Жаңа зерттеу әлеуметтік желілерді шектеу жасөспірімдердің психикалық және физикалық денсаулығына оң әсер еткенін көрсеткен. Алайда оқушылар әлеуметтік желілерге толық тыйым салудың орнына, оларды пайдалануға уақыттық шектеулер енгізуді жөн санайды.
Әлеуметтік желіні аз қолданған оқушылардың өмірі қалай өзгерді?
Балалар экран алдында өткізетін уақытты қысқартқаннан кейін өздерін әлдеқайда бақытты сезінеді. Фото cdn.prod.website-files.com сайтынан алынды
243
оқылды

Aikyn.kz әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салудың себептерін BBC News материалына сүйеніп талдайды.

Йорк университеті ұйымдастырған IRL (In Real Life) жобасына 12-15 жас аралығындағы мыңдаған оқушы қатысуда. Зерттеу аясында қатысушыларға әлеуметтік желілерді қолдануға күнделікті уақыт лимиті белгіленіп, кешкі сағат 21:00-ден таңғы сағат  07:00-ге дейін TikTok, Instagram, SnapСhat және басқа платформаларды пайдалануға тыйым салынған.

Зерттеудің алғашқы нәтижелері қызықты қорытындылар көрсеткен. Мұғалімдердің айтуынша, оқушылардың ұйқы сапасы жақсарған, сабаққа зейіні артқан және әлеуметтік жанжалдар азайған. Сонымен қатар балалардың жалпы көңіл күйі де көтерілген. 14 жастағы Лекси бұрын күніне шамамен алты сағат әлеуметтік желіде отыратын. Экран алдында өткізетін уақытты қысқартқаннан кейін ол өзін әлдеқайда бақытты сезінетінін айтады.

«Телефонға үнемі қарап отырмағандықтан, көңіл күйім жақсарды. Отбасыммен және достарыммен көбірек уақыт өткізе бастадым», – дейді ол.

Тағы бір қатысушы Стар әлеуметтік желілерді аз қолданғаннан кейін энергиясы артқанын және миының жұмысы жақсарғанын байқаған.

«Мен өзімді сергек сезіне бастадым. Ұйқым жақсарды, күш-қуатым көбейді», – дейді оқушы.

15 жастағы Оливер де оң өзгерістерді атап өткен. Оның айтуынша, бұрын бос уақытын телефонға қарап өткізсе, қазір басқа хоббилермен айналысады.

«Мен жақсы ұйықтаймын, бұрынғыдай сағаттап лентаны қарап отырмаймын. Басқа маңызды істерге уақыт табыла бастады», – дейді ол.

Дегенмен оқушылардың көпшілігі әлеуметтік желілерге толық тыйым салуға қарсы. Олардың пікірінше, қазіргі заманда әлеуметтік желілер тек ойын-сауық құралы емес, қарым-қатынас пен білім алудың маңызды бөлігіне айналған. Мысалы, Деклан емтиханға дайындалу кезінде TikTok пен YouTube-тағы оқу материалдарын пайдаланатынын айтады. Сонымен қатар көптеген жасөспірімдер алыстағы достарымен дәл осы платформалар арқылы байланыс орнатады.

Зерттеудің жетекшісі профессор Лиза Хендерсонның айтуынша, әлеуметтік желілерге толық тыйым салу проблеманы толық шешпейді.

«Тыйым балаларға әлеуметтік желінің ықтимал зияны туралы нақты белгі береді. Бірақ бұл барлық мәселені бірден шешетін әмбебап құрал емес», – дейді ғалым.

Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе әлеуметтік желінің өзі емес, оны қаншалықты және қалай пайдалануына байланысты. Сондықтан көптеген оқушылар мен зерттеушілер толық тыйым салудан гөрі уақыттық шектеулер енгізу әлдеқайда тиімді деп есептейді.