Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Өзенге биіктен секірген 16 жастағы жасөспірімнің мойын омыртқасы сынды
www.istockphoto.com
317
оқылды

Суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін елемеу тағы бір қайғылы оқиғаға әкеліп соқты. Целиноград ауданына қарасты Софиевка ауылында 16 жастағы жасөспірім өзенге биіктен секіріп, аса ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға кешкі уақытта Ақжар өзенінде болған. Өз күшін сынамақ болған жеткіншек суға бірнеше рет биіктен секірген. Алайда кезекті секіріс қайғылы жағдаймен аяқталып, жасөспірім басынан жарақат алып, мойын және бел омыртқаларын сындырған. Зардап шеккен жасөспірім жедел түрде Астанадағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Өкінішке қарай, өңірде бұл жалғыз қайғылы жағдай емес. Жібек жолы ауылының маңында тағы бір оқиға тіркеліп, суға түскен әйел көз жұмған еді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, белгісіз немесе жабдықталмаған жерлерде суға түсуге және биіктен секіруге болмайтынын ескертеді.

Айта кетейік, жазғы шомылу маусымы басталғалы бері ғана Ақмола облысында суға кету салдарынан төрт адам қайтыс болған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы