Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Ол өзіне тиесілі пәтер мен балаларының мүлкін қайтаруды талап етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтуынша, осы уақытқа дейін жүктілігіне байланысты үнсіз келген. Алайда қаржылық қиындыққа байланысты талап етіп отыр. Ол балалары аш қалып, өзіне қажетті дәрі-дәрмекті де сатып ала алмай отырғанын айтты.
«Осы уақытқа дейін құрсағымда көтерген балам үшін үндемей, сабыр сақтадым. Енді Шавкаттың анасы менің пәтерімді және балаларға тиесілі дүниені қайтарсын. Мен ұлымды қайтардым, енді менің пәтерімді қайтарыңыздар. Адвокатыммен байланысып, мәселені бейбіт жолмен шешейік», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Гүлайым өзіне қарсы бағытталған қорлайтын бейнежазбалар мен фотосуреттер бар екенін айтып, егер жауап болмаса, тиісті орындарға жүгінетінін ескертті.
«Сіздердің кесірлеріңізден балаларым аш отыр, дәрі-дәрмек алуға шамамыз жетпейді. Ертең хабарласасыздар деп үміттенемін. Әйтпесе, қажетті органдарға жария түрде жүгінемін. Мені бақылап, жазбаларымды оқып отырғандарыңызды білемін», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Гүлайым Рахмонова Шавкат Рахмановпен ажырасқанын мәлімдеген болатын. Ол ажырасқаннан кейін бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын айтқан.
