Қазақстанда геологиялық барлау өзекті тақырыпқа айналса да, салада әлі күнге ауыз толтырып айтарлық жоба жоқтың қасы.
Барлау болмаса, байлық та баянсыз
коллаж: ЖИ
241
оқылды

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында күн тәртібіне шығарып, айрықша назар аударуды қажет ететінін айтқан болатын. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданғанымен, заң талаптары толық орындалмай жатқанын ескерткен-ді. Айтып отырған олқылық та осыдан келіп шығады. Сол үшін ахуалды дереу өзгертуге үндеген. Тиісті министрлік осы бағытта қарқынын үдетіп, жаңа бассейндерді зерттеуге кіріссе де, саланы басқарудағы  жүйесіз қадам кедергі болып тұрған сияқты.  

Алдымен қолда бар деректерді саралап алайық

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Асхат Хасенов биыл ақпанда Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда іздеу ұңғымаларына қатысты мәлімет беріп, былтыр 8-ін бұрғылау аяқталғанын, 2029 жылға дейін тағы 24-ін қазу жоспарланғанын айтқан еді. Бұл жұмыстарға жалпы көлемі 900 млн доллар инвестиция тарту көзделген. Хасеновтің көңілге қонымды мәлімдемесінен соң соның ізін ала тура сол ақпанда Үкімет бас­шысы Олжас Бектенов кереғар жайттың бетін ашқандай болды. Премьер-министр депутаттар сауалына берген жауабында Қазақстандағы мұнай-кен орындарының 70%-дан астамы игерудің соңғы кезеңіне өткенін мәлімдеген. Әсіресе, мұнай қорлары едәуір сарқыла бастағанын ашық айтқан. Өйткені ұңғымалардан шығып жатқан сұйық­тықтың құрамында су көбейіп кеткен. Кейбір кен орындарынан шығып жатқан қара алтын құрамындағы судың үлесі 95%-дан асқан. Соған қара­мастан жер қойнауында өндіруге болатын мұнай қорының әлі де 60-70%-ына дейін сақталуы мүмкін. Алайда бұл қорларды өндіріске тарту үшін қомақты инвести­циялар мен күрделі, шығыны жоғары технологияларды қолдану қажет.

Мұндай жағдайдан соң Тоқаевтың барлау жұмыстарын күшейтуге қатысты тап­сырма беруінің сыры түсінікті бола бастайды. Ал қазіргі дәлелденген қорымызға қарасақ, Энергетика министр­лігінің дерегіне қарағанда елде 15,5 млрд тонна геологиялық және 4,4 млрд тонна өндірілетін мұнай қоры бар. Егер жылына 100 млн тонна мұнай өндіріп отырсақ, бұл қор шамамен 40-45 жылға жетеді. Бірақ барлаудан нақты өндіріске дейінгі кедергілер мен қиындықтарды ескеретін болсақ, бұл сандар тағы өзгеруі мүмкін. 

Президент тапсырмасынан кейін шұғыл іске кіріскен салалы министрлік осыдан бір жыл бұрын әлі толық зерттел­меген шөгінді бассейндерде барлау жұмыс­тары жүргізілетінін мәлімдеген. Сол жерлерде мұнай мен газдың мол қоры болуы мүмкін деген сенімі берік. Бұл жұмыстар, әсіресе еліміздің оңтүстік-шы­ғыс және солтүстік өңірлеріндегі Шу-Сарысу, Солтүстік Торғай бассейн­дерінде жүзеге асырылмақ.

Ескі әдіспен әлі жүрміз

Еліміздің мұнай-газ саласында біраз жыл еңбек етіп, кейін шетелдерде қызмет атқар­ған сала маманы Әнуар Битановтың айтуынша, геологиялық барлау дегеннің өзі құдды бір сауда нарығындағы құнды қа­ғаздар сияқты. Кез келген жоба не сәтті, не сәтсіз кеніш болуы мүмкін. Өйткені қара алтын бар дегеннің өзінде оны жер қырты­сы­ның арасынан суырып шығару көп ең­бек­ті талап етеді. Гео­физикалық зерттеу жұмыстары, топырақ сынамаларын сараптау, одан қалды қазба жұмыстары қаншалықты қиынға соғары белгісіз. Тіпті, барланған қор­дың өзінен дым шықпай қалуы да мүм­кін. Ал айыр­машылығы, құнды қағаздарға қоғамдық, әлеуметтік, саяси немесе тағы басқа факторлар жиі әсер ететін болса, гео­­логиялық барлауда олай емес. Егер кен­іш­ті қазғанда барлығын дұрыс істесе, онда ол сөзсіз тұрақты табыс әкеледі. 

Оның сөзінше, өкініштісі сол, біз әлі күнге Кеңес Одағы заманындағы зерттеулер мен солардың нәтижелерін қолданып кел­е­міз. Ол уақыттары шынында да біраз табысты жұмыс атқарылды. Барлау жұ­мыстарын ұйымдастыру мен қар­жыландыру мәселесінің өзі неге тұрады?! Жыл сайын осы жұмыстарға миллиардтаған рубль тұрақты бөлініп отырды. Өйткені бұл стратегиялық сала ретінде қарастырылды. Бүкіл экономика, тіпті мемлекеттің қауіп­сіздік қабілеті соған байланды. Сол үшін арнайы Геология министрлігі құрыл­ды. Ол бірнеше жылдық жоспарлар құрып, соны іске асырумен айналысатын. 

