Бала москит торына сүйенген кезде төмен қарай құлап кеткен.
"Анасы асүйге кіріп кеткен": Ақсуда екі жасар сәби терезеден құлап, қаза тапты
фото: www.istockphoto.com
315
оқылды

Павлодарлық дәрігерлер көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен екі жасар баланы құтқарып қала алмады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

11 маусым күні Ақсу қаласында екі жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Сәби үйде анасымен бірге болған. Ал анасы дайындалып жатқан түскі асқа қарау үшін асүйге бір сәтке ғана шыққан. Осы уақытта бала терезе алдына шығып, москит торына сүйенген кезде төмен қарай құлаған.

Ауыр жарақат алған бала алдымен Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне, содан кейін сол күні Павлодарға жеткізілген. 

Өңірлік Полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жас баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Барлық мән-жайлар анықталып жатыр. Нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданады",  деп атап өтті Павлодар облыстық Полиция департаменті.

Сонымен қатар  дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен бала ауыр бас-сүйек жарақатына байланысты өте ауыр жағдайда болған. Дәрігерлер оны құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Барлық күш-жігерге қарамастан, бүлдіршін көз жұмды.

"Өкінішке қарай, 2023 жылы туған бала ота кезінде қайтыс болды. Алған жарақаттары өте ауыр болды", деп түсіндірді Павлодар облыстық балалар ауруханасы.