10-14 маусым аралығында ішкі істер органдары жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланатын көлік құралдарын анықтау және осындай деректердің жолын кесу бойынша республикалық рейдтік іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Нәтижесінде, 22 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзудың жолы кесілді, оның ішінде 500 көлік құралында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі орнатылған. Бұдан басқа мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған 1,5 мыңнан астам көлік анықталды. Арнайы тұрақтарға шамамен 2,5 мың автокөлік қойылды. Аталған фактілер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану көбіне қасақана сипатқа ие екенін және құқықбұзушылықтар үшін жауаптылықтан жалтару мақсатында қолданылатынын көрсетеді. Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидатын дәйекті түрде іске асырып, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанады. Әрбір құқықбұзушылыққа тиісті құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Осындай құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде жалғасатын болады, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.
