Тұран ойпатының тең ортасы – көк орай шалғын, жасыл желек оранған тұсында тарихы көне Торғай өлкесінің Амангелді атындағы тарихи ауданы бар. Оның кешегі патшалық заман мен кеңестік кезеңнің 28-жылына дейін «Батпаққара» деп аталғаны белгілі. Торғай, Жалдама, Сынтас өзендерінің тарам-тарам салалары жыл он екі ай оның алқабын суландырып, көктемгі қар мен тасқын сулары молынан-ақ жуып өтеді. Қамыс-қоғалы, қалың ешкі-көктал мен тобылғы-жыңғыл, жабайы шие мен тораңғыл өскен, ішінде неше түрлі аң мен құстар мекен етіп, ең ғажабы сонау ерте жылдары жыландар жайлаған, сулы-қорысты үлкен алқап – аяғы батысқа қарай созыла келе, Мұқан түбек, Смайыл, Шақпақ, Бес тарау деген батыс бағыттағы жерлерге жеткенде ашық далаға ұласады. Иесіз жатқан құнарлы алап бүгінге дейін 7,5 мың гектар жерді алып жатыр. Өткен ғасырдың басына дейін осы жерде күнкөрісі тікелей малмен байланысты бірен-саран дәулетті қазақ отбасылары өздеріне қараған ағайын-туыстарымен, жалшы-жұмысшыларымен тіршілік жасапты. Батпаққара жерінен қашықтау өзен-сулар бойын жайлаған елдің ілуде біреуі ғана шаруасына ыңғайлап, әр жерден шым-саман кірпіштен қоныс-қыстау салып, өмір кешкенін 150 жылдық аудан шежіресінен білеміз. Амандық болса, енді екі жылдан кейін тарихи аудан өзінің 1928 жылы 17 қаңтарда өз алдына шаңырақ көтеріп, жеке аудан болып құрылғанының 100 жылдығын атап өтпек. 1936 жылдан бері аудан Халық батыры Амангелдінің есімімен аталуын ұрпақтары – біз теңдессіз мақтаныш тұтамыз.
Өте тереңге кетпей, екі жүз жылдай өткенге шегініс жасап, тарих тұңғиығына жүгінсек. Осы тұтас өңір тіршілік-тұрмысының бастауын оның тарихи тұғыры болған Торғай қаласының (дуан-бекініс болу) шежіресінен бастауымыз заңды. Оның іргетасы 1845 жылдың 22 шілдесінде қаланған екен. Алғашқы тұрғындары «қарашекпенділер» – орыс босқындары мен атты казактар болыпты. Кейінірек оларға ілесе саудагер-татарлар келіп орналаса бастайды. 1855 жылы Торғайда бірінші көпес – Яушевтердің сауда орындары ашылады. 1876 жылы қалада 570 тұрғын болса, 1902 жылы 1 180 адамға жетеді. Алты қысқа көшесі бар қаланың терістігінде, алыстан көрінетін төбесіне крест қойылған православтар шіркеуі болыпты. Торғайдың ресми түрде қала атануы 1868 жылы болса керек, оған дейін «Торғай бекінісі» қосақталып-қосарлана «Орынбор бекінісі» деп те аталып келген. Мұсылмандар мешіті кейінірек салынады. Ағартушы-ұстаз Ы.Алтынсариннің осы жерде тұңғыш 1864 жылы мектеп ашуына орай оқу-ағарту ісі де дами бастайды. Ы.Алтынсариннің басшылығымен кәсіптік училище, қыздар мектебі ашылады. Торғай кәсіптік училищесінде кезінде Ә.Жангелдин, қыздар мектебінде белгілі Нәзипа Құлжанова мен Айсұлу Досжановалар оқыған. «Далалық өлке» («Степной край») атанған «Торғай облысы» әкімшілік аймағының көлемі патшалық кезеңде тым ұлан-ғайыр болғанын бүгінгі ұрпақтың бәрі бірдей біле бермейді. Облыстың жер шегі ол кезде Қостанай, Ақмола, Жезқазған, Ақтөбе, Орынбормен шектескені тек тарихи карта-деректерден ғана белгілі. «Торғай дуан-бекінісі» – осы өлкенің орталығы саналғанмен, мұнда губернаторлар тұрмаған. Олар облысты кіші Ресейге жақын шойын жол қатынасы бар қалада отырып басқарған.
Батпаққара өңірін елді мекен жасауға бірден-бір қолқайыр-көмегі тиген, қам-қарекеттерінің ғұмыры ұзақ болған және оң нәтижелер берген ұлан-ғайыр істің иесі Ғабдоллаұлы Сатыбалды ишан болатын. Бұл кісі кім еді? Сатыбалды ишан оңтүстік өңір – Қазығұрт, Сайрам аймағында ислам дінін уағыздаушылардың бірі, өзінің 72 жас саналы ғұмырының 40 жылға таяу уақытын діни қызметке арнаған, халықты мұсылманшылыққа насихаттаған бірегей тұлға еді.
Әңгіме-естелігіміздің басты кейіпкері – Сатыбалды Ғабдоллаұлы 1826 жылы сол замандағы Торғай уезі Қайдауыл болысының Шомақ Қарасуы деген жерінде дүниеге келген. Ишан бабамыздың есім-сойының Сатыбалды деп аталуының ел аузында өзіндік тарихы бар. Руы – Ұзын Қыпшақтың Алтысы. Ұзын атадан: Алтыс, Алтыбас туады. Алтыстан Келімбет, одан кейінгі анадан төрт ағайынды жігіт: Құлдербес (лақап аты Құттық), Өзен, Самар, Сығай (лақап аты хан Сығай) туған. Сатыбалды ишан осылардың хан Сығайына жатады. Әкесі Ғабдолланың балалары туып, көп ұзамай шетінеп кете берген екен. Жасы елуге келгенде Мұғалима (Ұлмас) деген бір қыз көреді. Одан кейін Сатыбалды туады. Бала шыр етіп, дүниеге келген күні немере ағасы Шомақ пен оның кемпірі сәбидің кіндігі кесілісімен қазақтың ежелден келе жатқан ырымымен етегіне орап алып, үйілеріне алып кетеді. Сәби қырқынан шыққаннан кейін ғана Шомақ пен кемпірі баланы құндақтап алып, Тәңірден тілек тілеп, жеті ошақтың астынан өткізіп, ауылдың шетінен түсіп, жар салады: «Бала сатамыз, бала сатамыз – кім алады?!» – деп. Сонда Ғабдолла атамыз ағасы мен жеңгесіне қара нарға қалы кілем жауып, қазақи тарту-таралғысын жасап, баланы сатып алады. Атын ырымдап, азан шақырып Сатыбалды қояды.
«Құдайдан бір, адамнан бір сұрап алған» Сатыбалдының қатарынан кем болмай, 8-10 жасқа толған кезінде ата-аналары кезегімен дүниеден өтеді. Кіндік әкесі Шомақ қарт тағы да жасөспірімді қайыра өз қамқорлығына алады. Бір күндері бабасы Ақбура жас жеткіншектің түсіне кіріп, аян береді: «Сен, Сатыбалды шөберем, Тәшкен, Бұхара жаққа барып оқу оқы, дін исламның жолына түс!» – дейді. Сатыбалды көрген түсін Шомақ атасына айтады. Шомақ қарт оған «онда сен алдымен туған апаң Мұғалимаға бар!» – дейді. Мұғалима Торғайдың Тосын құмындағы, арғын ішіндегі Қарабас Бақтыбай деген кісіде тұрмыста екен. Апасы қарсы алып, інісін ауылындағы молдадан бір жыл оқытады. Жасөспірім Шомақ әкесінен рұқсат алып, Ташкентке оқу іздеп шығады. Алыс жолда «Шыршықтың» маңайында ұры-қарылардың талауына түсіп, мінген түйесі мен жол азығынан айырылады. Алайда басына түскен қиындықтың бәріне төзіп, біреуден-біреуге ілесіп, жаяулап Ташкентке жетеді. Кәсіп істейтін кісілерге жалданып, күнін көре жүріп, талабының арқасында сондағы медресеге оқуға түседі. Қолы боста жақын жердегі шайханаға сушы, отыншы, шай қайнатушы болып жалданады. Екі жыл оқығаннан кейін ұстазы оған көңіл аударып, сабаққа жақсы, бірақ киім-кешегі нашар баланы сөзге тартып, жайын сұрайды. «Бала етейін – маған бала боласың ба?» – деп сұрайды. Сатыбалды бұл ұсынысқа шын ықыласымен келісім береді. Ұстаз әкесі Ташкенттегі оқуды бітіргеннен кейін оны Бұхараға тағы діни оқуға жібереді. Мейірімді мұсылман қария Сатыбалдыны бас-аяғы 14 жыл оқытады. Бұхарадағы оқуын бітіргесін бір өзбек қызына үйлендіреді. Сатыбалды ишанның некелі үш әйелінен 9 ұл-қыз туып, ұрпақ таралған. Бұл әулеттің «азап» пен «тозақты» көрген кезі кешегі «ақтаңдақ» – саяси қуғын-сүргін жылдары. «Ұзын құлақ», «жан алғыш» кеңестік ГПУ-дың құрығы «Сайрам» жақтағыларын да жай қалдырмаған, олар да неше түрлі қиын-қыстауға ұшырады. Тарихтан белгілі, ашаршылық жылдары, Екінші дүниежүзілік соғыс, сан алуан аласапыран, қиын-қыстауларда ұрпақтардың бауырластық байланысы үзілген. Кейінгі шөбере-шөпшектер мүлде жат болып кетті. Тек саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталғаннан кейін ғана ұрпақтардың бір-бірін іздеуіне жол ашылды. Біз әңгімелеп отырған ата-әулет қазір «ит арқасы қияндағы» өз ұрпақтарын тауып-танып отыр.
Сатыбалдыны асырап алған әкесі ғұлама кісі екен. Баласын сол замандағы Орта Азия мұсылмандары діни басқармасының алқа мүшелері алдында сынақ тапсырттырып, нәтижесінде ғұлама-ғалым ретінде ишан атағын алады. Заманында ишан атағы қожа әулеттерінен шыққандарға ғана беріліп келген. Ресейлік отарлау саясатының ықпалымен сол кездерден бастап өздерін ғұлама-оқымысты тұлға ретінде таныта алған қазақтар мен орта азиялықтарға да ишан атағы беріле бастапты. Қазақтардан шыққан Науан Таласұлы, Сатыбалды Ғабдоллаұлы, сосын Марал Құрманұлы сияқты кісілердің әулие-ишан атануы осы кезеңге тура келеді. Аталған діни ғұлама-ғалымдар ел арасында ағартушылық ұрығын сепкенін білеміз. Олар халық санасында ұлттық бірегейлік сезімді өрістетті, өздерінің дін тұғырындағы қызметін қоғамның, өз халқының түпкілікті мүддесімен үйлестіруге күш салды. Қожа-молдалардың арқасында қолы жеткен, орайы келген әрбір ұлттың адамдары Құран қаріп-әліпбиімен сауатын ашты, хат таныды.
1862 жылы 34 жастағы Сатыбалды ишан алғаш рет Мекке-Мәдинаға қажылыққа барады. Бұл кез ишанның Сайрам жерінің ордалы жыландар жайлап, бос жатқан Қарауыл оба деген жеріне дұға оқуымен жыландарды көшіріп, мешіт, медресе салдырған мезгілі екен. Маңайынан ор қаздырып, оны қоршатып, Қазығұрт тауынан ағып жатқан суды бұрғызып, су диірмен орнаттырған. Қоршалған жерге түрлі жеміс-жидек ағашын ектіріп, қалған жерлеріне бидай, жүгері, бау-бақша салдырған. Шыққан Қыпшақ тегіне байланысты діни қызметкердің есімі сол елдің тұрғындарына Қыпшақ ишан болып тараған. Алла Тағаланың пендесіне сыйлаған кереметі мен «тылсым күшін» меңгеріп, таңғажайып құбыластар көрсетуіне ел куә болады.
Сайрам жақта соншалықты ғұмыры өткен Сатыбалды ишанның «Қыпшақ ишан» атанған осы даңқы Қазығұрт, Сайрамнан асып, атажұртына да жетеді. Қыпшақ деген сөзді естіп, оның руластары «Бұл кім өзі?!» – деп, оның шын ата-тегін білгілері келеді. Жетім болып, жоғалып кеткен, бірақ есімі Сатыбалды дегенді еміс-еміс білетіндер үміті оянып, елеңдей бастайды. Бірақ Сыр, Сайрам елінде осынша даңқты болғанына біреу сенеді, біреу сенбейді. Атын естіп, дүрліккен ел не де болса оны тауып, ата-тегін әбден біліп, егер шын елден кеткен бала осы болса, үйірге қосудың әрекетіне кіріседі.

ХІХ ғасырдың 70-жылдары Торғай аймағын төреден шыққан Сүлеймен деген правитель басқарып тұрыпты. Осы кезде елдің үлкендері оған «біздің төңірекке ағартушылық тапсырмамен келген бірен-саран қожалар мен Қазан-Уфа, Тройцкі жақтан келген татар молдаларынан гөрі осы өңірге тұрақты-тұрғылықты, туған топырақтан шыққан бір дін қызметкері табылса» дегенді айтып жүреді екен. Біреуден біреу естіп, ел арасында осыдан 40 жылға таяу бір жас жігіттің мына Батпаққарадан оңтүстік жаққа діни оқуға кеткеннен оралмағанын, алайда ел арасында тараған әңгімеге қарағанда Сайрам жақта «Қыпшақ ишан» деген есіммен, үлкен ғұлама-дін қызметкері қызмет атанғанын айтады.
Аймақ билеушісі Сүлеймен төре бірер жылғы «құлақ түріп» жүрген зерттеуінен кейін Сүйін Орысұлы деген өзінің тілмаш-қызметшісін сол адамға арнап, хат жазып, туған еліне, жеріне шақырып-алып келуге арнайы тапсырмамен Ташкент, Сайрам жаққа жібереді. Бұл қазақ жерінің қалмақ-жоңғарлар шабуылы әбден тойтарылып-тоқтатылған, алайда отарлаушы орыс патшасының хандықты жойып, сұлтандық басқаруды енгізген, Кенесары хан бастаған қарсылықтардың қырғыз жерінде талқандалғаннан кейінгі, Орталық Азия жерлерінде жаппай бекіністер сала бастаған кезеңі болатын. Құдай сәтін салып, сол іздеу-шақырудың арқасында туған жерін ұмытпаған Сатыбалды ишан Шомақ қарасуына келеді. Жасы елуге таяған ишан көзі тірі қалған ағайын-туысқандарымен көріскеннен кейін кешіктірмей, қалың тоғай болып, ішін әртүрлі аң мен жылан мекен еткен осы күнгі Батпаққара тоғайынан дұға оқып, көптен жайлап жатқан жыландарды көшіреді. Осыған көзі жеткесін ел осы күнгі Амангелді ауданы Жалдама өзенін жағалай үй сала бастайды. Сатыбалдыға Қараторғай болысындағы оқыған, көзі ашық, қыпшақ рулас-туыстары бас болып үй салып береді. Торы Қыпшақ Кәлмен деген кісінің ұрпақтары да тездетіп-асарлап үй тұрғызады. Сол маңның тұрғындарын ұйымдастырумен, қысқа мерзімде шағын мешіт үйін де салып алады. Діни сауаты бар Кәлмен молданы мешітке иман қылып тағайындап, келесі көктемде бала-шағасы қалған Сайрамға барып, көп ұзатпай сол жақтан туған еліне түпкілікті оралатынын айтады. Көп ұзатпай келесі жылы түпкілікті көшіп келеді.
Қазақта: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген даналық сөз бар ғой. «У ішсең – руыңмен» деген аталы мақал тағы бар. Елге оралған ишанды рулы елі «хан көтереді». Қазіргі Амангелді кенті тұрған жер ол кезде әлі ел қоныстанбаған ашық дала, осы күні де негізі бар Үрпекпен екі арадағы қалың, жабайы-көкталдар – сол заманнан келе жатқан ну тоғай, қалың қамыс-құрақ, шөбі мол үлкен-үлкен алаңқай-шабындық жерлер. Сол табиғи байлық күні бүгінге дейін мал мен жанның ырыздық-несібесі болып келеді.
ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап Батпаққара төңірегінде Сүйін ауылы пайда болып, ал Амангелді ауданының орталығы болып тұрған жер «Сатыбалды ишан ауылы» деген жаңа қоныс-ел болып, қалыптаса бастайды. 1916 жылғы патшаға қарсы көтерілген мың-мың халықтың Қайдауыл, Қараторғай болыстары, Батпаққара, Торғай, Жыланшық, Жалдама, Тасты, Қарынсалды, Қабырға, Сынтас өзендері бойларын жайлаған алты болыс Қыпшақ, төрт болыс Арғын, екі болыс Найман руларынан болуы – ел мен жердің қасиеті, сол жерлерден шық-қан, мәңгілікке де сол аймақта тыныстап жатқан «аруақ қонып, нар шөккен» киелі аруақты бабалар рухының қолдауы екенін біз – ұрпақтары шүбәсіз қастерлейміз.
Патшалық Ресей дәуірінде Торғай жерінен Дүйсен Тамшыұлы деген Арғын руының белгілі адамы бастап, бір топ кісі қажылыққа барған. Қажылық парызды өтеу кезінде топ ішінен Шәкет деген қария қайтыс болып, Меккеде жерленеді. Осы қазаны әулиелігімен біліп отырған Сатыбалды ишан елге келгесін топтың үлкені – Дүйсен қажыдан «Дүйсеке, Шәкет ағамызды қалай жерледіңіздер?» деп сұрайды. Сонда Дүйсекең: «Ишеке, мені сынамақ үшін сұрадыңыз ба? Жерлеу кезінде Меккеде арамызда сіз өзіңіз жүрдіңіз ғой, марқұмның намазында алдыңғы сапта тұрдыңыз?» дегені заманында елге тарап, таңғаларлық ұмытылмас аңызға айналған.
Аруақты әулие Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы 1898 жылы күзде артында үлкен алқап, туған ауыл-аймағы – Торғай жерінде кең қанат жайған ислам дінінің рух-сенімін қалдырып, өмірден өткен. Ишан бабаның асыл мүрдесі мәңгілікке Батпаққара – осы күнгі Амангелді ауданының орталығындағы ескі қорымда тыныстап жатыр. Келесі 1899 жылы үлкен ұлы Мырза ишан Ташкенттен арнайы шеберлер алдырып, күйдірілген қызыл кірпіштен қос күмбезді әсем кесенені салдырады. Төргі бөлмесінде Сатыбалды ишан баба жатыр. Екінші бөлмесін Мырза ишан өзіне арнағанымен, 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып, Алматы жерінде атылған. Ол орында ишанның ең кіші баласы Файзолла құран-қари, сол жағында Торы-Қыпшақ Тепекұлы Омар кәлпе жерленген.Ауыл-аймағымызға келген құрметті қонақтардың кесенеге соғып, аруақты бабаға садақа беріп, дұға бағыштамай кеткені болмапты.
Кеңестік үкімет қазақ жерінде голещекиндік «кіші төңкерістің» жалғасқан мезгілі 1935 жылы, әлі де қожа-молдалармен арпалысуы аяқталмаған кезде Батпаққарадағы билік орындарына мешіттер мен діндар адамдардың кесенелерін, ишан мешітін бұзып, материалдарынан кедей-кепшіктерге үй салу, далалық-ауылдық жердегілерін серіктестіктердің мал қораларына айналдыруға бұйрық берілген. Осыларды орындауға кіріскен қолында балта, түрлі құрал-сайман ұстаған екі адамның біреуі Сатыбалды ишан кесенесінің күмбезіне қойылған екі айды құлатқанда, өзі сол биіктен құлап, табанда жан тапсырған. Ал көргендердің әңгімесі бойынша, құлап, есінен танған екінші белсенді едәуір уақыт аруақтың «ауыр азабын» тартып, жаны қиналыпты. Мұны көрген халық Құдайдың хақтығына, бар екеніне сене бастаған.
Мавзолейдің құлатылған екі айын Жақай Махамбетұлы деген ниеті түзу кісі өз үйіне апарып, 12 жыл тығып сақтайды. Кейін ишанның ұлы Құран қари Мұхаммед Файзолла қуғын-сүргін – жаладан әбден құтылып келгесін, 1956 жылы өз қолымен орындарына орнатыпты.
1994 жылы ишан ұрпақтары бабасының ислам дініне қызмет еткен түстік – Сайрамға барып қайтты. Сонда ишан бабалары болған ескі орын – Өтеміс ауылында жаңа мешіт салыныпты. Қайта салынған Құдай үйіне «Қара Қыпшақ мешіті» деген атау берілгенге ұқсайды.
Естелік-жазбамның барысында Сатыбалды ишан-бабаға қарапайым амангелділік, ұстаз-тәрбиеші, осы мақаланың авторы – менің шыққан тегім – Торы Қыпшақ – Иман Көкмұрын Рақпан ата әулетінің қандай жақындығы бар екенін айтып өтсем деймін. Қырдасынұлы Рақпан атамнан тараған Әбдірайым, Әбділда, Жұмабек есімді кісілердің ұрпақтары Ұзын Қыпшақтың Қыржігіт аталығын – ұлы нағашыларымыз деп олардың кез келген азаматына бүгінге дейін құрметпен қарап, сәлем береміз. Өйткені марқұм үлкен әжеміз Гүлжәмила Жамауқызы (1870-1942 ж.ж.) – осы рудың қызы. Әкем Әбдірайымның (Әбілтай) қасиетті-қадірлі анасының Жаратушы Алла берген киелері туралы айтып отыратын әңгіме-естеліктерін естіп-өстік. Ұзатылатын бойжеткендер әжеме келіп, ұзатылу тойлары алдында қос бұрым-шаштарын өргізіп кететін болыпты. Қоштасарда әжемнің «Құдай қаласа, бойжеткенім, шашың отыз күн ойының, қырық күн тойың өткенше бұзылмауға тиіс?!» деп айтқандарын естуші едік. Жүкті жас келіндер босана алмай «қиналса», аяқ жетер жердегі ағайындар көп кешікпей әжемді алдыртатын көрінеді. Жарықтық әжем табалдырықты аттап, үйге кіріп келгенде-ақ шарана «шыр етіп» жерге түседі екен.
1882 жылы Сатыбалды ишан Батпаққарадағы ойға алған шаруалары әбден орындалып болған соң екінші рет қажылыққа ниет-қадам жасайды. Ол заманда кім білсін, қазақтың әртүрлі жер-жерінен Меккеге сапар шеккен адамдардың қай жолмен, қалай жүретіні бізге белгісіз. Тек ел арасында Сатыбалды ишанның осы қажылық сапарда жүріп Дүйсен қажыға жазған хаты туралы естелік-әңгіме сақталған.
Ишан ата осы қажылықта жүріп түс көреді. Түсінде әйелі босанып, ұл туған екен. Түсінің өңінде де келетінін білетін әулие елде қалған досы Дүйсен қажыға ер баланың атын атап, қажылықта жүргенде Жаратушы бір Алланың жақсылығы деп бағалап, балаға азан шақырып, қажы, қари Мұхаммед Файзолла деген есімді беруді өтінеді. Міне, екінші ұлы атақты Файзолланың өмірін бұл кісі тумай жатып болжап, түбінде оның қари болатынын білген. Меккемен «рух-жаны» арқылы байланысып, бойына Алла тағаланың айрықша қасиеттері дарыған бұл жарықтықты қалай әулие демеске?!
Биыл 25-26 шілде күндері бабамыздың 200 жылдығы кең көлемде атап өтіліп, қасиетті ислам дінінің қадір-қасиетін құрметтейтін халқымыздың кешегі-бүгінгі игерген игілікті істеріне куә болмақпыз.
Әбдіқадыр ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,
зейнеткер, Амангелді ауданының құрметті азаматы,
Сатыбалды ишан – Баба әулетіне жиеншар
Қостанай облысы, Амангелді ауданы
