Алайда велосипед мінудің түрлі қатері бар екені рас. Оған кейінгі жылдардағы статистика нақты айғақ бола алады. Өткен мамыр айының өзінде Астанада екі адам велосипед мініп жүріп автокөліктің астына түсіп, қайтыс болды. Демек, велосипед мінушілердің де, жүргізушілердің де мұқият болмағы өзекті деген сөз.
Статистика деректеріне сенсек, елімізде балалар мен ересектерді қоса есептегенде шамамен 100 мыңдай адам велосипед мінеді. Бірақ олардың барлығы велосипедшінің де жол қозғалысының толыққанды қатысушысы екенін біледі десек, артық айтқандық болар еді. Тіпті, велоәуесқойлардың басым бөлігі жол ережесін бұзғаны үшін өздеріне айыппұл салынуы мүмкін екенінен хабардар болмауы да ықтимал. Ал жол қозғалысы ережесін бұзу тек айыппұлмен шектелмейді. Өкінішке қарай кейде ереже бұзу адам өмірін де қиып жатады. Мысалы, Астана қаласында 26 мамыр күні 11 жастағы бала, 30 мамырда 35 жастағы ер азамат велосипед мініп жүріп көлікке соғылды, салдарынан екеуі де көз жұмды. Ал былтыр еліміз бойынша велосипедшілер мен электросамокат жүргізушілерінің қатысуымен 210 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Бұл оқиғалардың 116-сы Алматыда, 45-і Астанада тіркелген. Алайда Ішкі істер министрлігі әдетте велосипед пен эклектросамокат мінгендердің оқыс оқиғаларға ұрынуы жөніндегі аймақтар бойынша деректерді ресми түрде таратпайтынын ескеру керек. Көбіне жалпы мәліметтерді ғана ұсынады. Ал жалпы велосипед мініп жүріп оқыс оқиғаларға көбіне балалар мен жасөспірімдер ұрынып қалатыны жасырын емес.
Айталық, былтырғы жылдың алғашқы бес айында Астанада велосипед мінген балалардың қатысуымен 43 рет жол-көлік оқиғасы болған. Биылғы бес айда мұндай оқиға 52-ге жетіпті. Яғни, былтырғымен салыстырғанда 20,9%-ға өсті деген сөз. Салдарынан 53 бала зардап шегіп, бір бала көз жұмды. Бұл статистиканы өткен аптада Астана қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов айтты. Ал жаздың енді басталғанын ескерсек, оқыс оқиғалар саны күзге дейін біршама көбеюі мүмкін. Сондықтан велосипедшілердің де жол қозғалысы ережесіне мұқият болуы керек.
Ережені ескеру қажет
Әдетте көбіміздің жол-қозғалысы ережелерін тек көлік жүргізушілерге ғана қатысты норма ретінде бағалайтын кездеріміз болады. Іс жүзінде бұл ережелерге көлік жүргізуші де, велосипедші де, жаяу жүргінші де бағынуы керек. Өйткені аталған ережелер адам өмірін сақтауға бағытталған. Ережеде жол-қозғалысына қатысушылардың барлығының құқығы ескеріледі. Мысалы, велосипедшінің кесірінен жол-көлік оқиғасы тіркелсе, олар да жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзған велосипедшіге 2 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл шамамен 8 650 теңгені құрайды. Егер ереже бұзудың салдарынан басқа адамның денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе немесе материалдық шығын келсе, айыппұл 10 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 43 250 теңгеге дейін өседі. Ал осындай құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК (шамамен 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы немесе әкімшілік қамау қолданылуы мүмкін.
Жалпы, велосипедшінің веложолмен немесе жолдың оң жақ жиегімен жүруі міндеттелген. Әрі велосипед жылдамдығы сағатынан 20 шақырымнан аспауы керек. Жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етілгенімен, оның да нақты талабы бар. Велосипедші өзгелерге қауіп төндірмеуге тиіс. Сонымен қатар велосипедпен қараңғыда жүру үшін алдынғы жағында жарық шамдары, артында кемінде қызыл жарықты шам немесе жарық шағылыстырғыш болуы керек. Сондай-ақ велосипедтің бүйірінде де жарық шағылыстырғыштар болуға тиіс. Велосипедші қорғаныс дулығасын киіп жүруге міндетті. Жаяу жүргіншілер өткелінен өтерде велосипедтен түсуі керек. Рөлді ұстамай немесе бір қолмен ғана ұстап жүруге, велосипед мінгенде құлаққап тағып жүруге болмайды. Бірақ көп адам мұндай ережелерді ескермейді немесе кейін еске алып жатады. Бізге пікір білдірген әуесқой велосипедші Мирас Жандосов жол ережелерін әу баста ескермегенін де мойындады. Кейін мұқият болуды үйреніпті.
«Бір күні кешке жұмыстарымды бітіріп, үйге қайтып келе жатқанмын. Веложолмен жүріп, жол қиылысында бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрдым. Жасыл жанып енді жолдан өтейін деген кезде бір көлік жүргізушісі маған жол бермей, бұрылып кетті. Мен бірден велосипедті тоқтатып, соқтығысудан аман қалдым. Осыдан кейін жолдан тек велосипедтен түсіп өтетін болдым», – дейді М.Жандосов.
Әрине, кейіпкеріміз өз қателігін дер кезінде аңғарған. Алайда мұндай қателік жасайтындар көп кездеседі. Ал полиция қызметкерлері әдетте оларға көбіне ескерту ғана жасайды. Шамасы, велосипедшілер өз қателігінен сабақ алсын дейтін болса керек. Тиісті сала қызметкерлері кейіпкерімізге де ескерту жасаған кез болыпты.
«Иә, бір рет болды. Кешкі уақытта жарық шамымды қоспай жүргенімді полиция қызметкері байқап қалды. Ол мені тоқтатып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Айыппұл салынған жоқ, тек ескерту жасады. Қазір велосипедімнің алдыңғы және артқы жарық шамдарын үнемі қосып жүремін», – дейді кейіпкеріміз.
Ал біз сөз басында айтып өткен жол-көлік оқиғалары велосипедшілердің жүк көлігіне соғысуының салдарынан болды. Осы тұста жүк және жеңіл көлік жүргізушісі Мейірбек Тойбаев екі жақтың да абай болуы қажет екенін айтты.
«Меніңше, екі жақ та кінәлі болуы мүмкін, өйткені екі жақ та өте сақ болуы керек. Мысалы, велосипед жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткеліне келген кезде «мені жібереді» деп өте сенімді болып, велосипедтен түспей өтіп кетеді. Өйткені велосипедтің немесе самокаттың жылдамдығы жоғары болады. Ал көлік жүргізушісі ар жақтан келе жатқан велосипедшіні түзу өтіп кетеді деп ойлауы мүмкін. Бірақ велосипед немесе самокат жүргізушісі кенеттен бұрылып, жасыл түске қарай жүріп кетеді. Ал көлік белгілі бір жылдамдықпен келе жатады. Оның тоқтау қашықтығы бар, сондықтан қанша тежегіш басқанымен, жол-көлік оқиғасы орын алуы мүмкін. Көлік жүргізушісі де, велосипедші де жылдамдығын азайтпай, екеуі де «бағдаршамның жасыл түсіне үлгеремін» деуі ең қауіпті сәт», – дейді Мейірбек Тойбаев.
Сонымен қатар кейіпкеріміз ЖКО кезінде көбіне көлік жүргізушілері айыпталатынын айтады.
«Бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан велосипедшіні көлік қағып кетсе, заң бойынша көбіне көлік жүргізушісі кінәлі болып саналады. Мұндай жағдайда велосипед жүргізушісінің әрекеті заң тұрғысынан әрдайым ескерілмеуі мүмкін. Сондықтан велосипед жүргізушісі де, жаяу жүргінші де жүргізушіге белгі беріп, жүргізушінің оны көргеніне көз жеткізуі керек. Яғни, бағдаршамға келген кезде тоқтап тұрса да, жүргізушінің жол беріп, не бермей тұрғанын анықтап алған дұрыс. Ештеңеге қарамай, «менікі дұрыс» деп өте салуға болмайды. Әр адам, әр велосипед жүргізушісі өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға тиіс», – дейді ол.
