АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласының федералдық судьясы Джон Макконнелл кіші Дональд Трамп әкімшілігі енгізген бірқатар иммиграциялық шектеулердің күшін жойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Судьяның шешімі нәтижесінде бұған дейін баспана беру, жұмысқа рұқсат алу, грин-карта рәсімдеу және азаматтық алу бойынша өтініштері қараусыз қалған 39 елдің азаматтарына қатысты шектеулер заңсыз деп танылды.
Сот қаулысында аталған шаралар көптеген адамды «құқықтық белгісіздік тұзағына» түсіргені атап өтілді. Судьяның айтуынша, иммигранттар Конгресс бекіткен және АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметі (USCIS) белгілеген барлық заңды талаптарды орындағанымен, олардың өтініштері бірнеше ай бойы қаралмай келген.
Джон Макконнелл USCIS қабылдаған шаралардың заңды негізі болмағанын және олардың «иммигранттарға қарсы көзқарастардың» ықпалымен енгізілгенін мәлімдеді.
«Бұл адамдардың өтініштерінің кешігуіне олардың өздері кінәлі емес. Мұндай жағдай тек олардың қай елде туғанына байланысты орын алған», – деді судья.
Аталған шешім иммигранттарға көмек көрсететін ұйымдар мен кәсіподақтар коалициясының жеңісі ретінде бағаланып отыр. Олар биыл наурыз айында АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарасты USCIS қабылдаған шараларға қарсы сотқа талап арыз берген болатын.
Д. Трамп әкімшілігі 2025 жылы Ақ үйге қайта оралғаннан кейін бірқатар ел азаматтарына АҚШ-қа кіруге шектеу енгізген еді. Алғашқы кезеңде 19 елдің азаматтарына қатысты шектеулер күшіне енсе, кейін бұл тізім кеңейтілді.
2025 жылдың желтоқсанында жарияланған жаңа жарлыққа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 20 ел мен аумақ азаматтарына қосымша шектеулер енгізілді. Кейбір мемлекеттердің азаматтарына АҚШ-қа кіруге толық тыйым салынса, бірқатар ел азаматтарына ішінара шектеулер қолданылды.
Соттың соңғы шешімі осы саясаттың бір бөлігіне қатысты қабылданып отыр және ол АҚШ-тағы иммиграциялық саясат төңірегіндегі дауларды қайта күшейтті.