Ғалымдар қалалардың даму қарқынын бұрын-соңды болмаған дәлдікпен бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технология ұсынды. Енді спутниктердің көмегімен қалалардағы өзгерістерді адамдар байқамай тұрып анықтауға болады. Зерттеушілер бұл жүйені Urban Pulse («Қаланың пульсі») деп атайды.
Спутниктер енді қалалардың «жүрек соғысын» бақылай алады
Жаңа жүйе NASA-ның Landsat және Sentinel-2 спутниктері жинаған көпжылдық деректерді пайдаланады. Иллюстрация scitechdaily.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock
273
оқылды

Aikyn.kz урбанизацияның салдарларын алдын ала анықтайтын технологияны scitechdaily.com сайтының материалына сүйеніп талдайды.

Жаңа зерттеу әлемдегі ең беделді ғылыми басылымдардың бірі – Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) журналында жарияланды. Жобаға АҚШ-тағы Йель мен Коннектикут университеттері, басқа да ғылыми орталықтардың мамандары қатысқан. Ғалымдардың айтуынша, бүгінге дейін урбанизация көбіне оның нәтижелері арқылы ғана бағаланып келді. Яғни, жаңа ғимараттар салынып, жолдар кеңейгеннен немесе халық саны өзгергеннен кейін ғана қаладағы үрдістер көріне бастайтын. Ал жаңа технология өзгерістерді олардың пайда болу сәтінде бақылауға мүмкіндік береді.

Зерттеудің жетекші авторы Чжэ Чжудың айтуынша, бұл жүйе медицинадағы электрокардиограммаға (ЭКГ) ұқсайды. «Бұрын біз урбанизацияның тек нәтижесін ғана көретінбіз. Ал қазір қаланың ішкі динамикасын бақылай аламыз», – дейді зерттеуші.

Жүйе NASA-ның Landsat және Sentinel-2 спутниктері жинаған көпжылдық деректерді пайдаланады. Арнайы жасанды интеллект алгоритмдері құрылыс жұмыстарының басталуын, ескі нысандардың бұзылуын, инфрақұрылымның жаңаруын және жаңа аудандардың қалыптасуын анықтайды.

Ғалымдар Сиэтл, Шэньчжэнь, Лагос, Мумбай, Дубай және Мехико қалаларын зерттей отырып, урбанизацияның үш маңызды заңдылығын анықтаған. Біріншісі – қалалар бірқалыпты емес, «секірмелі» түрде дамиды. Кей кезеңдерде құрылыс қарқынды жүрсе, кейін біраз уақыт баяулайды. Екіншісі – урбанизация циклдік сипатқа ие. Кей аудандар қарқынды дамып, кейін тоқырау кезеңіне өтеді. Үшіншісі – қаланың барлық бөліктері бір уақытта дамымайды. Бір аудан тез өссе, екіншісі баяу дамиды.Зерттеу барысында ғалымдар COVID-19 пандемиясының қалаларға әсерін де талдаған. Спутниктік деректер бүкіл әлемде құрылыс белсенділігінің күрт төмендегенін көрсетті. Ғалымдар бұл құбылысты «қалалардың жүрек тоқтауы» деп сипаттайды. Алайда қалпына келу қарқыны әртүрлі болған. Мысалы, Қытайдың Шэньчжэнь қаласы мемлекеттік саясаттың арқасында тез қалпына келген. Ал Мумбай мен Мехикода бұл процесс әлдеқайда баяу жүрген.

Зерттеушілердің пікірінше, Urban Pulse болашақта қалаларды басқарудың маңызды құралына айналады. Егер белгілі бір ауданда экономикалық белсенділік төмендей бастаса немесе құрылыс жасыл аймақтарға қауіп төндірсе, билік алдын ала шара қабылдай алады.

Сонымен қатар бұл ақпарат қарапайым азаматтар үшін де пайдалы. Үй сатып алатын немесе бизнес ашатын адамдар ауданның даму қарқынын бақылап, болашақтағы мүмкіндіктерді бағалай алады. Ғалымдардың пікірінше, спутниктер мен жасанды интеллектінің үйлесуі қалаларды зерттеудің жаңа дәуірін бастап бермек. Енді қалалардың дамуын тек картадан емес, олардың «жүрек соғысы» арқылы да бақылауға мүмкіндік туады.