Дәмхананың жалға алушысы, автогаз құю стансасының директоры және газды жеткізумен айналысқан тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
12 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға: «Центр плова Loft» ісі бойынша тергеу аяқталды
фото: www.istockphoto.com
217
оқылды

Ақмола облысының арнайы прокурорлары «Центр плова Loft» кафесінде болған жантүршігерлік өртке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Еске сала кетсек, 2026 жылғы 26 ақпанда газ баллонының жарылуынан болған алапат өрттің салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған еді. Бұл оқиға қоғамда аса үлкен резонанс туғызып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты көптеген түйткілді сұрақтың туындауына себеп болды.

Тергеу барысында қайғылы жағдайдың кездейсоқ емес екені анықталған. Арнайы прокурорлардың мәліметінше, дәмханада өрт және газ қауіпсіздігі талаптары жүйелі түрде өрескел бұзылып келген.

Атап айтқанда, мекемеде пайдалану мерзімі өтіп кеткен, міндетті техникалық тексеруден өтпеген газ баллондары қолданылған. Бұдан бөлек, олар арнайы жабдықталған орында емес, жылу көздеріне жақын жерде сақталған.

Тергеу сондай-ақ дәмхана қажеттілігі үшін газды тасымалдау мен құю процесі де қолданыстағы талаптарды бұза отырып жүргізілгенін анықтады. Нәтижесінде, газ баллондарының бірі шамадан тыс толтырылған. Бұл оның ішіндегі қысымның көтерілуіне, баллонның жарылуына, газдың сыртқа шығуына және кейіннен алапат өрттің тұтануына әкеліп соққан.

Мұқият тергеу жүргізген арнайы прокурорлардың пайымдауынша, жіберілген заңбұзушылықтар мен орын алған қайғылы оқиға салдарының арасында тікелей себептер пен байланыс баршылық.

Осы іске байланысты дәмхананың жалға алушысы, автогаз құю стансасының директоры және газды жеткізумен айналысқан тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Заңбұзушылықтар мұнымен шектелмеген

Тергеу барысында дәмханада еңбек және көші-қон заңнамасының да өрескел бұзылғаны әшкере болды.

Анықталғандай, мекемеде жалпы саны 32 қызметкер жұмыс істеген. Оның ішінде екі аспаз көші-қон заңнамасының талаптарын бұза отырып, еңбек еткен болып шықты. Ал тағы 10 адам ешқандай еңбек шарты рәсімделместен, жұмысқа тартылған. Бұл Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі талаптарының тікелей бұзылуы болып саналады.

Қадағалау органының мәліметінше, тамақ өнімдерін әзірлеу мен сату процесі де тиісті талаптарға толық сәйкес келмеген. Соның салдарынан ондаған адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төнуі мүмкін болған.

Қылмыстық жауаптылыққа дәмхана жалға алушысы, автогаз құю стансасының директоры және газ жеткізуді жүзеге асырған тұлға тартылуда. Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігімен ("өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") және 306-бабы 3-бөлігімен ("қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету") сараланды, – дейді Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен.

12 адамның өмірін қиған бұл қайғылы оқиға қауіпсіздік талаптарын елемеудің қандай ауыр салдарға әкелетінін тағы бір рет көрсетті. Енді қоғам назарындағы бұл іс бойынша соңғы сөзді сот айтпақ...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы