Микроқаржы реформасы: қарыз бен парыз арасы

Микроқаржы ұйымдарына қатысты ауқымды бетбұрыс басталды. Үкімет бұл нарықты қатаңырақ реттеп, қадағалауды күшейтер шаралар кешенін қолға алды.

МҚҰ-лар әдетте, халықты қарызға батыратын «қанаушы» ретінде біржақты сыналады. Бірақ ауылдағы бизнесті қолдайтыны да, банкирлер менсінбей теріс айналатын шалғайдағы шаруаның жалғыз үміті де негізінен солар. Сарапшылар микроқаржы ұйымдарына депозит қабылдау құқығын беруді ұсынды. Мұндай шешім қаржы нарығын дамытуға серпін бе, әлде жаңа тәуекел ме?

Іріленген актив, іріктелген «лига»

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің есебінде айтылғандай, 2026 жылдың басында микроқаржылық қыз­мет­ті жүзеге асыратын ұйымдардың (МҚ­ЖҰ) активтері 2,2%-ға ұлғайып, 3,5 трлн теңгеге жетті. 2025 жыл қорытындысындағы өсімі де қомақты: 17,2%. МҚЖҰ активтері­нің құрылымында ең көп үлес микроқаржы ұйымдарына (1,7 трлн немесе 47,4%), кре­дит­тік серіктестіктерге (1,3 трлн немесе 36%), ломбардтарға (0,6 трлн теңге немесе 16,5%) тиесілі. Саланың қарқынды дамуы арқасында былтыр 2 микроқаржы ұйымы банкке айналып, «жоғарғы лигаға» ауысты. 

Бұл ұйымдар бұқараны емес, не­гі­зі­нен бизнесті қаржыландырудан көбірек табыс та­бады екен. Өткен жылы олар 3,1 трлн тең­ге қарыз үлестірген. Оның ішінде 56,6%-ы –­ бизнес субъектілеріне берілген микрокредит, тек 43,4%-ы – халықтың сұрап алған берешегі. Бұл ретте кәсіпкер­лерге таратылған микрокредиттер былтыр бірден 7,4%-ға өсті. 

Банктерден айырмашылығы, бұл ұйым­­дар қаражаттан тарығып жүгінген кә­сіп­орындар мен қарапайым адамдардан негізінен қымбат кепілзат талап етпейді. Бұл бизнес сенімге құрылған көрінеді: 90-шы жылдары қалтасында тиын қалмаған тұтынушы ауыл дүкенінде: «Менің атыма жаза салшы, жалақы алғанда берермін!» дейтін болса, бүгінде ауыл тұрғындары сау­да орнынан тауар алуға шамасы жетпесе: «Менің атыма рәсімдей салшы!» дейтін болды. Бір ғажабы, халық пен бизнес келесі жолы қиын жағдайға тап болғанда, микрозаем арқылы тығырықтан шығуға мүмкіндігі болуы үшін алған қарызын уа­қы­ты­лы қайтарып отыруға тырысады екен. Қаржылық реттеушінің ресми дере­гінше, төлем төлеу тоқтатылғанына 90 күннен асып кеткен проблемалы несиелердің (NPL90+) МҚЖҰ портфеліндегі үлесі не­бары 3,9%-ды құрайды. 2025 жылы – 4,6% болған. Соның ішінде жеке тұлғалардың үш айдан көп қайтармай жүрген берешегі­нің үлесі жалпы портфельдің 5%-ына дейін төмендеген (2025 жылы – 6,3%).

Жалпы, бұл табысты сала: МҚЖҰ-ның меншікті капиталы 2026 жылғы 1 қаңтар­дағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады.

Салада «Үш қорғаныс желісі» түзіледі

Міне, осы микроқаржыландыру сек­тор­ында реформа басталды. 2026 жылғы 19 наурызда күшіне енген қаржы нарығын, оның ішінде микроқаржы секторын одан әрі дамытуға және реттеуге бағытталған жаңа заң осы өзгерістердің іргетасын қала­ды. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің Банк­тік емес ұйымдарды реттеу департа­мен­тінің директоры Нұржан Бидайбектің түсі­ндіруінше, негізгі жаңалықтардың бірі – тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу ар­қылы микроқаржы ұйымдарына қадаға­лау­ды күшейту. 