Біз велосипедшілердің ішінен балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл аудардық. Себебі балалар бұндай жағдайлардың қауіпті екенін әрдайым түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан ата-ана балаға жол қауіпсіздігі туралы көбірек айтқаны абзал. Сонымен қатар мектептерде және басқа да қоғамдық орындарда осындай тақырыптарға байланысты сабақтар мен практикалық іс-шаралар көбірек өтізілгені дұрыс шығар. Әсіресе, жүк көліктерінен сақтану өзекті болып тұр. Мамырда қаза тапқан бала жүк көлігінің астына түсіп қалған болатын. Демек, жол қозғалысы ережесін үйрету барысында жүк көліктеріне ерекше назар аударған жөн шығар. «Жүк көлігін жүргізу жеңіл көлікке қарағанда қиынырақ. Олардың көріну аймағы да шектеулі. Жүргізушінің назары көбіне көлікті басқаруға ауатындықтан, бұрылыстарда және бағдаршам маңында жаяу жүргіншілер мен велосипед жүргізушілері ерекше сақ болуы керек. Әсіресе, үлкен жүк көлігі немесе автобус келе жатқан кезде мұқият болған жөн», – деді Мейірбек Тойбаев.
Қауіпсіздікке инфрақұрылым да әсер етеді
Негізі, велосипедшілердің қауіпсіздігі туралы сөз еткенде инфрақұрылым мәселесіне де назар аудару керек. Өкінішке қарай, еліміздің көптеген қаласында велосипедке арналған толыққанды инфрақұрылым жоқ. Астананың өзінде барлық ауданда заманауи велосипед жолдары жеткілікті деуге келмейді. Рас, қалада ұзындығы 23 шақырым болатын әдемі веложол бар. Бірақ көптеген көшеде арнайы жолдар әлі де жетіспейді.
Алматыдағы веложолдардың жалпы ұзындығы 100 шақырымға жақындады. Шымкент, Қарағанды, Өскемен қатарлы бірқатар қалаларда да бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Алайда веложолдар салынбаған көшелер барлық қалада бар. Әрі қалалардағы веложолдар фрагменттелген, яғни бір-бірімен толық жалғасып жатқан жоқ. Ал велосипедшілер күн санап көбейіп келеді. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі күн өткен сайын өткір бола түсуі мүмкін.
Әуесқой велосипедші Мирас Жандосовтың ойынша, қауіпсіздік деңгейін төмендетіп отырған басты мәселе – тиісті инфрақұрылымның жеткіліксіз болуы.
«Менің ойымша, басты мәселе – барлық жерде веложолдардың болмауы. Әсіресе, оң жағалауда веложолдар мүлдем жоқ десе де болады. Сондықтан кейбір көшелерде велосипедпен жүру ыңғайлы болса, кейбір жерлерде көліктердің арасымен жүруге тура келеді. Бұл ересек адамдар үшін қауіпті болса, балалар үшін тіпті қорқынышты», – деп кейіпкеріміз пікір білдірді.
Әрине, инфрақұрылым мәселесі ірі қалалар мен облыс орталықтарында кезең-кезеңімен реттелуі мүмкін. Бірақ әзірге велосипедшілерге арналған арнайы жолдар ауылдықтар үшін әлі де арман күйінде қалатын сияқты.
Велосипед – экологиялық таза әрі қолжетімді көлік. Алайда оның қауіпсіздігі тек велосипедшінің сақтығына ғана емес, жол қозғалысы мәдениетіне және инфрақұрылым сапасына да байланысты. Сондықтан жүргізушілер де, велосипедшілер де жол ережелерін қатаң сақтап, ал жергілікті билік қауіпсіз велоинфрақұрылымды дамытуға басымдық бергені жөн. Сонда ғана қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады.
Нұрай ТІЛЕК,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті
