BBC News талдауына сүйенген Aikyn.kz робот-курьерлерден туындаған алаңдаушылықтың себебін түсіндіреді.
Технологиялық компаниялар робот-курьерлерді болашақтың символы деп ұсынса, қала тұрғындары бұл өзгерістерге сақтықпен қарай бастады. Чикаго тұрғыны Джон Робертс алғаш рет көшеде жүрген робот-курьерді көргенде таңғалғанын айтады.
«Алғашында бұл маған болашақтың бір көрінісі сияқты әсер қалдырды», – дейді ол.
Бірақ уақытпен бірге көзқарастар да өзгере бастаған. Бір күні Робертс отбасымен серуендеп жүрген кезде қарсы алдынан робот шыққан, жаяу жүргіншілердің оған жол беруіне тура келген.
«Бізге арналған жалғыз тротуарда роботқа жол беруіміз біртүрлі көрінді. Егер бұндай құрылғылар ондаған болса не болады деп ойландым», – дейді Робертс.
Автономды жеткізу құрылғылары АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония және Оңтүстік Корея қалаларында қолданылып жүр. Олар азық-түлік пен дайын тағамдарды жеткізеді. Навигация үшін камералар, датчиктер мен GPS жүйелерін пайдаланады.
Роботтарды жасаушылар олардың қауіпсіз екенін айтады. Компаниялардың мәліметінше, құрылғылар кедергілерді анықтай алады, жаяу жүргіншілерден айналып өтеді және көшеден қауіпсіз өтеді. Сонымен қатар олар көлік кептелісін және көмірқышқыл газының шығарылуын азайтуға көмектеседі. Алайда тұрғындардың бәрі бұнымен келіспейді. Мысалы, Торонто қаласында 2021 жылдан бері роботтарға тротуармен жүруге толық тыйым салынған. Сан-Францискода олардың қозғалысы тек кейбір аудандармен шектелген. Ал Чикагода бірнеше ауданда роботтарға қарсы арнайы шектеулер енгізілген.Джон Робертс бастаған онлайн-петицияға қазірдің өзінде 4 400-ден астам адам қол қойған. Олар роботтарды пайдалануды уақытша тоқтатып, қауіпсіздік талаптарын нақтылауды сұрайды. Тұрғындардың алаңдаушылығы тек қауіпсіздікпен байланысты емес. Кейбір жағдайларда роботтардың жедел жәрдем көліктерінің қозғалысына кедергі келтіргені, жаяу жүргіншілер өткелдерінде күтпеген әрекет жасағаны туралы хабарламалар таралуда.
Ұлыбританияда да наразылық байқалады. Кейбір қалаларда Uber Eats қызметіне арналған роботтар вандализмге ұшыраған. Ал курьерлердің тәуелсіз кәсіподағы роботтар мыңдаған адамның жұмыс орнына қауіп төндіреді деп есептейді.
Дегенмен сарапшылар робот-курьерлердің болашағына сеніммен қарайды. Transforma Insight зерттеу компаниясының болжамынша, 2034 жылға қарай әлемде 2,1 миллионнан астам жеткізу роботы жұмыс істейтін болады. Бұл жағдай жаңа технологиялардың қоғамдағы дәстүрлі кеңістікпен қақтығысын көрсетеді. Мәселе роботтардың пайда болуында емес, олардың адамдармен бір ортада қалай өмір сүретініне байланысты. Чикаго тұрғыны Джон Робертстің айтуынша, басты сұрақ – технологияны тоқтату емес.
«Болашақты тоқтату мүмкін емес шығар. Бірақ біз қандай болашақта өмір сүргіміз келетінін таңдауға құқылымыз», – дейді ол.
Сондықтан роботтар мен адамдардың ортақ қалалық кеңістікті қалай бөлісетіні әлемнің көптеген қалалары үшін маңызды мәселеге айналды.