– Біз бұдан былай «3 қорғаныс желісі» атты жаңа модельге өтеміз. Оның аясында бизнес бөлімшелер, тәуелсіз тәуекел-мен­едж­менті мен комплаенс, сондай-ақ ішкі аудит бөлімшелері арасындағы функциялар мен жауапкершіліктің ара-жігі нақты ажы­ра­тылады. Бұған дейін олар тонның ішкі бауындай араласып кететін немесе бас­шы­лық бірінің міндетін атқаруды екін­ші­сіне жүктей салатын. Жаңа модель ұйымдардағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді департамент директоры. 

Тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Ең алды­мен, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тиі­сті талаптар қарыз беру үшін өзі қарыз ала­тын, яғни міндеттемелерінің құрылы­мын­да сырттан тартылған қаражаты басым микроқаржы ұйымдарына қатысты қолда­ны­ла бастайды. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап талаптар нарықтың барлық басқа қа­тысушыларына таратылады. Бұл тәсіл сек­тордың жаңа талаптарға біртіндеп бей­ім­делуін және тәуекелдерді басқарудың тиімді процестерін құру үшін қажетті құзы­рет­терді қалыптастыруын қамтамасыз етеді.

Нұржан Бидайбектің айтуынша, саладағы «өзімбілемдікпен» күрес басталды: МҚҰ басқарушы құрамының, бастықтарының жауапкершілігін арттыру үшін олардың басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшей­тіледі. Қаржы саласындағы жұмыс өтіліне қойылатын талаптар белгіленді.

«Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында микроқаржыландыру нарығының лицензиядан айырылған субъ­ек­тілері, сондай-ақ олардың құқықтық ми­рас­қорлары бұдан былай қарыз алушы­лармен жұмыс істеу кезінде микроқаржы­лық қызмет туралы заңнамада қойылатын барлық талап пен шектеулерді сақтауға мін­детті болады. Ұйымдар азаматтардың тұ­тынушылық микрокредиттері бойынша берешекті өндіріп алуды, сондай-ақ ұйым­ның осындай берешегі бойынша талап ету құқықтарын лицензиядан айырылған соң 24 ай ішінде ғана басқаға, мысалы, кол­лек­торларға беруді жүзеге асыра алады», – деді агенттіктің департамент басшысы Нұржан Бидайбек.

Осы орайда микроқаржы ұйымдары­на жеке тұлғалардың тұтынушылық микрокредиттері бойынша берешегін кол­лекторлық агенттіктерге сатуына мора­тор­ий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды. Сөйтіп, қабылданған шаралар микроқар­жы­ландыру нарығының ашықтығы мен орнықтылығын арттыруға, қарыз алушы­лар­дың құқықтарын қорғауға және бір­ыңғай кәсіби стандарттарды қалыптас­тыру­ға бағытталған.

Ұсыныс пен үрей

– Ауылдық жерлерде банк жоқтың қасы. Бұл жағдайда микроқаржы ұйым­дары, соның ішінде кедиттік серіктестіктер үлкен маңызға ие. Олар ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржымен қамтамасыз ет­еді, жағдайына қарайды, аграрлық өндіріс­тің маусымдылығын ескереді. Екінші дең­гей­дегі банктермен салыстырғанда қарыз алушыларға икемді талаптар қояды және ауылдық аумақтарда маңызды әлеу­меттік рөл атқарады. Әйткенмен, салада қор­даланған жүйелі проблемалар қазіргі моделді кешенді өзгертуді талап етеді, – дейді сенатор Сұлтан Дүйсембинов. 

Бүгінде Қазақстанда 200-ден астам кре­диттік серіктестік (КС) жұмыс істейді, көп­шілігі негізінен Аграрлық кредит кор­порациясы арқылы тартылатын мемлекет­тік ресурстар есебінен қызмет етеді. Осы­ған орай бір топ экономист пен депутаттар МҚЖҰ-ларға жеке және заңды тұлғаларға депозит ашып, жинағын қабылдауға рұқсат етуді ұсынды. 

Олардың дәйектеуінше, банктер «тәуе­келі жоғары, таза табысы төмен және кеп­іл­дігі арзанқол» деп ауылға жолай бер­мейді, ірі агрохолдингтерді ғана жарылқап, ша­ғын және орта агробизнесті толыққанды кредиттеуден аяқ тартады. Өз кезегінде, кредиттік серіктестіктер аграрлық секторда банк жүйесін жоқтатпайды, қаржы тапшы­лығының орнын толтыруға қал-қадари тыры­сады. 

