Астық өндіруде әлемде алдыңғы қатарлы елдер санатына кіретін Қазақстан өнімін экспорттаушылар арасында да үлкен беделге ие. Әлемдік рейтингте көш басындағы мемлекеттердің бірі саналады.
Өндіретін – Қазақстан, өңдейтін – өзге жұрт
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
315
оқылды

Осы үрдіспен соңғы жылдары Ауғанстан нарығы да біздің елдің үлкен тұтынушыларының біріне айналған еді. Алайда екі ортада кесекөлденең жатқан Өзбекстан осы сауда байланысынан үлкен пайда көре бастады. Әсіресе, географиялық мүмкіндігін ұтымды пайдаланған оңтүстік көршіміз Ауғанстанға ұн сатуда біздің елді басып озды. Ақылға салса, экспорт табысында алдымен біз аталуымыз керек еді. Бірақ белгілі себептермен өзағайындардан ұн экспортында ұтылып отырмыз. 

Есе жіберуге өзіміз жол аштық

Экономика және аграрлық сала сарапшысы, академик Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ауғанстанға небәрі 1,05 млн тонна ұн сатқан. Ал Өзбекстан шамамен 1,6 млн тонна ұн жөнелт­кен. Бір қызығы, осынша көлемдегі ұнды өндіру үшін өзбек ағайындар Қазақстаннан 2,2 млн тонна астық сатып алған. 

Оның сөзінше, мұнда өзекті өртейтін екі жағдай бар. Біріншіден, отандық астық өңдеу кәсіпорындары қазақстандық бидайдың ең ірі сатып алушыларының бірі болып келген еді. Олар ауыл шаруашылы­ғы тауарын өндірушілерден өнімді жыл бойы нарықтық бағамен алатын. Екіншіден, ел ішінде өңделген әрбір тонна астық шамамен 50 доллар көлемінде қосымша қосылған құн береді. Бұған қоса, салық түсімдері артып, жұмыс орындары сақталатын әрі осы саламен сабақтас жүретін басқа тіршілік түрлері де жанданатын. Алайда астықты өңделмеген күйі жаппай сыртқа сатудың кесірінен осындай үлкен пайдадан қағылып отырғанымыз өкінішті. 

Енді әңгіме өзегі болып отырған Өзбекстанның ресми мәліметтеріне қарасақ, «есебін тапқан екі асайды» деген тәмсілге саяды. Олар былтыр бидай ұны экспортының көлемін айтарлықтай арттырып, бес шетел мемлекетіне шамамен 1,6 млн тонна ұн экспорттаған. Содан жалпы құны 441,7 млн доллар тауып отыр. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 473,3 мың тоннаға немесе 42,3%-ға артық. Міне, нәтиже! Сол былтырғы өзбек ұнының негізгі тұтынушылары кімдер десек, ең алдында Ауғанстан тұр. Бүкіл ұн экспортының 99%-ы дерлік – 1 590 193 тоннасы сол жаққа кеткен. Одан соң Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан сияқты көршілеріне сатқан көлемі әрқайсысында мың тоннаға жетпейді. Демек, Өзбекстан астықты шикізат күйінде алып, оны дайын өнім түрінде сатып, екі ортада бізден артық табысқа кенеле бастағанын статистикасымен көрсетіп отыр. 

Ол ол ма?! «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген нақылды берік ұстанған сияқты. Кәсіпкер Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, Өзбекстанда соңғы 10 жыл ішінде заманауи үлгідегі 500-дей диірмен салынған. Ал Қазақстан жағдайында диірмендер ескі, 20 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Осы аралықта айналасы он шақтысы жаңартылған болуы мүмкін. Демек, көзін тапқан тірлікті одан әрі дамытуға күш салып жатыр деген сөз. 

Келісім бар, жетістік қандай?

Ауғанстан дегенде сол жақпен сауда қарым-қатынас орнай бастағалы ел Үкіметі атынан Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин сол жаққа жиі шапқылап жүр. Жыл сайын екі ел арасындағы бизнес-форумға қатысып, екі жақтың бизнес өкілдерінің арасына көпір салып келеді. Мұндай жиын биыл да болды. Осыдан екі күн бұрын, 21 маусымда Кабулда болып, сол жақтағы форумның ашылуында сөз сөйледі. Онда да осы Қазақстаннан жөнелтілетін тауарлар түрін тізбектеп, соның ішінде ұн экспорты да бар екенін ерекшелеп айтып кетті. Ол жақтан бізге қарай жеміс-жидек түрлері жеткізіліп, олар еліміздің танымал сауда желілерінің сөрелеріне түспек. 

Келісім сөз жүзінде сайрап тұрғанымен, іс жүзінде кемшін тартып жатқа­ны түсініксіз. Өйткені осындай мәліметтерді көре тұра Қазақстан ұн экспортында өзіне ұтымды жолдарды қарастыра бастаса дұрыс еді. Бірақ ортадағы Өзбекстан мәселесіне бас қатырып жатқан біздің Үкімет жоқ. Ал астық тақырыбы әлем нарығында әлі де қыза түсетіні сөзсіз. Оның үстіне, ұн экспортында бұлай ұтылып отыра беруге болмайтынын әлемдік статистика да көрсетіп отыр. Айталық, 2005 жылғы әлемдік бидай ұны экспорты нарығының көлемі шамамен 9 млн тоннаға бағаланған екен. Арада 10 жыл өткенде әлемдік бидай ұны саудасы айтарлықтай өсім көрсетіп, жалпы сауда көлемі 13 млн тоннадан асқан. Өсім қарқыны мұнымен тоқтап қалмапты. Халықаралық астық кеңесі (IGC) бағалауы бойынша, былтырғы әлемдік ұн саудасының көлемі шамамен 16 млн тоннаны құраған. Осылайша, 2005 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта әлемдік бидай ұны саудасы шамамен 7 млн тоннаға немесе 78%-ға жуық өскен. Сондықтан сала өкілдері астық саудасы бірте-бірте азая береді деген негізсіз қауесетті қою керек деген қатаң пікір ұстанады. 

Бір жағынан, «ұн экспортынан ұтылып отырмыз» дегенде әңгіме тек Ауғанстан нарығына қатысты екенін ескеруіміз қажет. Себебі дереккөздерге қарасақ, Қазақстанның бидай экспорты құрылымындағы ұнның үлесі бүгінде шамамен 20%-ды құрайды. Бұл – бидай экспорттаушы елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Өзгелермен салыстырып қарасақ, Аргентинада ол небәрі 5%, ал Ресейде тіпті 3%. Ірі экспортшылар деп саналатын АҚШ, Еуроодақ, Канададаларыңызда одан да аз. 

Жалпы рейтингті тізбелеп қарасақ, Астық өндірушілер одағының мәліметі бойынша, 2024-2025 маркетингтік жылының қорытындысында әлемдік ұн экспорттаушы үздіктер былай қалыптасқан:

Түркия – 3,02 млн тонна

Қазақстан – 1,88 млн тонна

Өзбекстан – 1,12 млн тонна

Мысыр – 0,65 млн тонна

Еуропалық Одақ – 0,42 млн тонна

Ресей – 0,28-0,30 млн тонна

Пәкістан – 0,20-0,25 млн тонна

АҚШ – 0,18-0,20 млн тонна

Аустралия – 0,18-0,20 млн тонна

Украина – 0,15-0,20 млн тонна

Ал бидайдың өзіне келсек, Қазақстан 2024-2025 маусымында шамамен 10,1 млн тонна экспорттаған. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемде жетінші орында тұр. Айта кетерлігі, мұнда азық-түлік ұнының экспорты ғана есепке алынған. Ал жем ретіндегі көлемі есептелмеген. Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылдың қорытындысында оның сатылымы азық-түлік ұнынан асып түсуі мүмкін.

