Балқаш қаласы бүгінде туризмге ерекше бет бұрған. Осы саланы дамыту мақсатында Қарағанды облысында бірнеше жоба қолға алынған.
Балқаш – туризм қаласы
359
оқылды

Бүгінде меймандарды қарсы алу үшін Қарқаралы, Балқаш қаласы және Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би ауылдарына басымдық беріліп отыр. Осы нысандардың бастысы Балқаш қаласына сапарлап қайттық.

Ұшақты құшақ жая қарсы алды

Алдымен жаңартылған Балқаш әуежайына бас сұқтық. 1 маусымда Астана мен Алматыдан алғашқы рейстерді қабылдады.

Бүгінде ауқымды қайта жөн­деуден кейін әуе айлағы жолау­шылар үшін қайта ашылды және Қарағанды облысының курорттық аймағына туристердің өсіп келе жатқан ағынын қабылдауға дайын.

– Әуежайды жаңғырту Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілді. Қаражаттың 90 пайызы республикалық бюд­жет­тен бөлінді, оның бір бөлігі – қайта­­­рылған активтер, – деді көлік және автомобиль жолдары бас­қарма­сының басшысы Мақсат Мұқашев.

Екі жарым жыл ішінде мұнда әуеайлақ инфрақұрылымы толы­ғымен жаңартылды: рульдеу жолы мен перрон қайта жаңартылды, арнайы көлік қызметінің ғимараты салынды, он бірлік заманауи әуе­ай­лақ техникасы сатып алынды. Аэро­­вокзалда да үлкен өзгерістер бар.

– 1960 жылдардағы ғимарат өте әдемі сәулетпен салынған. Біздің басты міндетіміз – оның тарихи кел­бетін сақтап қалу және со­ны­мен бірге ішкі жайларын толық жаңғырту. Енді әуежай заманауи талаптарға жауап береді, – деп атап өтті Мақсат Мұқашев.

Торанғалық курорттық кент

Балқаштың курорттық айма­ғындағы ең танымал жағажай­лар­дың бірі – Торанғалық кентіндегі орталық пирсті абаттандыру жұ­мыстары аяқталуға жақын. Жақын уақытта мұнда жаңа серуендеу аумақтары, фотозона аймақтар, заманауи жарықтандыру жүйелері және суға түсуге қолайлы өткелдер пайда болады. Мұның бәрі жайлы демалыс атмосферасын қалып­тас­тырып, туристерді шетелге емес, бі­регей Балқаш көлінің жаға­­­лауына жиі келуге ынталандыруда.

Ауқымды абаттандыру жұмыс­тары бүкіл жағалауды қамтиды. Атап айтқанда, Шұбартүбек және Торанғалық курорттық кенттері, Барковское ауданы мен қалалық жағажай жаңартылуда.

Негізгі назар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заманауи туристік инфра­құ­рылымды дамытуға аударылған.

Жағалау бойына бейнебақылау жүйелері орнатылып, жарық­тан­дыру жаңғыртылуда және қо­ғам­дық кеңістіктер абаттандырылуда. Барлық жағажайда құтқарушылар кезекшілік атқарады.

Торанғалық пен Шұбартүбекте олар үшін бақылау мұнараларымен жабдықталған арнайы капсулалар салынып, құтқару қайықтарын суға түсіруге арналған өткелдер жасалған.

– Қауіпсіз демалысты қамта­масыз ету үшін акватория заманауи қалқымалы белгілермен бөлінеді. Оларды Торанғалықтағы жергілікті кәсіпкер шығарады. Енді пластик бөтелкелер мен таспалардың ор­ны­на барлығы бірыңғай стильде рә­сімделеді. Суға шомылуға арнал­­ған аймақтар мен катерлер және гидроциклдердің қозғалыс дәліз­­дері нақты белгіленеді. Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салын­ған орындар мәслихат шешімімен бекітілген, – деді Балқаш қала­сының әкімі Сапар Сатаев.

Өткен жылы Бертіс шығанағы аумағында, сондай-ақ Торанғалық пен Шұбартүбекте 13 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Мау­сым басталғанға дейін жаға­жай­ларға апаратын жолдарда қо­сымша дәретханалар, душ каби­налары, киім ауыстыратын орын­дар және қоқ­ыс жинауға ар­налған кон­тей­­­нерлік алаңдар орналастырылады.

Байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жал­ғасуда. Балқаш бағыты бойынша 16 антенналық-діңгекті құрылым мен бір базалық станция орнату жоспарланып отыр.

Туристер мен қала тұрғында­рының сүйікті демалыс орында­ры­ның бірі – жағалау да жаңартылды. Бүгінде бұл балалар және спорт алаң­дары, веложолдар мен отба­­сы­лық демалыс аймақтары бар зама­науи серуендеу ке­ңістігіне айналды.

Сонымен қатар Бертіс шы­ға­нағын санациялау жұ­мыс­тары жалғасуда.

– Өткен жылдың күзінен бері Бертіс шығанағын са­­нациялау жұ­мыстары жүргі­­­зілуде. Акватория та­зартылып, заңсыз пирстер, қа­­­мыс қопа­­лары мен лайланған учас­келер алынып жатыр. Мер­ді­­­­гер ұйым қазан айына дейін жа­ға­лау сы­зығынан 200 метрге дейінгі те­рең­дікте шамамен үш шақырым ак­ваторияны тазартуды жоспарлап отыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жағалауды абаттандыру то­лық аяқталады, –  деп атап өтті Бал­қаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Көпсалалы аурухана жаңғыртылды

Балқаш көпсалалы ауруха­на­­­сын ауқымды жаңғырту аяқ­­­тал­ды. Барлық жұмыс Мемлекет бас­шы­­­сының тапсырмасы бойын­ша қай­­­тарылған активтер есебінен жүр­гізілді. Балқаш, Приозерск, Саяқ, Шет және Ақтоғай аудан­­­да­ры­ның тұрғындарына қызмет көр­сететін медициналық мекеме па­циент­терді диагностикалау және емдеу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

Стационар 340 төсекке есеп­тел­ген және барлық бейінді бөлім­шелерді қамтиды. Ауылдық ден­сау­лық сақтауды жаңғыртудың ұлт­тық жобасы аясында негізгі ғимаратқа ауданы 1,4 мың шаршы метрге жуық жаңа қосымша құрылыс салынды.

– Республикалық бюджет қаражаты есебінен заманауи жаб­дықтар сатып алынды: қосымша жиынтықтары бар монополярлық ангиограф, магниттік-резо­нанс­тық және компьютерлік томо­граф­тар, MEDRAD Mark 7 Arterion инъекциялық жүйесі, нейрохи­рур­гиялық микроскоп және барлық қажетті медициналық бұйым­дар, – деді аурухана директоры Серікбол Түсіпбеков.

Кадр мәселесі де шешілуде. Бүгінде ауруханада 900-ге жуық қызметкер, оның ішінде 150-ге жуық дәрігер жұмыс істейді. Биыл ұжымды травматолог, екі сәулелік диагностика маманы және екі ин­тервенциялық кардиолог то­лық­­­­тырды. Резидентура аяқталған­­­нан кейін уролог, хирург және терапев­терді қоса алғанда, тағы да бірнеше мамандар келеді деп күтілуде.

BalhashTourFest  шақырады

Фестиваль 19 және 20 маусым­да дәстүрлі жерде – Ақшағыл кен­тінде, Рембаза аумағында өтеді. Былтыр оған 50 мыңнан астам адам кел­­­­­ген. Биылғы маусымда ұйымдас­ты­ру­шылар рекордтан асады деп күтуде.

– Біз төртінші жыл қатарынан Balkhash Tour Fest өткізудеміз. Бұл жағажай туризмін дамытатын және Балқаш өңірінің тартым­ды­лығын арттыратын зәкірлі жоба. Жыл са­йын қатысушылар саны артып ке­леді. Былтыр фестиваль 50 мың­нан астам адамды жинады, биыл одан да көп қонақ келеді деп кү­ті­луде. Бұдан басқа, Balkhash Tour Fest республикалық оқиғалар күн­тізбесіне енді, – деп атап өтті Қа­рағанды облысы Туризм басқарма­сының басшысы Ирина Любарская.

Биылғы жылдың басты жаңа­лығы – фестиваль алаңы жаз бойы жұмыс істейді. Демалыс күндері мұнда және Балқаш қаласының мәдени алаңдарында концерттер, спорттық жарыстар және демалу­шыларға арналған ойын-сауық іс-шаралары өтеді.

