернет-алаяқтық фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.
Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы алаң талаптарына сәйкес келмейтін және құқыққа қайшы әрекеттердің белгілері бар 518 хабарландыру анықталып, бұғатталды.
Қазіргі уақытта анықталған барлық хабарландыру авторларына қатысты прокуратураның тапсырмасы бойынша киберполиция қызметкерлері тексеру іс-шараларын жүргізуде.
Жүргізіліп жатқан жұмыс бүгіннің өзінде алаяқтық сипаттағы контентті уақытылы анықтауға, оның таралуын шектеуге және азаматтарды алдаудың ықтимал жағдайларының алдын алуға мүмкіндік беруде.
Алматы облысының прокуратурасы өңір тұрғындары мен қонақтарын интернет арқылы тұрғын үйді брондау кезінде қырағылық танытуға шақырады.
Азаматтардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Алматы облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында және бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.