Алматы облысында мемлекеттік субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар жазып беру ісі бойынша сот үкімі шықты. Кооператив басшысы сүт үшін жүздеген миллион теңге субсидия алғаны бойынша сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында "БАҒДАУЛЕТ и ПК" АӨК және "АМАНТАУ-2023" АӨК басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияларды заңсыз алып отырған.
Ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сарымай мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынылған. Жалған құжаттардың негізінде бюджеттен 251 млн теңгеден астам субсидия заңсыз төленген. Алайда кооперативтерде көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік қуаттар, жабдықтар, жұмысшылар және өзге де ресурстар болмаған.
Сонымен қатар тергеу барысында жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде төмендету мақсатында пайдаланылған ComputerService ЖК арқылы жалған электронды шот-фактуралар жазып беру схемасы анықталды. Нәтижесінде, бюджетке төленбеген салық сомасы 416 млн теңгеден асқан.
Сот қылмыстық схемаға қатысқан екі адамды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