Сарапшылардың пайымдауынша, қа­зір­гі шектеулі моделді ары қарай өзгеріссіз сақтаса, оның соңы келесі салдарға әкеп соғуы мүмкін: біріншіден, ауыл мен ауыл шаруа­шылығын дамытуға жұмсалатын бюд­жет шығыстарының тиімділігі төмен­дей береді. Екіншіден, агросектордың мем­лекеттік қолдауға тәуелділігі арта түседі. Үшіншіден, ауыл экономикасының құрылымдық дамуы шектеледі. Ауыл кәсіпкерлері, жалпы ауылдықтар ет пен сүт сияқты қарапайым шикізаттан ары аса алмайды, оны өңдеуге қаржы таппайды. 

Алайда бұл ұсыныстар қаржылық рет­теуші, Ұлттық банк және Үкімет тарапынан қолдау таппай тұр. Оның мәнісі жуырда Үкіметтен Сенатқа түскен жауап хаттан белгілі болды. Шенеуніктердің дәйектеу­інше, микроқаржылық қызметті жүзеге асыру­шы ұйымдарға, соның ішінде кре­дит­тік серіктестіктерге (КС) жеке және заңды тұлғалардан, тіпті өз қатысушылары­нан шоттар ашу, депозиттер қабылдау құ­қы­ғын берсе, онда банктерге қойылатын жоғары әрі күрделі талаптарды оларға да таратуға тура келеді. 

Мәселен, барлық екінші деңгейлі банк­тер Қазақстанның депозит­тер­ге кепілдік беру қорына (ҚДКҚ) салым­шылардың қаражатын қорғау үшін жүйелі түрде жарна аударады. Бұл қаражат банк ли­цензиясынан айырылған жағдайда сал­ым­шыларға өтемақы төлеу үшін арнайы резерв ретінде жиналады.

«КС-тер депозиттік қызметке жіберіл­се, оларға реттеу мен қадағалаудың арнайы тетіктерін енгізу қажет болады. Мұндай те­тіктерге пропорционалды реттеу, жинақ­тарды қорғау жүйелеріне қатысу, қаржылық тұрақтылық пен корпоративтік басқаруға қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен күш­ейту жатады. Мұның сыртында Қазақ­станда депозиттер қабылдау тек банктік операцияларға жатады және банктік ли­цен­зиясы болған жағдайда ғана жүзеге асы­ры­лады», – делінген Үкіметтің жауабында. 

Депозит қабылдау қызметі тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды, соның ішінде корпоративтік басқару стан­дарттарын, жоғарылатылған пруденци­алдық нормативтерді сақтауды, салым­дарға кепілдік беру жүйесіне қатысуды, уәкілетті орган тарапынан күшейтілген қадағалауды көздейді.

«Қазіргі уақытта КС-терге жарғылық және меншікті капиталының көлемі, ле­вередж коэффициенті сияқты пруденци­алдық нормативтерді сақтауы бойынша ең төменгі талаптар қолданылады. Олар банк­терге қойылатын талаптардан көп төмен. Қызметі тек өз қатысушыларын кре­дит­теумен шектелетіндіктен, КС-тар тәуекел­дерді басқарудың толыққанды жүйелерін енгізу, комплаенс және ішкі аудит қызмет­терін құру міндеттерінен босатылған. Ағым­дағы жағдайда олар банктік опера­цияларды толық көлемде жүзеге асыру үшін жеткілікті ресурстар мен құзыреттерге ие емес. Сондықтан КС-терге шоттар ашу және депозиттер қабыл­дау құқығын беру мүмкін емес», – деп үзілді-кесілді мәлім­деді Үкімет. 

Үкіметтің бұл ұстанымының астар­ын­да – халықтың жинағын алаяқ­тардың тұзағынан, тұрақсыз ұйымдардың жыры­мынан қорғап жатыр ма, әлде банк­тердің сойылын соғып, бәсекеден арылтып жатыр ма, ол жағы әркімнің ақыл тара­зысына жүк. Бірақ бұл сақтық ауыл кәсіп­керлігін дамытудың баламалы жол­дарын жасанды бітей бермегені де жөн.

Қорыта айтқанда, микроқаржы ұйым­дары ауылдағы тұрғындар мен кәсіпкер­лерге қарыз беруге арналған қаражатты ары қарай да өз капиталынан (қожайыны-құрылтайшысының немесе инвесторының қалтасынан), банктік несиелерден, сон­дай-ақ облигациялар шығару және мемле­кеттік бюджет кредиттерін тарту арқылы та­буы­на тура келеді. Ал саладағы реформа­лар және жаңа модель секторды қадағалау саясатын қатайтуға, жауапкершілікті күш­ей­туге, тәуекелдерді басқару жүйесін жетіл­діруге, салада өзін-өзі реттеуді ен­гізуге бағытталған. 

Елдос СЕНБАЙ