Қаланың іші күні-түні қалай қайнаса, тазалық маманы да сол уақытта тынымсыз еңбек ететінін байқай бермейміз.
Шаһар тіршілігінің тіректері
302
оқылды

Жұрт шырт ұйқыда жатқанда да қала тазалығына жауапты – тазалық мамандары. Жақында тұтас бір әулеттің осы салаға бар өмірін арнап келе жатқанын білдік. Темірхан Құлмаханұлы «Астана Тазалық» мекемесінде машинист болып 2005 жылдан бері еңбек етеді. Оның туған інісі де, тіпті үш ұлы да осы салада жұмыс істейді. Бәрі де әке жолын қуып, өмірін техникамен байланыстырған. Тазалықшылар династиясының жұмысымен танысу үшін «Астана Тазалық» мекемесіне арнайы барып қайттық.

Тазалық мекемесі қала шетінде орна­ласқандықтан, таңғы алтыдан бастап жолға қамдануға тура келді. Көлік жүргізу­шілері мұнда жетіде болуға тиіс. Олар ең алдымен медициналық тексеруден өтеді, дене­ қызуы, қан қысымы, жүрек соғысын өлшетіп, алкотест тапсырады, бұдан соң техниканың жай-күйін реттейді. Бәрі ойда­ғыдай болса, сағат сегізде жолға шығады. Біз осы дайындықты көзбен көріп, Темірхан ағаның ортаншы ұлы Абылайханды кездестіріп қалдық. 

– Жұмыста таңғы жетіде боламыз, тіркеу парағын ашып, көліктің май-суын қарап, тексеріп аламыз. Қыста бір-екі сағат ерте келеміз. Әр қызметкерге тиесілі өз аумағы бар, соған сәйкес көшелерге су шашамыз, лас болса, сыпырып тазалаймыз, қыстыгүні қар күрейміз, – деп бастады ол әңгімесін. 

Қармен жуынып аламын

Оның айтуынша, бұл салаға әкесінің ықпал-қолдауымен келген. Кейіпкеріміз – Түркістан облысы Ордабасы ауданы Жеңіс ауылының тумасы. Негізгі мамандығы – ветеринар-техник, ол саласы бойынша туған жерінде де 10 жылдан аса еңбек еткен. Кейіннен тазалық саласына ауысқан. Кейіпкеріміз қазіргі жұмысын да тез меңгеріп алғанын айтады, себебі әкесі Темірхан аға балаларын жастайынан техниканың тілін түсінуге баулыған екен. 

– Жұмысты екі ауысым бойынша атқарамыз. Күндізгі ауысым таңғы 08.00-ден кешкі 17.00-ге дейін болады, бір аптадан кейін түнгі ауысымға шығамыз. Түнгі ауысым кешкі 23.00-ден таңғы 08.00-ге дейін жалғасады. Тек күндізгі не тек түнгі ауысымда істеу ағзаға ауыр болғандықтан, апта сайын ауысып шығып отырамыз. Егер түнгі жұмыста ұйқы қысатын болса, бригадирге ескертіп, көлікті тоқтатып, сыртқа шығамыз. Жаттығу жасап, ағзаны оятамыз, денені салқындатып, 15-20 минут тынығамыз. Қыста қармен бетімді жуып аламын, бір-екі үйкеп-үйкеп алсаң-ақ ұйқың ашылады, – деп жымиды ол.

Сағат сегіз болған шақ. Әрі қарай әңгімені жұмыс барысында жалғастырамыз деп шештік. Қызығы, есікті ары тартып, бері тартып, қанша жұлқыласақ та, аша алмадық. Ауыр техниканың есігін ашу да бір өнер дестік. Кейіпкеріміз есікті ашып, «бісміл­ләсін» айтып көлікті оталдырды, солай жолға шықтық.

– Жұмысымыз біткен соң әр кеш сайын ешқандай ауырлық-қиындықсыз аяқта­ғанымыз үшін шүкір етеміз. Қанша үйрендік, бейімделдік десек те, көлікті абайлап жүргізу керек, сондықтан кейде шаршаймыз, – дейді тазалық маманы. 

Ең алдымен көлікке су алу керек. Абыл­ай­хан Сарайшық ауданына жауапты, әуелі сол ауданға қарасты Шарбақты жерінен су алуға барамыз. Түсінгеніміз, жұмыс байып­тылық пен асқан төзімді талап етеді.

– Жылдамдықты арттыра алмаймыз, 35-40 шақырым/сағ жылдамдықтан асырмау керек, жұмыс барысында 15-20 шақырым/сағ жылдамдықпен ғана тазартамыз. Ауыр техника болған соң жауапкершілікпен қарайсың, алайда тәжірибесіз жүргізушілер қызметтік техника екенін аңғармай, бізді жібермей, алдымызға түсіп кедергі келтіреді. Ауыр көлікті тоқтату да қиын, бағдаршамға жетпей жатып, алыстан тоқтауға тырысамыз. Оның үстіне, сегіз тонна суымыз бар, – дейді ол. 

Бәрі қатарға қосылғанша көмектеседі

«Ер қанаты – ат» демекші, тазалық маманының сенімді серігі де осы – техника. Мұнда әр тазалық маманы техника тілін жақсы біледі. Мекемеде арнайы мамандар болса да, көп істі өздері реттеп алады. Ма­шинистер жазда әр көшеге жеке-жеке тазарту жүргізсе, қыстыгүні бригада болып қар тазалайды. Бұл кезде де көлікте қандай бір ақау болса, ұжым ұйымшылдық танытып, бір-біріне жәрдемдеседі. 

– Ұжымымыз жақсы. Қарға батып, май-суымыз қатып қалатын кездер болады, сондықтан қыстыгүні ұжым болып, 10 тех­ника топтасып жүреді. Біреуі тоқтап қалса, көлікте ақау болса, бәрі қатарға қосылғанша көмектеседі. Күрделі жұмысты мекеменің жауапты мамандары атқарады, жеңіл-желпі кем-кетік болса, өзіміз тындыра саламыз, – дейді А.Құлмахан.

Кейіпкеріміз әр сөзін байыппен жеткізіп, жолға мұқият қарап келеді. Бір кезде қалта­сынан құрт алып шығып, беторамалының үстіне жайды. Ауылдан жұбайы жасап жібереді екен. Қазір отбасы мен балалары туған жері – Жеңіс ауылында. Ол балаларына жиі барып тұру үшін аптасына бір күн де демалмайды, өзіне тиесілі демалыс күндерін пайдаланбай жинап жүреді. 

Шарбақтыға да жеттік. Мұнда өзге тазал­ық мамандары да көлікке су алып жатты. 8 тонна су алу үшін шамамен 40-45 минут күту керек. Кейіпкеріміздің сөзінше, бір көшені тазартуға кемі 1,5-2 сағат уақыт кетеді. Ал әр маман күніне кемі бес көшені тазартады және екі қайтара жүріп өтуін тағы қосыңыз. 

2 шаршы метрде өміріміз өтіп жатыр

Осы сәтте Абылайханның ағасы Бейбітхан Құлмахан көлігіне су алуға келіп жетті, ол осы мекемеде 2021 жылдан бері қызмет етеді. Білікті маманның әңгімесіне құлақ түрдік. 

– Жұмысқа кіргеніме екі айдай уақыт болған. Астананы білмеймін, сонда Есіл ауданына байқамай өтіп кетіппін. Брига­дирлер GPS арқылы қарап, «Қайда кетіп қалдың? Кері қайт» деп хабарласып, қалада адасып жүріп, базаға әрең жеткенім бар еді. Қазір енді қаланы бес саусақтай білеміз, – деп сөз бастады ол. 

Бейбітхан одан бұрын теміржол тасы­малдау қызметінде ұзақ уақыт қызмет еткен. Бала күнінен техникаға жақын өскендіктен, бұл салаға келгенде де еш қиналмаған. 

– Техникамды өзім жөндеп кете беремін. Көлік жүргізген ұнайды, сол бала арман техника саласына жетелеп әкелді. Дегенмен әр істің қиындығы бар. Мысалы, таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін бір ауысымда істеймін, жұмыс уақыты аяқталған соң үйге қайтамын, тамақтанып, демалып аламын. Кешкі он бірден таңғы сегізге дейін түнгі ауысымым басталып кетеді. Бір ауысымда сегіз сағат істейміз, бір сағат демаламыз. Қыста он бір сағаттан істейміз, сонда 24 сағат үйде бол­мауымыз да мүмкін, осында тамақтанып, камазда демала береміз. 2 шаршы метрде өміріміз өтіп жатыр, – дейді Бейбітхан Құлмахан.

Ол қазір халықтың экологиялық сауаты артқанымен, көше ортасына қоқыс тастайтын көлік жүргізушілері әлі де барын жасырмайды.

– Темекі тұқылын тастап жүретіндер көп, ол қарапайым адамның көзіне көрінбеуі мүмкін, тек тазалаған адам біледі. Көшенің ортаңғы жолағында түрлі қоқыс жиналып қалатынын көреміз. Соны су шашып ысыра­мыз, басқа бригада оны тазалап әкетеді. Жұрт жолды шаң басады деп ойлайды, шаң емес, қоқыс басады. Көшеде тас жатса, көлік жоғары жылдамдықпен келе жатқанда, ол ыршып терезені сындыруы мүмкін. Сол себепті күнделікті тазалық керек, – дейді тәжірибелі маман.

Бейбітхан мырзаның жұмысына сәттілік тілеп, өзімізге тиесілі Сафуан Шаймерденов көшесін тазалауға кеттік. Асфальтқа су тигендегі иісті тазалық көлігінен сезу ерекше бір күй сыйлайды. Қанша иіскесең де, құ­мар­ың қанбайды. Жолай 20 жылдан аса тәжірибесі бар Темірхан Құлмаханұлының өзімен кездесудің сәті түсті.

– КСРО тараған. Жұмыстың бәрі тоқтап, халық солтүстікке ауа бастаған еді. Сонда да тірлік еттік, жем-шөп шаруашылығымен айналыстым, қарбыз ектім, мақта ектім. Комбайн айдадым. Бала-шағаны асырау керек болды. Ел сонда Астанаға ағылды. Жолдастарымның бірі осы мекемеге барған екен, мен де солай келіп қалдым, – дейді ол.

Темірхан аға үшін 20 жылда тазалық саласы өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол үшін бақыт – таңертең жұмысқа асыға баруы, көлігіне жайғасып, ісіне ыждағаттана кірісуі.

Қазір Т.Құлмаханұлының кенжесі Шыңғысханның да осы салада жүргеніне жеті жылға жуықтаған. Жақында Темірхан аға зейнетке шығады, еңбегінің зейнетін көрмек, ал ұлдары әке ісін жал­ғас­тырмақ ниетте. Үлкен әулеттің тазалық саласында еңбек етіп жүргеніне куә болдық, бұл талай жанға да үлгі дейміз.

Айсұлу СЪЕЗХАН