Биыл еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орнын Ұлттық ұланның 24 офицері табысты аяқтады. Олардың қатарында жедел-тактикалық басқару деңгейі бойынша магистрлік бағдарламаларды меңгерген 19 офицер, Қарулы Күштер Бас штабы академиясы факультетінің екі түлегі және докторантура бағдарламасы бойынша диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғап, ғылым докторы дәрежесін иеленген үш офицер бар.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы түлектермен кездесті
фото: баспасөз қызметінен алынды
215
оқылды

Астанада ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдаған ұландық офицерлермен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.🎓

Кездесу барысында Бас қолбасшы түлектерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, олардың кәсіби даярлығы құқықтық тәртіп әскерлерінің әлеуетін арттыруға және басқару жүйесін жетілдіруге тың серпін беретінін атап өтті.

– Сіздер алдағы уақытта алған білім мен тәжірибені қызмет барысында тиімді қолдануға тиіссіздер. Сол арқылы әскери тәртіпті нығайтуға, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен қызметтік міндеттерді сапалы орындауға өз үлестеріңізді қосады деп үміттенемін, – деді Бас қолбасшы.
✅

Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлерді даярлау басқарушылық қабілеттерді дамытуға, стратегиялық ойлауды қалыптастыруға және заманауи қауіп-қатерлер жағдайында тиімді шешім қабылдай алатын әскери басшыларды тәрбиелеуге бағытталған.

Бүгінде университет еліміздегі ең ірі ведомствоаралық білім беру және ғылыми орталықтардың бірі саналады. Осы оқу орнының мыңдаған түлегі Қазақстанның күштік құрылымдарында жауапты қызмет атқарып келеді.💫

Кездесу соңында ұландық офицерлер әскери бөлімдер мен құрамаларда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және мемлекет мүддесін қорғау жолында қызмет ететіндерін жеткізді.

Айта кетейік, жоғары әскери білім мен ғылыми даярлықтан өткен офицерлердің кәсіби әлеуетін арттыру – Ұлттық ұланды дамытудағы басым бағыттардың бірі болып қала береді.