Қарағанды облысында қаржы пирамидаларын құру және оларға басшылық ету фактілері бойынша биыл үш қылмыстық іс тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз схемаларға 400-ден астам салымшы тартылған.
Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы қаржы пирамидаларына қатысты төрт сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Заңсыз қызмет салдарынан 50-ден астам азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын көлемі 67 миллион теңгеден асқан.
Солардың бірі – Қарағанды облысында жұмыс істеген «Takorp» қаржы пирамидасы. Ұйымдастырушылар азаматтарды салған қаражаттың 100 пайыз көлеміне дейін табыс табуға болады деген уәдемен тартқан. Ал сыйақы мөлшері жүйеге жаңа қатысушыларды тарту және олардың белсенділігіне байланысты болған.
Тергеу барысында күдіктілерден 32 мың АҚШ долларынан астам сомаға тең криптовалютаға тыйым салынды.
Сот үкімімен азамат «М» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 2-бөлігінің 1) және 4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Қарағанды облысының прокуратурасы тұрғындарды сақ болуға, кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сенбеуге және қаражат салмас бұрын ұйымдардың қызметінің заңдылығын мұқият тексеруге шақырды.
