Бұрын мұндай компаниялардың басым бөлігі Қазақстан аумағында табыс тапқанымен, олардың қызметінен бюджетке түсетін салық көлемі айтарлықтай емес еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірнеше жыл бұрын енгізілген «Google салығы» бүгінде мемлекет қазынасының маңызды кіріс көздерінің біріне айналып отыр.
Биыл Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік интернет-компаниялардың салық төлеу тәртібіне қатысты бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Әсіресе, қосылған құн салығын төлеуден жалтарып жүрген платформаларға қатысты талап қатаңдай түспек.
Салық төлемеген платформалар бұғатталуы мүмкін
Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасы шетелдік интернет-платформалардың Қазақстандағы қызметін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Атап айтқанда, олардың салық міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындауына ерекше назар аударылуда. Қазір мамандар шетелдік компаниялар төлеген қосылған құн салығының көлемін талдап, есептердегі сәйкессіздіктерді анықтауда.
Басқарма басшысы Талғат Әділовтың айтуынша, биылдан бастап салық міндеттемелерін жүйелі түрде орындамайтын шетелдік платформаларға қатысты жаңа тәжірибе енгізіледі.
– «Сондай-ақ биыл шетелдік интернет-платформалардың ішінде қосылған құн салығын төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты бұғаттау тәжірибесі енгізіледі», – деді Талғат Әділов.
Оның айтуынша, қазір Мемлекеттік кірістер комитетінің қолында бұғатталуы ықтимал компаниялардың тізімі бар. Дегенмен мемлекеттік орган бірден шектеу қоюға асықпайды. Алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, компанияларға ескерту жіберіледі.
– «Біз компаниялармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы бір-екі ай ішінде бұғаттау нормасын қолдана бастаймыз. Ең алдымен хабарлама жіберіледі, кейін төлемдердегі айырмашылықтардың себебі анықталады. Төлеуші өз түсініктемесін беруі тиіс. Егер біздің хабарламамыз ескерусіз қалса, онда тиісті шаралар қабылданып, платформа бұғатталады», – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Бұл жерде әңгіме тек техникалық шектеу туралы емес. Сарапшылардың пікірінше, мұндай талаптар Қазақстандағы цифрлық нарықтың барлық қатысушысына бірдей жағдай қалыптастыруға бағытталған. Өйткені жергілікті кәсіпкерлер мен компаниялар барлық салықты уақытылы төлеп отырғанда, халықаралық платформалардың заң талаптарын елемеуі әділетсіз бәсекеге әкелуі мүмкін.
Соңғы тексерулер барысында бірқатар шетелдік платформаның салық төлемдерінде айырмашылықтар анықталған. Камералдық бақылау нәтижесінде 77 шетелдік онлайн-платформа өз міндеттемелерін толық көлемде орындамағаны белгілі болды. Осыған байланысты компанияларға ескерту жасалып, Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелу және есеп беру талаптары түсіндірілген.
Тексеру қорытындысы бойынша бюджетке қосымша 2,4 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Оның ішінде әлемге танымал ChatGPT қызметі шамамен 1,8 миллиард теңге көлемінде қосымша төлем жасаған. Ал AliExpress платформасы 600 миллион теңгеден астам салық төлеген.
Бұл көрсеткіштер Қазақстан нарығының халықаралық цифрлық компаниялар үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан бақылау жүйесінің нәтижесін де көрсетеді.
«Google салығы» бюджетке миллиардтар әкелді
Көпшілік арасында «Google салығы» деген атаумен танылған төлем түрі Қазақстанда 2022 жылдан бастап қолданылады. Алайда бұл салық тек Google компаниясына ғана қатысты емес. Ол Қазақстан азаматтарына интернет арқылы қызмет көрсететін немесе тауар сататын барлық шетелдік платформаға ортақ талап ретінде енгізілген.
Талғат Әділов бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
– «Google салығы» деп аталып кеткен бұл төлем шын мәнінде шетелдік интернет-платформаларға салынатын қосылған құн салығы. Ол 2022 жылдан бастап енгізілді. Салық салу нысаны – интернет-платформалар арқылы жеке тұлғаларға көрсетілетін қызметтер мен сатылатын тауарлар. Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілердің бірі – Apple компаниясы. Олар 2022 жылдан бері осы салық бойынша 24 миллиард теңге төледі. Сонымен қатар Google мен Counter-Strike және Dota 2 ойындарының әзірлеушісі Valve сияқты ірі компаниялар да Қазақстанда қызмет көрсетуден түсетін табыстары үшін қосылған құн салығын төлейді», – деді ол.
Шын мәнінде, бұл салықтың мәні қарапайым. Егер қазақстандық азамат шетелдік платформадан ақылы қызмет сатып алса, фильм көруге жазылса, ойын ішіндегі контентке ақша жұмсаса немесе жасанды интеллект қызметтерін пайдаланса, онда сол операциядан мемлекетке қосылған құн салығы төленуі тиіс.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 131 шетелдік интернет-компания ресми тіркелген. Бұл көрсеткіш соңғы төрт жылда айтарлықтай өскен. Себебі халықаралық компаниялар Қазақстан нарығының көлемін ескеріп, жергілікті заң талаптарына бейімделуге мәжбүр болып отыр.
«Google салығы» енгізілгеннен бері бюджетке түскен жалпы түсім көлемі 171 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың соңына дейін қосымша тағы 100 миллиард теңгеге жуық қаражат түсуі мүмкін деген болжам бар.
Бұл қаржы мемлекет үшін маңызды ресурс саналады. Өйткені цифрлық экономика жылдан-жылға ұлғайып келеді. Онлайн сауда көлемі өсіп жатыр, ақылы сервистерге жазылушылар саны артып келеді, ал жасанды интеллект құралдары күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуда. Демек, цифрлық қызметтерден түсетін салық түсімі де алдағы жылдары көбейе бермек.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан қазір әлемдегі көптеген елдер ұстанып отырған тәжірибені қолдануда. Еуропа мемлекеттері, Ұлыбритания, Канада және басқа да елдер халықаралық цифрлық алыптардың өз аумағында тапқан табысынан салық төлеуін талап етеді. Қазақстан да осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Кәмила ДҮЙСЕН