Айналып өтер жолдың қиындығы да бар

Көршілерімізге сауда сайысында жол беріп отырмас үшін сала өкілдері өз білгендерін айтып жатыр. Бұл жайында agrosearch.kz сайтында жазылды. Мәселен, Қазақстанның Астық өңдеушілер одағы ұн мен астық экспортын жүзеге асыру үшін Түрікменстан арқылы өтетін балама бағытты дамыту қажеттілігін айтады. Сол үшін «Болашақ» стансасы аума­ғында логистикалық кешен құруды ұсынады. Аталған одақ осы ұсынысын мемлекеттік органдарға жолдаған. Сол үндеуде қазір қазақстандық өнімдердің, оның ішінде астық пен ұнның Ауғанстан бағытына экспортталуының басым бөлігі Өзбекстан аумағы арқылы транзитпен жүзеге асырылатыны айтылған. Бұл бағыттағы тасымал құны бір тоннасына шамамен 55 доллардан келеді. Ал Түрікменстан арқылы өтетін транзиттің құны тоннасына шамамен 47 доллар деп бағаланады.

Одақ өкілдерінің бағалауынша, түрікмен бағытын пайдалану әр тонна өнім бойынша тасымал шығындарын 8 долларға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Егер жылдық экспорт көлемі 1-2 млн тонна болған жағдайда, жылына 8-ден 16 млн долларға дейін үнемдеп отыруға мүмкіндік туады.

Бірақ бұл бағытты қолға алудың қиындықтары да бар. Өйткені «Болашақ» стансасындағы инфрақұрылым жеткіліксіз. Оған іргелес жатқан аумақтарда да технологиялық жабдықталу жағы мәз емес. Мұның бәрі ұтымды логистика құруға айтарлықтай кедергі келтіреді. 

Мамандардың айтуынша, бұл тығырықтан шығудың тиімді жолы бар. Ол үшін заманауи көпфункционалды логистикалық ауыстырып тиеу кешенін салу ұсынылып отыр. Жоба аясында ұн мен қайта өңделген өнімдерді тиеп-түсіруге арналған нысандар, сұйық жүктерді өңдеу қуаттары, контейнерлік терминал, уақытша сақтау қоймалары, сондай-ақ кедендік және цифр­лық инфрақұрылым қарастырылуы мүмкін. Бұл іске асқан жағдайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан, одан әрі Иран бағытын дамытуға мүмкіндік береді, яғни ауған нарығымен шектеліп қалмай, Иран бағытымен де әртараптандыруға болады. Өзбекстан территориясына тә­уелділіктен осылай құтылуға болады деп есептейді. 

Экономист Төлеутай Рахымбеков те осыған ұқсас нұсқасын айтады. Оның сөзінше, Өзбекстан мен Қазақстан ТМД мүшелері. Екі ел арасында кедендік баж болмауы керек. Бұл қағида 1992 жылы жасалған ТМД құру туралы келісім арқылы бекітілген. Кейін, 2011 жылы мемлекеттер арасында тауарларды бажсыз әкелу мен әкетуді реттейтін ТМД-ның еркін сауда аймағы туралы шартқа қол қойылды.

Алайда мәселе басқада болып тұр. Өзбекстан да, Тәжікстан да қазақстандық ұн импортына жоғары акциздік салықтар енгізген. Сондықтан біздің ұн өндірушілер қарапайым шешім ұсынған болатын. Астықты оңтүстік бағытқа тасымалдауға жоғары теміржол тарифтерін енгізіп, ал ұн тасымалына тарифтерді төмендетсе болар еді.

Бұл жағдайда біріншіден, ҚТЖ мемлекеттік компания болғандықтан, Үкімет нұсқауын орындайды. Екіншіден, солтүстік облыстардан оңтүстік шекараға дейінгі тасымал бағытының шамамен 99%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сондықтан теміржол тарифтері арқылы астықты ел ішінде өңдеуге ынталандырып, дайын өнім – ұн экспортын қолдауға мүмкіндік болады. 

Ербол ТҰРЫМБЕТ