5 маусым күні Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кезекті кеңесі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиынға ШЫҰ елдерінің құқық қорғау органдарының басшылары, Интерпол Бас хатшылығының, ШЫҰ хатшылығының және ТМД-ның Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бюросының өкілдері қатысты.
Кеңес аясында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров делегация басшыларымен және халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Тараптар өңірлік қауіпсіздікті нығайту, заманауи қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл және халықаралық полиция ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстан делегациясын Ішкі істер министрі Ержан Саденов басқарды.

Отырыстың негізгі тақырыбы трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, экстремизмге, терроризмге және киберқылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимылды күшейту болды. Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ержан Саденовтың айтуынша, биыл Қазақстан полициясы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін іздеуде жүрген 345 қылмыскерді анықтап, ұстаған. Сонымен қатар ШЫҰ елдерінің аумағында Қазақстанда іздеуде жүрген 49 адам қолға түскен. Бұдан бөлек, құқықтық көмек көрсетуге қатысты 366 сұрау жедел орындалған.
«Сондай-ақ есірткі өндірумен және өткізумен айналысқан үш трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды», – деді министр.
Кеңеске қатысушылар қазіргі қауіптерге қарсы күрестің тиімділігі жедел ақпарат алмасуға, бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге және құқық қорғау органдары қызметіне заманауи технологияларды енгізуге тікелей байланысты екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен операциялар өткізуге, тәжірибе алмасуға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған хаттамаға қол қойылды.

Іс-шара аясында Ержан Саденов Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви және Үндістанның мемлекеттік ішкі істер министрі Нитьянанда Раймен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен оны дамыту перспективалары талқыланды.
Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірдегі құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіретін маңызды халықаралық алаңдардың бірі саналады. Ұйым аясындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту трансұлттық қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттырып, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.
