Қызылорда қаласында WornerBros атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тергеу мәліметінше, күдікті азаматтарды WornerBros платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көріп, табыс табуға болады деген желеумен жүйеге тартқан. Қатысушылардан құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейін жететін VIP-пакеттер сатып алу талап етілген. Ұйымдастырушылар салымшыларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түсетінін уәде еткен.
Сондай-ақ жаңа қатысушыларды рефералдық сілтемелер арқылы тартқаны үшін қосымша бонустар төленіп отырған. Тергеу барысында қаржы пирамидасын насихаттау үшін WhatsApp топтары мен әлеуметтік желілердегі жарнамалар пайдаланылғаны анықталды. Сонымен қатар салымшылардың қаражатын жинау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар да белгілі болды.
Сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, оның иелігіндегі 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді, – делінген өңірлік Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Іс бойынша 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
