Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында құдықтан денесі табылған 20 жастағы жігіттің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл іске оның 15 жастағы туған інісі қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Информбюро-ға сілтеме жасап.
Марқұмның жақындарының айтуынша, 30 мамырда жігіт үйінің есік алдына төсегін салып, далада түнеген. Бірақ таң атқанда 20 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалған. Туыстары оны іздеуге кірісіп, тек бір тәуліктен кейін су құбырының құдығынан денесін тапқан. Жігіттің денесі көгерген, мойнында жіптің іздері болған.
"Сыртында ала көрпесі болады. Соны көрпеге тұншықтырып енді, ол бір адамның ісі емес. Өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайыншы дедім. Сол кезде оның мына жерінің бәрінде көгерген дақ тұр. Ол бір адамның ісі емес. Ол жаны шығамын дегенше алысқан ғой, 2-3 адаммен. 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр", – деді марқұмның анасы.
Дегенмен отбасы құқық қорғау органдарының бұл шешімімен келіспей отыр. Олар мектеп оқитын баланың өз ағасына қастандық жасауы мүмкін емес екенін айтады.
"Үйде ақша ұрланып жатыр дедік. Екі күн бұрын ақша ұрланса да, үйде ақша қай жерде тұрды деп те ешкім сұрамайды. Түнде үште күдікті жүрген деп айтасың, оны іздемейді. Айналып кішкентай балаға жабысып тұр ғой. Не істерімізді білмей қалдық. Баламның қайғысы жайына қалды. Қайғымыз мына бала болып кетті", – деді марқұмның әкесі.