Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленген ең төменгі жеткілікті шегін жаңартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жыл сайынғы қайта есептеу нәтижесінде көрсеткіштер өзгеріп, азаматтардың пайдалана алатын зейнетақы жинағының көлемі азайды.
Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, 20 жастағы азамат үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі 6 миллион 670 мың теңгені құрайды. Ал 30 жаста бұл көрсеткіш 9 миллион 750 мың теңгеге, 40 жаста 13 миллион 370 мың теңгеге, 50 жаста 17 миллион 590 мың теңгеге жетеді.
Ең жоғары шек 62 жастағы азаматтар үшін белгіленген. Бұл жастағы салымшылардың шотында кемінде 23 миллион 570 мың теңге болуы қажет.

Жеткіліктілік шегі – азаматтың болашақта лайықты зейнетақы төлемдерін алуын қамтамасыз ету үшін жинақ шотында қалуға тиіс ең төменгі қаражат көлемі. Егер жинақ сомасы осы деңгейден асып түссе, артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу шығындарын өтеуге пайдалануға мүмкіндік беріледі.
БЖЗҚ мәліметінше, көрсеткіштер әлеуметтік-экономикалық болжамдар мен болашақ зейнетақы төлемдерінің көлемін ескере отырып жыл сайын қайта қаралады.
Осылайша, жаңа жеткіліктілік шектері зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануды жоспарлаған азаматтар үшін маңызды өзгеріс болып отыр.