Ұйымдастырушылар мазмұ­н­ды бағдарлама дайындайды. Та­ны­мал қазақстандық әртістер Miras Zhugunussov, AYAU, Bellucci, Do­mino, Nurlan & Murat және Qazaq Band өнер көрсетеді. Фестиваль аума­­­ғын­да шығармашылық және спорт­тық аймақтар, фудкорттар, қолөнер­­ші­лер жәрмеңкесі, ашық аспан ас­­­тындағы кинотеатр және отбасылық демалыс алаңдары ашылады.

– Кіреберісте қонақтарды ин­терактивті LED-арка қарсы алады. Бағдарламада сондай-ақ көбік су шашу кештері, яркокросс, су такси, PikeMan жарыстары, жа­сан­ды интеллект және крафт ойын­дары бар. Экологияға және қал­дықтарды өңдеуге ерекше назар аударамыз. Стритбас­кет­болдан, панна-футболдан және би батлынан турнирлер жалғасады. Олардың бірінің жеңімпазы көше билерінің халықаралық фести­валінде Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болады, – деді Balkhash Tour Fest ұйымдас­ты­ру­шысы Ренат Алманов.

Индустриалды аймақ ашылды

Балқаш жағалауында туристік жобаларды жүзеге асыру үшін 14 гектар индустриалды аймақ ашыл­ды. Инвесторларға ин­же­нерлік коммуникациялары бар жер те­­­­­­­лімдері ұсы­ны­лады, бұл нысандарды салу мерзімін айтарлықтай қыс­қартуға және оларды қосу шығын­дарын азайтуға мүм­­­кіндік береді.  Жоба Қазақ­стан Премьер-ми­­нистрі Олжас Бектеновтің тапсыр­масын орындау шең­берінде іске асырылды және Қарағанды облысының туристік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Жаңа алаңның басты ар­тық­шылығы – дайын ин­же­нерлік ин­фра­­құрылым. Мемлекет сумен жаб­­дықтау, кәріз және жылумен жаб­дықтау желілері учаскел­е­рі­нің шека­раларына жеткізуді қамта­ма­сыз етеді. Кәсіп­кер­лердің оларға қо­сы­лып, құрылысқа кірісуі ғана қалады.

Индустриялық аймақтың бі­рінші резиденті «Әділ-құрылыс» корпорациясы болды. Компания Premium Villa Balkhash туристік кешенін салу үшін төрт гектар жерді жалға алды.

– Индустриялық аймақ – бұл мемлекеттің қолдауы есебінен бизнес үшін өте қолайлы жұмыс форматы. Балқашта демалысты заманауи әрі жайлы ету үшін қала басшылығымен тығыз тандемде жұмыс істейміз, – деді инвестор Жақсыкелді Иманбеков.

Кешен орналастырудың екі форматын біріктіреді: еуропалық стильдегі 23 барнхаус және ұлттық колоритті әуесқойлар үшін 21 киіз үй. Жобаның ерекшелігі оның жыл бойғы жұмысында. Барнхаустар қонақтарды жазда да, қыста да қабылдайды, ал 12 үй сауналармен жабдықталады.

Әрбір вилла бассейндері бар жеке аумаққа ие болады.

Бұдан басқа, кешен аумағында ортақ бассейн, волейбол мен бас­кетболға арналған спорт алаңдары, іс-шаралар өткізуге арналған сахна мен асханасы ашық мейрамханалар салу жоспарлануда.

Тағы екі бастама бойынша жо­балық-сметалық құжаттама әзір­ленуде. Индустриялық аймақтың қалған 6 гектарына да жаңа инвес­торларды қабылдауға дайын.

– Инженерлік инфрақұрылым – жобаның ең шығынды бөлігі. Мемлекет кәсіпкерлерге коммуни­кация жүргізіп, қолайлы жағдай жа­сайды, оның орнына бүгінгі күн­нің шындығына сәйкес келетін жа­ңа инвестициялық жобалар, жұмыс орындары мен тарту нүкте­лерін алады, – деді туризм басқар­масының басшысы Ирина Любарская.

Балқашқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Жаңар­тылған жағажай, заманауи инфра­құрылым және қауіпсіздік мәсе­лесіне ерекше көңіл бөлінуі – ­­оны Қазақстандағы ішкі туризмнің ең әлеуетті бағыттарының біріне айналдыруда. Өткен маусымның өзінде курорттық аймаққа 67 мың­нан астам адам келген. Ал биыл әуе қатынасының іске қосылуына байланысты туристер саны бұдан да көп болуға тиіс.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы