Бұған, әрине, елді мекендердің еңсесін тіктеген жобалар көп септігін тигізуде. Міне, сондай баянды болашаққа желкен керген өлкенің бірі – Жуалы ауданына аймақ басшысы арнайы ат ізін салып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар нысанның тынысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Нұрлыкент ауылында орналасқан «Бурное Солар» ЖШС-ның жалпы қуаты 100 МВт болатын күн электр стансасына аялдады. Екі станса жылына 145 млн кВт/сағат электр энергиясын өндіреді. Кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 44 жергілікті тұрғын еңбек етеді.
Облыс әкімі станса аумағында ауыл ақсақалдарымен кездесіп, өңірді дамыту және ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері жөнінде пікір алмасты. Ербол Қарашөкеев өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында республикадағы жетекші аймақтың бірі екенін атап өтіп, бұл салаға инвестиция тарту мен өндіріс көлемін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасуға тиіс екенін айтты.
Бұдан кейін облыс әкімі Нұрлыкент ауылында салынып жатқан Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Әлеуметтік нысанның құрылысы 2025 жылдан өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылуда. Мердігер мекеме – «Сырым Блеке» ЖШС. Өңір басшысы мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, ал аудан әкімдігіне жобаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сапар барысында Боранды стансасындағы вокзал ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарының барысы да зерделенді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 83 пайызы орындалған. Ғимараттың сыртқы қабырғалары мен ішкі бөлмелерін қалау, ішкі сылақ жүргізу, сыртқы әрлеу және терезелер орнату жұмыстары толық аяқталған. Нысан құрылысына 33 жұмысшы мен 3 арнайы техника жұмылдырылған. Облыс әкімі теміржол вокзалдарын жаңғырту Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауындағы мәселе екенін атап өтіп, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына баса назар аударды.
Жұмыс сапары аясында Ербол Қарашөкеев Боранды стансасы маңында автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан жол өткелінің құрылысымен де танысты. Сондай-ақ Ақтоған ауылындағы «Ренесанс» шаруа қожалығында болып, ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Облыс әкімі нысандарды аралау барысында жауапты тұлғаларға барлық жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтау, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Жұмыс сапары барысында Ербол Шырақпайұлы Жуалы ауданының Қайрат ауылында тұрғындармен кездесу өткізіп, елді мекеннің өзекті мәселелерін тұрғындармен бірге талқылады.
Басқосу Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес еркін форматта ұйымдастырылды. Кездесу барысында аудан тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көкейде жүрген сауалдарын тікелей облыс әкіміне жолдады.
Алдымен өңір басшысы облыстың даму жоспары мен биылғы төрт айда қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, өңір экономикасында тұрақты өсім сақталып, негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін қалыптасқан. Жыл басынан бері экономикалық өсім 17,9 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 20,6 пайызға, құрылыс жұмыстары 27,3 пайызға, көлік саласы 17,5 пайызға, сауда 4 пайызға, байланыс қызметтері 3,8 пайызға, ал ауыл шаруашылығы 2,2 пайызға ұлғайған.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда. Биыл бұл салаға облыстық бюджеттен 32,6 миллиард теңге субсидия бөлінген. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 65,1 миллиард теңгеге жетсе, өсімдік шаруашылығында 665,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2026-2028 жылдары жалпы ұзындығы 1 298 шақырымды құрайтын 236 канал қайта жаңғыртылмақ. Қазір 71 канал бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, жүзеге асырылуда.
Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер байқалады. Ет өндірісі (тірі салмақта) 1,9 пайызға, сүт өндірісі 1,8 пайызға өссе, жұмыртқа өндіру көлемі 35,7 пайызға артқан. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 380-нен астам жобаны қаржыландыру үшін 7 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.
Халықты тұрғын үймен қамту бағытында да нақты жоспарлар белгіленген. Жыл соңына дейін 770 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік осал топтар үшін 4,9 миллиард теңгеге 350 пәтер сатып алынбақ.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі бүгінде өңірдегі 357 елді мекеннің барлығы сапалы ауыз сумен қамтылғанын айтты. Сонымен қатар 284 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейі 91,8 пайызға жеткен.
Жұмыспен қамту саласында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Төрт айдың ішінде 9,1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 7,4 мың адам тұрақты жұмыс орнын тапқан. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 10,2 мың адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде биыл облыста 11 білім беру, 3 денсаулық сақтау және 12 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.
Кездесуде Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданының әлеуетіне ерекше тоқталып, оның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы, егістік алқаптары мол, сондай-ақ көлік логистикасы мен туризмді өркендетуге мүмкіндігі зор өңір екенін атап өтті.
Жиын барысында тұрғындар ауылішілік көшелерді жөндеу, жаңа мектептер мен спорт кешендерін салу, инфрақұрылымды жақсарту секілді мәселелерді көтерді. Облыс әкімі әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен өтініштердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Жолдауларында өңірлердің орнықты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдердің үйлесімді іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Халық игілігі жолында атқарылған әрбір іс – қоғамдағы бірлік пен татулықтың, өзара сенім мен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бүгінгі жетістіктердің барлығы тұрғындардың қажырлы еңбегі мен ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігерінің нәтижесі, – деді облыс әкімі.
Иә, облыста атқарылып жатқан оң істер көңіл қуантады. Бұл орайда Батыр Бауыржан Момышұлының туған топырағы Жуалы ауданындағы игі істер жан жадыратпай қоймайды.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
