Сондай-ақ қыздың бұған дейін шетелде бауыр трансплантациясы бойынша күрделі отадан өткені анықталған.
Талдықорғанда 3 жасар өз қызын азаптаған әке 4 жылға сотталды
239
оқылды

Биыл ақпан айында Жетісу облысында үш жасар қыздың ауыр жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған еді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кейін бүлдіршіннің өз әкесінің қолынан зардап шеккені белгілі болды. Сондай-ақ қыздың бұған дейін шетелде бауыр трансплантациясы бойынша күрделі отадан өткені анықталған.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде баланың фото және бейнематериалдары, сондай-ақ анасының мәлімдемелері жарияланды. Осыдан соң полиция жедел шаралар қабылдап, күдіктіні ұстады. Ол Талдықорған қаласының тұрғыны болып шыққан.

Сол кезде Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев ер адамның ұсталғанын және оның қыздың туған әкесі екенін хабарлаған болатын.

«Кешкі сағат 21:00 шамасында полицияға ауруханадан үш жасар баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері бар жарақаттар анықталғаны туралы хабар түсті. Полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына барып, баланың әкесін тұрғылықты мекенжайынан тапты. Мас күйде болған ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деген еді Руслан Чарапиев.

Қылмыстық іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша тергеліп, кейін 110-бапқа қайта сараланған. Тергеу барысында азаптау және ұрып-соғу фактілері қаралған.

Резонанс тудырған іс бойынша Талдықорған қалалық соты үкім шығарды.

«Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Талдықорған қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген ресми хабарламада.