Жазушы, журналист Сәкен Сыбанбай әлемге танылған әнші Димаш Құдайбергеннің вокалдық шеберлігіне жоғары баға бере отырып, оның қазақ тіліндегі репертуарына қатысты сыни пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, Димаштың қайталанбас дауысына қазіргі кейбір эстрадалық шығармалар емес, мазмұны мен әуезі терең, көркемдік деңгейі жоғары қазақ әндері көбірек жарасар еді. Қаламгер әншінің орындауындағы халық әндерін жоғары бағалап, «Құс жолы» мен «Үміт жыры» секілді туындыларды әлем сахнасында жаңғыртса деген тілегін жеткізді.
– Әнші Димаш Құдайбергеннің концерттерін қарап жүремін. Ағылшынша, французша, қытайша, т.б. айтатын әндеріне дау жоқ. Керемет! Дегенмен... қазақша әндеріне көңілім толмай қалады. Әрине, «Дайдидау» секілді халық әндерін әдемі орындайды ғой. Бірақ «заманауилау» әндері – ән емес, әурешілік. Шыңғыра бергеннің бәрі шынайы бола салушы ма еді. Әнде мән болуы керек. Қазақтың ғажап әншісі қазақтың ғажап әндерін айтса, шіркін-ай! Ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңіне жазылған композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы» ше баяғы? Роза Рымбаева кезінде хит қылған? Соны айтып әлемге танытса-ау, ә! Орал-Қосай Байсеңгір мен Ұлықпан Жолдасов сияқтылардың былжырағымен әлем сахнасын былғап, былықтыра бермей. Достық-жолдастық-әріптестік-туыстық дегенді түсінуге болады, бірақ... шіли бұлай емес шығар?! Димаштың дауысына жарасса Құдай ұрсын. Ән сияғы жоқ. Ести сап есіңнен тезірек шығарғың келеді. Бала байғұс қайдан білсін, әке-шешесі мен солардың достарына сенеді де. Димаш орындауға тиіс нағыз ән мынау ғой: Ұлықбек ағаның сөзіне жазылған Бақтияр Тайлақбаевтың «Үміт жыры» әні. Ютубтағы сілтемесін салдым. Шумақ сайын ырғағы күшейіп, ширай түсетін ән! Бауыржан Бабажанұлына айтқам, Қанат Айтбаевтың мессенджеріне де жаздым. Тыныш. Дарабоз әншіміз дара әндер айтса екен! – дейді жазушы әлеуметтік желідегі парағында.