Көкшетауда Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, педагог-жазушы әрі қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің есімін ұлықтауға арналған маңызды іс-шара өтті.
Көкшетауда Мәлік Ғабдуллиннің ерлігін ұлықтады
287
оқылды

Ақмола облысы мәдениет басқармасына қарасты Мәлік Ғабдуллин музейінің бастамасымен және әскери құрылымдардың қолдауымен бір күнде екі нысан – Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде Мәлік Ғабдуллин атындағы мәжіліс залы мен ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана ашылды,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Алғашқы салтанатты шара Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өтті. Жиында департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Өтепов, запастағы полковник Жанат Ережепов және полковник Дуанбай Ыбырай батыр мұрасының әскери-патриоттық тәрбие ісіндегі маңызына тоқталды.

Мәлік Ғабдуллин атындағы мәжіліс залының ашылу рәсіміне Жанат Ережепов, Ерболат Өтепов және ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенов қатысты.

Жаңа мәжіліс залында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхамед Қонқаев батырдың өмірі мен ғылыми мұрасы туралы баяндама жасады. Ал Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек батырдың өміріндегі көпшілік біле бермейтін деректер мен оның ұлттық руханиятқа қосқан үлесі жайында әңгімеледі.

Іс-шара дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтің орындауындағы «Жас қазақ» әнімен қорытындыланды.

Сол күні ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Іс-шарада әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов пен ІІМ Құрметті ардагері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Хабибулла Ғазизов сөз сөйлеп, батыр тұлғасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды.

Дәрісхананың лентасын ІІМ Құрметті ардагері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Хабибулла Ғазизов, әскери бөлім командирі, полковник Берік Қожахметов пен генерал-майор Жұмабек Хасенов қиды.

Қатысушылар назарына 1943 жылы Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеннен кейін түсірілген тарихи деректі фильм ұсынылды. Сондай-ақ музей директоры Мұхамед Қонқаев, генерал-майор Жұмабек Хасенов және ақын, өлкетанушы Құдайберлі Мырзабек батырдың өмірі мен мұрасы жөнінде мазмұнды ойларын ортаға салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі нысанның да басты мақсаты – Мәлік Ғабдуллиннің батырлық және ғылыми мұрасын насихаттау, жастар мен әскери қызметкерлердің бойында отансүйгіштік рух қалыптастыру.

Көкшетауда ашылған жаңа мәжіліс залы мен дәрісхана – елдік пен ерлікті ұлықтаған батыр мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеуге бағытталған маңызды рухани орталыққа айналары сөзсіз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы