Қарағанды өңірінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңсыз әрекеттерді дер кезінде анықтау мақсатында Kamkorlyk_bot анонимді Telegram-боты іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жоба Қазақстан Республикасы ІІМ Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасының Қарағанды әскери-тергеу бөлімі мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылды.
Жаңа цифрлық сервис әскери ұжымдарда заң үстемдігін нығайтуға, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы құқықтық сананы арттыруға бағытталған.
Telegram-бот арқылы сыбайлас жемқорлық фактілері, жарғыдан тыс қарым-қатынастар, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және басқа да құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы жедел хабарлауға болады.
Жоба авторларының айтуынша, сервистің басты артықшылықтарының бірі – өтініш берушілердің толық анонимділігі. Барлық хабарламалар белгіленген тәртіппен қаралып, азаматтардың жеке деректерінің құпиялығы сақталады.
Мамандардың пікірінше, жаңа құрал әскери қызметшілермен және тұрғындармен өзара байланысты күшейтіп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және заңсыз әрекеттерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Kamkorlyk_bot қызметін әскери қызметшілер, күштік құрылымдардың қызметкерлері және құқық бұзушылықтар туралы ақпаратқа ие азаматтар пайдалана алады. Қазіргі уақытта сервис Қарағанды қаласы, Қарағанды облысы және Ұлытау облысының аумағында жұмыс істейді.
Жоба бастамашылары тұрғындарды заң бұзушылықтарға бейжай қарамауға және тиісті ақпарат болған жағдайда анонимді байланыс арнасы арқылы хабарлауға шақырады. Бұл құқық қорғау органдарына жедел шаралар қабылдап, құқықтық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.