Бірақ маманның айтуынша, қазіргі Қазақстандағы жағдай одан біршама басқа. Бізде Энергетика министрлігі, оның ішінде Геология комитеті мен одан бөлек тағы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Ұлттық геологиялық қызмет бар. Бұларға қоса, әртүрлі гео­логиялық институт жұмыс істейді және олардың басқарылуы да қызық. Біразы Энер­гетика министрлігіне, енді кейбірі Оқу-ағарту министрлігіне бағынышты. Сайып келгенде, геологиялық барлаумен айналысатын мемлекеттік орган көп, бірақ әрқайсысы белгілі бір деңгейде ғана атсалысады. Оның арты ортақ мақсатқа біріге алмай, жұмыс шашырап, бір-бірін қайталап, не өзара бәсекелесіп кетуі мүмкін. Мұндай шашыраңқы жүйеде мекем­елер бір-біріне сілтеп, жауапкер­ші­л­ікті мойнына алу жағы қиындауы мүмкін. Ақыры кімнен не сұрауды білмей дағдарып қалсақ не шара?! Мұндай жағ­дайда салаға қыруар қаржы бөле беру де тиімсіз. Өйткені құмға сіңген судай құрдымға кетсе, сұрауы кімнен?

Барлауға қажет көрсеткіштер бақылауда жоқ

Осы жерде КСРО заманынан алар бір сабағымыз, саланың жүйелі басқары­луында кемшілік бар сияқты. Табиғат пен табиғат ресурстарын басқару саласы мемлекеттік жүйемізде мың құбылып кел­еді. Атауын ауыстырып, құрылымын өзгертуде шата­сатындай жағдайға жеттік. Естеріңізде болса, солардың жалғасы ретінде елімізде 2019 жылы Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігі құрыл­ған еді. Бұл құрылымға сол кезде Мағзұм Мыр­зағалиев басшылық еткен. Министр де, министрлік те осы атаумен 2023 жылдың басына дейін жұмыс істеді де, сол жылы қаңтарда меморганның атауы­нан тап осы «геология» сөзі түсіп қалды. 

Экономикамызды әртараптандыруға неше жылдан бері талпынып, тіпті белгілі бір деңгейде нәтижеге жетіп жатсақ та, әлі күнге мұнай экспортына тым тәуелді екені­міз жасырын емес әрі осы қалпымыз әлі көп жыл сақталатыны күмәнсіз. Сондықтан сарапшының ойынша, геологиялық барлау саласын бір орталықтан басқару үшін бар жауапкершілікті толыққанды мойнына алатын, жүйелі жұмыс істейтін бір мемлекеттік орган керек-ақ. Тек соны геолог мамандығы бар бір адам басқарса игі. Әйтпесе, «шым­шық сойса да қасапшы сойсын» деген қағи­да осы салада сақталмай келеді. Өйт­кені тәуелсіздік алғалы бергі министр­лердің ішінде мамандығы салаға сай келетіні некен-саяқ екен.

Геологиялық барлау тақырыбына келгенде мұнай шығатын жерді зерттеу, жобалау, жоспарлау жағы көп айтылады. Алайда мұның бәрі қандай да бір мәлімет­терге сүйену керек. Ал барлаушылар ол мәліметті қайдан алады? Әнуар Битановтың айтуынша, Қазақстанда қара алтын қанша көлемде өндірілетінін, оның қаншасы тасымалданатынын есептеп отыратын Ұлттық статистика бюросы мен басқа да талдау орталықтары бар. Бірақ тап осы геологиялық барлау қызметінде сараптама жасауға қажетті деген көрсеткіштер бақы­лауға алынбайды. Ол бәлкім, бір жерде жинақталып отыруы да мүмкін, бірақ еш жерде жарияланбайды. 

Бұл не үшін қажет? Көптеген дамыған елде мұндай статистика жүргізіліп отырады. Мысалы АҚШ-та федералды геологиялық қызметі бар. Онда бұрғыланып немесе болжанып отырған мұнай көздері, олардың қаншалықты сәтті жүзеге асып жатқаны, белсенді бұрғылау құрылғылары туралы мәліметтер, тіпті жекелеген бассейндер бойынша әлдеқайда терең деректер жиналып отырады. Оның бәрін кез келген адам ашып қарай алады.

Мұнай саласында әлемде ерекше ор­ны бар елдердің бірі  Норвегияда да сол­ай. Оларда тіпті мәліметтер жинап отыратын орталығында (Norwegian Offshore Directorate) бұрғылау статистикалары жыл-жылға және өңір-өңірге бөліп жинақталады. Мәселен, Солтүстік теңіз жағы мен Баренц теңізінің деректері бөлек тұрады. Статистикаға мүдделі адам осыларға қарап-ақ өзіндік болжам жасай береді. Бірақ Норвегия мұнымен тоқтап қалмаған. Бұдан бөлек, көмірсутегі құрамы бар аумақтар жайлы да мәлімет дайындалып отырады. Осынша қыруар мәліметтің бәрі жалпыға жария етіп қойылған. 

«Дамыған елдердегі осындай жетілген жүйе бізде неге жасалмайды?» деген орын­ды сұрақ туындайды. Өйткені цифр­ландыру саласы қарқынды дамып, әлем назарына ілігіп жатқанда, осы салада небір дарынды маман отырғанда, мәлімет жинақтауды да бір жүйеге келтіруге әбден мүмкіндік бар деген сенім ұялайды. 

Дәл осы барлауға қажет тың мәліметтер базасы күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа айналғанын Президент те сезген болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыр­күйектегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында осыны меңзеп сөйлегені бар еді. Сонда цифрлық құрал­дарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келгенін айтқан болатын.

«Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халық­аралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес», – деген еді Президент.

Сол үшін 2026 жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашуды тапсырған. Тоқаевтың айтуынша, оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған дұрыс. Сөйтіп, жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет. 

Ербол ТҰРЫМБЕТ