«Таза табиғат – тұрақты болашақ» атты тақырыппен өткен тазалау жұмыстарына 150 студент және факультеттің оқытушы-профессорлық құрамы қатысты.
ҚазҰУ студенттері «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өткізді
251
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Алматы мемлекеттік табиғи қорығында сенбілік өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Таза табиғат – тұрақты болашақ» атты тақырыппен өткен тазалау жұмыстарына 150 студент және факультеттің оқытушы-профессорлық құрамы қатысты. Сенбілік барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстарына атсалысты.

Акцияның Талғар өңірінде өтуі де символдық мәнге ие. Бұл өңір бірегей табиғи ландшафттарымен және әлемдік мәдени мұра нысандарымен ерекшеленеді. Өңір ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Чанъань – Тянь-Шань дәлізінің бағыттар желісі» трансұлттық нысаны құрамында енгізілген ежелгі Талхиз қалашығымен танымал. Осындай аумақтарда табиғатты қорғау іс-шараларын өткізу Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын келер ұрпақ үшін сақтауға ықпал етеді.

Экологиялық акция барысында факультет оқытушылары студенттерге табиғаттың адам өміріндегі маңызы, қоршаған ортаны қорғаудың өзектілігі және экологиялық бастамалардың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлі туралы баяндады. Сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық жауапкершілікті арттыру және білім беру мен табиғатты қорғау ұйымдары арасындағы серіктестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Айта кетейік, іс-шара Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы мемлекеттік табиғи қорығының бірлесуімен ұйымдастырылды.