Олар санкциялар мәселесі бойынша жалғасып жатқан сындарлы диалогты құптады.
Брюссельдегі сапар: Қазақстан мен Еуропалық Одақ маңызды келісімдерге қол жеткізді
218
оқылды

2026 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссель қаласына ресми сапармен келіп, Еуропалық Кеңестің Президенті Антониу Кошта және Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көшбасшылар Президент Қ.К. Тоқаевтың сапарын өзара көлік байланысының, энергетикалық қауіпсіздіктің және орнықты жеткізу тізбектерін қамтамасыз етудің геосаяси маңызы артып отырған кезеңде Қазақстан мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюын айқындайтын маңызды белгі ретінде құптады. Олар 2025 жылы қол қойылғанына 10 жыл толуы аталып өткен Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейілділігін растады.

Президенттер Еуропалық Одақтың Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі ретіндегі рөлін атап өтіп, инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіруге және стратегиялық секторлардағы, оның ішінде ЕО-ның «Жаһандық қақпа» стратегиясының Орталық Азияға қатысты қолданылатын ережелері шеңберінде, атап айтқанда, аса маңызды шикізат материалдары, энергетика, көлік, цифрландыру және жаңа технологиялар салаларында ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

Олар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің стратегиялық маңызын атап өтіп, Еуропалық Одақтың «Жаһандық қақпа» стратегиясы шеңберіндегі ынтымақтастықтың кеңеюін құптады. Көшбасшылар Горизонталды авиациялық келісімге қол қойылғанын және виза беруді жеңілдету туралы келісім мен реадмиссия туралы келісім бойынша келіссөз жүргізушілер деңгейіндегі талқылаулардың сәтті аяқталғанын құптады, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ азаматтары арасындағы өзара байланыс пен халықтар арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

Президенттер аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын растады және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы орнықты шикізат, аккумуляторлар және «жасыл» сутегі құн тізбектерін құру салаларындағы стратегиялық әріптестікті іске асыру жөніндегі Жол картасын орындауға бейілділігін білдірді. Сонымен қатар олар Қазақстанның Еуропаға мұнай мен уран жеткізудегі маңызды рөлін және жаңартылатын энергетика мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану салаларындағы неғұрлым тығыз ынтымақтастықтың әлеуетін мойындай отырып, сенімді энергетикалық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Олар санкциялар мәселесі бойынша жалғасып жатқан сындарлы диалогты құптады.

Көшбасшылар Еуропалық инвестициялық банкпен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастықтың нығаюын құптады. Атап айтқанда, ЕИБ-мен жасалған өзара көлік байланысын қолдау жөніндегі келісімге (150 миллион еуро) және Қазақстанда халықаралық деңгейде аккредиттелген ұлттық химиялық-талдамалық зертхана құру туралы Еуропалық қайта құру және даму банкімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын жоғары бағалады. Аталған бастамалар Еуропалық Одақпен әріптестікте «Team Europe» тәсілі шеңберінде іске асырылатын болады. Сондай-ақ 2025 жылғы «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитінің декларациясында көзделгендей, ЕИБ-нің Астанадағы өкілдігін ашуға қолдау білдірілді.

Президенттер «Air Astana» мен «Airbus» арасында жалпы құны 7,145 миллиард еуроны құрайтын 50-ге жуық әуе кемесін сатып алуды көздейтін Сертификаттық келісімге қол қойылуын құптады. Олар бұл келісімді авиация, инновациялар, көлік байланысын дамыту және жеке сектор инвестицияларын тарту салаларындағы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың тереңдеп келе жатқанының нақты көрінісі ретінде атап өтті.

Президенттер климат саласында белсенді іс-қимылдарға және «жасыл» энергетикаға көшуге өздерінің бейілділіктерін растады, сонымен қатар бәсекеге қабілеттілікті арттыру және экономикалық ынтымақтастықты күшейту мақсатында тығыз диалогты қолдады. Олар сондай-ақ білім беру, зерттеулер жүргізу және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюін, оның ішінде «Erasmus+» және «Horizon Europe» бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықты құптады.

Еуропалық Одақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың күн тәртібін танып, 2026 жылғы наурызда республикалық референдум арқылы жаңа Конституцияның қабылданғанын атап өтті. Көшбасшылар адам құқықтары, құқық үстемдігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша диалогтың жалғасуын, соның ішінде Венеция комиссиясымен ынтымақтастықты, сондай-ақ «TAIEX» және «Twinning» бағдарламалары шеңберіндегі практикалық ынтымақтастықты құптады.

Президенттер бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақтылыққа, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына, оның ішінде егемендікке, аумақтық тұтастыққа және дауларды бейбіт жолмен реттеуге деген ортақ бейілділіктерін растады. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына негізделген тиімді көпжақты тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді қолдайтындарын растады. Көшбасшылар сондай-ақ қарусыздану мен таратпау жөніндегі жаһандық режимді нығайтудың, оның ішінде ядролық қарудан азат аймақтарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Еуропалық Одақ БҰҰ жүйесі аясында су ресурстарына байланысты жаһандық мәселелерді шешу мақсатында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын назарға алды.

Президенттер Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін құптап, 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындыларын атап өтті. Олар ортақ өркендеуді, орнықтылықты, тұрақты дамуды және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екенін атап көрсетті.