Оқыс оқиға түскі уақыт қарсаңында қаладағы Вернадский көшесінде болған.
Көкшетауда автобус жаяу жүргіншілер өткелінде мұғалімді қағып кетті
302
оқылды

Көкшетауда жаяу жүргіншілер өткелінде автобус әйелді қағып кетіп, ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқыс оқиға түскі уақыт қарсаңында қаладағы Вернадский көшесінде болған. Куәгерлердің айтуынша, жолаушылар автобусы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен.

Оқиға орнына жедел түрде жедел жәрдем қызметі мен полиция қызметкерлері жетіп, зардап шегуші ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен әйел – Көкшетау қаласындағы №12 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі. Оның жасы 56-да екені белгілі болды.

Бастапқы деректерге сәйкес, әйел басынан жарақат алып, денесінің бірнеше жері сынған болуы мүмкін. Дегенмен оның нақты жағдайы туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Әріптестері мен тұрғындар ұстаздың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіруде.

Полиция не дейді?

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 17 маусым күні тіркелген.

– 17 маусым күні Вернадский көшесінде  Yutong маркалы автобус жүргізушісі реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде 1970 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шеккен азаматша ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу нәтижесіне сәйкес қолданыстағы заңнамаға сай шешім қабылданады, – деп хабарлады Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Оқиғаға байланысты Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаменті де пікір білдірді.

Ведомство мәліметінше, әзірге жұмыс беруші тарапынан өндірістегі жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама түспеген.

– Осы жағдай бойынша Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментіне жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады департамент.

Қазір қоғам назарын аударған бұл оқиға бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр. Ал қала тұрғындары көп жыл бойы шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздың аман-есен сауығып, қызметіне қайта оралуына тілек білдіруде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы