Кітапхана білімнің шамшырағы болса, кітап – ұлттық өрлеу кепілі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тура бір ай бұрын, 2026 жылғы 16 мамырда тарихи мәні бар №1279 Жарлыққа қол қойған болатын.
Зерделі ұлт жолындағы жаңа қадам
283
оқылды

Құжат «Кітап оқу мәдение­тін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» деп аталады. Ол рухани жаңғыруға, адами капиталды дамытуға, қазақстандық қоғамның зият­керлік және мәдени әлеуе­тін нығайтуға бағыттал­ған. Осы өткен бір ай ішінде қандай жұмыстар ат­қарылды? Алда не істелмек?

Тоғыз бағыттағы тәлімді тапсырма

Алдымен Президент Жарлығында қандай ұзақмерзімді міндеттер қойылғанына тоқталсақ. Бірінші кезекте Мемлекет басшысы мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындады. Оған біріншіден, кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жатады. Екіншіден, оқыр­манға арналған заманауи инфрақұ­рылымды дамыту мемлекеттік басымдық болмақ. Ол цифрлық құралдарды кеңінен қолданатын жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құруға бағдарланған.

Үшіншіден, Үкімет пен әкімдіктер туындылары жас ұрпақты елдің жаңа Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдауға күш салады. Төртіншіден, баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыруға мән берілмек. Бесіншіден, ұлттық әдеби мұра ел ішінде және шетелде насихатталатын болды. 

Мұның сыртында Президент Тоқаев Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, таңдаулы жобалардың жөн-жосығын көрсетті. Ол 9 тармақтан тұрады. Біріншісі – халықтың әртүрлі санаты, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалып­тастыру жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленіп, лайықты іске асырылуға тиіс.

Екінші міндет – жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистерді ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғырту. Үшіншісі – ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау, туындыларды сапалы аудару және басу болмақ. 

Төртіншісі – 2026 жылғы 1 қыркү­йекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы жүзеге асырылады. Бесінші тапсырма – жасанды интеллектіні дамыту жағдайында Үкімет 2026 жылдың соңына дейін Кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын бекітуі қажет. Алтыншы міндет – жаңа Парламент, яғни Құрылтай Үкіметпен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа тұрпатты заң жобасын әзірлеп, қабылдауға міндетті. Жетіншісі – 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін» ұлттық сыйлығы тағайындалады. 

Сегізіншісі – 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифр­лық кітапхана платформасы құрылуы керек. Бұған дейін, 2007 жылдан бері мемлекет Ұлттық академиялық кітапхананың базасында Kazneb.kz қазақстандық ұлттық электронды кітапхананы құрды. Бүгінде онда 82 776 электрондық көшірме – кітап, брошюра, автореферат, нота, газет-журнал, диссертация, аудиобейне файл, карта мен мұрағаттық құжаттар бар. Кітапхана өзіндегі 70 тілдегі электронды құжатты әлемнің 120 елі­­нен оқырман пайдаланатынын хабарлады. Бірақ бұл Мемлекет басшысының көңілін көншітпейтін болса керек.

Тоғызыншы тапсырма – жыл сайын «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Президент Әкімшілігіне есеп беріп тұру тәжірибесі өмірге жолдама алады. Басқаша айтқанда, кітап оқу мәселесі тікелей ел басшылығының бақылауына алынуы мүмкін. 

Кітаптан басталатын кемел келешек

Министрлер кабинетінде Мемлекет басшысының Жарлығын орындауға Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік етіп, бас-көз болуға жауапты. Бұл ретте Үкімет кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітіп, жүзеге асыруға кірісіп те кеткен екен. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әлидің мәліме­тінше, кешенді жоспарда кітапхана және кітап ісін дамыту, оқуды насихаттау, заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру шаралары қамтылған. Құжат 9 негізгі бағыт бойынша 50-ге тарта іс-шараны көздейді.

– Оның қатарында кітап саласын құқықтық тұрғыдан жүйелеу мәселесі де бар. Сонымен қатар біздің министрлік кітапхана саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде республикада 3 887 бұқаралық кітапхана жұмыс істейді. Оның жиынтық қоры 72,5 миллионнан астам сақтау бірлігін құрайды. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 57 миллионнан асты. Бұл халықтың кітап оқу­ға деген қызығушылығынан хабар береді, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, 2026 жылдың басынан 4 кітапхана жаңғыртылып, 6 жаңа кітапхана ашылды. Жыл соңына дейін еліміздің 5 өңірінде тағы 24 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр екен. Бұл жерде, әрине саннан сапа маңызды. Бұл көпшілік мекемелер халыққа, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға барынша қолжетімді болғаны, тұрғындар тығыз тұратын аудандарда орналасқаны, көлік қатынасымен қамтамасыз етілгені, мәселен жанында автобус аялдамасы болғаны маңызды.

Осыған орай Үкімет басшысының орынбасары Аида Балаева кітапханалардың қызметіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Бұл жұмыс кітапхана инфрақұрылымы мен ғимараттарының жай-күйін, кітап қорымен қамтамасыз етілу деңгейін, сондай-ақ ондағы әдебиеттерге сұранысты қамтуға тиіс. Талдау қорытындысы бойынша, әсіресе балалар мен жастарға арналған әдебиет тапшылығын айқындап, кітапхана қорын жаңарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. 

Жалпы, Президенттің бұл Жарлы­ғын орын­дауға Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект, Ғылым және жоғары білім, Қор­­ғаныс, Ішкі істер министрліктері жұ­мыл­дырылып жатыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, ведомство оқушылардың әдебиетке қолжетімділігін кеңейтетін «Балалар кітапханасы» және «Оқырман» платформаларын іске қосты.  Бұл бағыттағы маңызды жұмыстың бірі – білім беру ұйымдарында оқырман клубтарының қызметін дамыту. 

– Соның негізінде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын мектеп» бірыңғай моделі енгізіледі. Аталған модель аясында балалардың кітап оқуға қызығушылығын ата-аналар мен педагогтердің жеке өнегесі арқылы арттыруды көздейтін «Бірге оқиық» жобасы жүзеге асырылады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың айтуынша, студент жастар арасында кітап оқу мәдениетін ілгерілету үшін жаңа тәсілдер пысықталу үстінде. Бұл бағытта университеттік кітапханаларды дамыту және «Студенттік оқырман клубтарының» жұмысын жандандыру мәселелері қарастырылады. Жарлықты жүзеге асыру аясында Ғылым және жоғары білім министрлігіне ЖОО кітапханалары қорының салалық әдебиеттермен қамтамасыз ету деңгейіне талдау жүргізу, сондай-ақ педагог кадрларды даярлауда қолданылатын оқу әдебиеттерінің мазмұнын зерделеу жүктелген.

Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне қарасты ұйымдардың кітапхана қорларын зерттеу және талдау мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Әскери бөлімдер мен ведомстволық мекемелерді заманауи, мазмұнды әрі кәсіби әдебиеттермен қамтамасыз ету маңызды. Талдау нәтижесінде олардың да нақты қажеттіліктері айқындалып, кітапхана қорларын толықтыру және жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірленеді деп жоспарланып отыр. 

Оқырман межесі – он миллион

Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бұрыннан баса көңіл бөліп келеді. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Қ.Тоқаев: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптас­тыруымыз қажет», – деп атап өтті. Бұған дейін, 2023 жылы Түркістандағы Ұлттық құрылтайда ол жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастыру идеясын көтеріп, бұл бастама қоғам тарапынан қолдау тапты. Соның нәтижесінде 23 сәуір ресми түрде «Ұлттық кітап күні» болып бекітіліп, рухани-ағартушылық маңызы бар мерекеге айналды.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мемлекетімізде бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан алғышарттар аз емесіне сенімді. Мәселен, депутаттардың бастамасымен баспаханалар қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылып, отандық баспаларға қолдау көрсету үшін арнайы нормалар қабылданды. Кітапхана қызметкерлерінің жалақысы артты, кітапханаларға келу­шілер саны көбейе бастады. Онлайн кітап саудасы жанданып, кітаптар бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. 

«Былтыр «Кітап оқитын ұлт» атты арнайы жобаны іске қосылып, оны пилоттық режимде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкентте табысты жүзеге асырылды. Жоба аясында түрлі әлеуметтік санаттағы 189 мыңнан астам азамат қамтылып, қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға серпін берді. Бастамаға оқушылар мен студенттерден бастап, педагогтер, отбасылық әулеттер және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Пилоттық кезең қорытындысы жобаның жоғары әлеуметтік тиімділігін көрсетті», – деді депутат. 

Осыған байланысты бұл жобаны 2026 жылғы қыркүйектен бастап респуб­ликалық деңгейде іске асыру жоспарланған. Жобаның алғашқы 6 айында республика бойынша шамамен 2 миллион азаматты қамту көзделіпті. Бұл – ел халқының 10%-ы. Қатысушылардың өңірлік теңгерімін қамтамасыз ету үшін әр облыс пен республикалық маңызы бар қаладан кемінде 100 мың адамның қатысуы жоспарлануда. 

Жобаны кезең-кезеңімен кеңейту арқылы алдағы 5 жыл ішінде қатысушылар саны 10 миллион адамға дейін жетпек. Нәтижесінде, жоба ел халқының шамамен 50%-ының игілігіне айналып, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттайтын ірі халықтық қозғалысқа айналуға тиіс. Жоба аясындағы негізгі көрсеткіштің бірі – әрбір қатысушының 6 ай ішінде кемінде 15 кітап оқуы. Осы арқылы кітап оқуды елдің күнделікті өмір салтына айналдыру – басты бір нысан.

– Президент ұсынған «Зерделі ұлт» жобасы – бар жұмысты жиып қойып, тек кітаптан бас алмау деген сөз емес. Бұл – сапалы ұлт қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстар тізбегі. Яғни заманауи инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық, цифрлық жүйелерді меңгеру, жаңа форматтағы кітапханалар түзу, патриот ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық әдеби жауһарларымызды елде және шетелдерде жан-жақты насихаттау. Басты мақсат осы, – деді Ж.Әшімжан.

Үкіметтің дерегінше, қазір «23 сәуір – Ұлттық кітап күнін» атап өтудің жаңа мазмұны тұжырымдалып жатыр. Биыл барлық өңірде «Ұлттық кітап күні» апталығы шеңберінде қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту, халқымыздың зияткерлік әлеуетін арттыру үшін 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде кітап көрме-жәрмеңкелері, кітап фестивальдары, конкурстар, ашық есік күндері, жас оқырмандармен кездесулер, зияткерлік ойындар, кітапханашыларға арналған практикумдар, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға негізделген жалпыхалықтық челлендж және басқасы бар. Жылда осы атаулы күнде, Астанадағы салтанатта «Ұлттық кітап» конкурсының жеңімпаздары марапатталады. Конкурстың жүлде қоры 36,5 млн теңгені құрайды. 

Сондай-ақ Үкімет жыл сайын отандық бір қаланы «Кітап астанасы» деп атау туралы ұсынысты құптады. Уәкілетті органға өңірлермен бірлесіп, 2027 жылы «Қазақстанның кітап астанасына» айналатын қаланы немесе тұтас облысты айқындау мәселесін пысықтауға тапсырма берілді. 

Жарлық аясында жыл соңына де­йін басқа да жаңа бастамалар мен жасампаз жобалар жалғасын тауып, ресми құжаттармен бекітілмек. Бұл өзгерістер өзегінде ұлттық рухты тірілту мұраты жатыр. Қайнар бұлағынан ажыраған халықтың санасы сарқылып, тамыры суалары сөзсіз. Тарих көшіне көз жіберсек, мемлекеттерді дәуірлетіп, тоқыраған қоғамды қайта түлеткен асыл құндылық – кітап. Абыз Әбіш Кекілбайдың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген даналық сөзі барша халқымыздың бағдар тұтар темірқазығы. Еліміз осы рухани қазынадан қол үзсе, барар жері – жан дүниесінің жұтауы және рухани құлдырау болмақ. Кітаптан қашықтау ұлт болашағына балта шабумен тең. Ендеше алдағы жоспарлар тек құжат жүзінде қалмай, ұлт санасын оятатын рухани серпіліске айналса құба-құп.

Айхан ШӘРІП