Заңсыз өндірістің жалпы аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылғаны белгілі болды.
Түркістан облысында түтінсіз темекі өнімдерінің заңсыз өндірісі әшкереленді
269
оқылды

Облыс прокуратурасының үйлестіруімен Түркістан облысында азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тыйым салынған шегілмейтін темекі өнімдері – «насвай» мен «снюсті» заңсыз өндіру және тарату фактілері анықталып, жолы кесілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел-іздестіру  шаралары нәтижесінде Келес және Ордабасы аудандары аумағында орналасқан үш бірдей жасырын өндіріс орны анықталып, олардың заңсыз қызметі тоқтатылды.

Заңсыз өндірістің жалпы аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылғаны белгілі болды. Өндіріс орындарында күнделікті шамамен 20 адам жұмысқа тартылып отырған. Ал дайын өнім еліміздің әртүрлі өңірлеріне тұрақты түрде жөнелтіліп келген. 

Тінту шаралары кезінде заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 миллион дана қаптама материалы, түрлі хош иістендіргіштер мен химиялық қоспалар, сондай-ақ өндірістік жабдықтар тәркіленді.

Сарапшылардың бағалауынша, тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 миллион дана бір реттік шегілмейтін темекі өнімдерін өндіруге жеткілікті болған.

Сот санкциясымен күдіктілердің заңсыз жолмен тапқан табысына шектеу қойылды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық істер сотта қаралып, айыптау үкімдері шығарылды. Үкімдер заңды күшіне енді.