Ормуз бұғазы маңында америкалық Apache тікұшағын атып түсіргеннен кейін АҚШ әскері Иранға қарсы әскери операцияларды қайта бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
«Бұл операция – Иранның негізсіз агрессиясына берілген жауап», – делінген хабарламада.
АҚШ президенті Дональд Трамп ABC News арнасына берген сұхбатында жасалған соққының орынды болғанын айтты.
Axios басылымының мәліметінше, АҚШ әскері Ормуз бұғазы маңындағы Иранның бірнеше әуе қорғанысы жүйесі мен радиолокациялық стансасына соққы жасаған. Ал Иран бұқаралық ақпарат құралдары елдің оңтүстік жағалауында, Ормуз бұғазы маңында бірнеше жарылыс болғанын хабарлады.
Tasnim агенттігінің жазуынша, жарылыстар Сирик пен Минаб қалаларында, сондай-ақ Кешм аралында естілген.
Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Вашингтонның әрекетіне жауап берілетінін ескертті.
«Біздің қуатты қарулы күштеріміз ешбір шабуыл мен қоқан-лоыны жауапсыз қалдырмайды. Егер қауіпсіздік қажет болса, аймағымыздан кетіңіздер», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Кейінірек Tasnim агенттігі Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдемесін жариялап, Иранның аймақтағы АҚШ нысандарына қарай зымырандар мен дрондар ұшырғанын хабарлады.
