Үкімет отырысында қазақстандықтардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, ведомство жыл соңына дейін өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған ұйымдар санын 130 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта елімізде 118 мың кәсіпорын міндетті сақтандыру жүйесіне қосылған. Бұл жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың 68%-ын құрайды.
Министрдің сөзінше, аталған шаралар қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі әділ еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.
«Жоспарланған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде жыл соңына дейін қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарымен қамтылған ұйымдар санын 130 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар өндірістегі өліммен аяқталған жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін әрбір мың қызметкерге шаққанда 0,31-ге дейін төмендету міндеті қойылған», – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің айтуынша, бұл бастамалар еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
