Пленарлық отырыс басталмас бұрын әскери делегациялар басшыларының екіжақты кездесулері өтті.
ТМД әскери басшылары Астанада қауіпсіздік мәселесін талқылады
235
оқылды

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің отырысына Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан әскери ведомстволарының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Пленарлық отырыс басталмас бұрын әскери делегациялар басшыларының екіжақты кездесулері өтті. Сондай-ақ қатысушылар «Отан қорғаушылар» алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Отырыста тараптар әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі әскери-саяси ахуалды, көпжақты әскери ынтымақтастықты дамыту және Достастық елдерінің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің айтуынша, Қазақстан әскер құрылымын дамытудағы тәжірибесімен және әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерімен бөлісті.

Кездесу барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, әскери авиация ұшуларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.

Сонымен қатар жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудың заманауи тәжірибесін зерделеу жайы сөз болды. Қатысушылар әскери зымырандар мен артиллерияны жауынгерлік қолдану, сондай-ақ нысандар мен аумақтарды минадан тазарту міндеттеріне ерекше назар аударды.

– Әскери саладағы ынтымақтастығымыздың деңгейі тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бұл ұлттық Қарулы Күштердің әлеуетін нығайтуға және Достастық мемлекеттерінің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деп қорытындылады сөзін генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.

Кездесу қорытындысы бойынша, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің хатшысы, генерал-лейтенант Юрий Дашкин Достастық кеңістігіндегі әскери өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ынтымақтастық қарулы күштер арасындағы үйлестіруді күшейтуге және өңірлік қауіпсіздікті сақтауға бағытталған.

Іс-шара соңында тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі келісімдерді бекітетін қорытынды құжаттарға қол қойды.