Түлектерден түсетін тиын-тебен мен сый-сияпаттың түр-түрін елестетіп, ұйқысының ұйқы-тұйқысы шығады. Ауыр күрсініп, мектепте күні бойы тұнжырап жүреді. Әріптестерінен сыр тартып, түлектердің сынып жетекшілеріне сый-сияпат жасауға әрекеттерінің бар-жоғына барлау жасайды. Жақсы хабар шықса, жадырап қалады.
Сол күні жетекшілігіндегі сыныптың бір оқушысы кездесіп қалды. Қасында анасы бар.
– Апай! Сәлеметсіз бе?
– Ой, айналайын! Қалайсың? Не жаңалық? – деп елп ете қалды.
– Жаңалық сол, биыл ұстаздарымызға гүл тапсырайық деп жатырмыз.
– Гүлі несі? Бір күнге де жетпей солып қалатын гүл кімге керек? Одан да еске алып жүретіндей сыйлық ойластырмайсыңдар ма?
– Мәселен?
– Мәселен, алтын алқа, алтын сырға дегендей...
– Мен ата-аналармен ақылдасып көрейін. Расында, ойланатын тірлік екен, – деді оқушы қыздың анасы.
Арада бірнеше күн өткенде, ата-аналар Ақимаға келді.
– Апай! Біз де бұрынғы ата-аналардың ізімен сізге сыйлық жасамақ едік. Не қалауыңыз бар?
– Айналайындарым сол! «Сыйға берген аттың тісіне қарама» дейді ғой бұрынғылар. Қалауларың білсін, – деп арқаны кеңге салғандай болды.
Ата-аналар, қамқоршылық кеңесі тыраштанды. Ата-аналарынан теңге жинала бастады. Олар келіп, Ақиманың сыр сандығын ақтарып көрді. Ақима көптен бері алтын алқаға қол жеткізе алмай, әріптестері алдында жерге кіріп кетердей ұялып жүр екен. Бұл ата-аналардың да жүректерін дір еткізді. Барлығы ақылдасып арман болған алқаны алып беруге уәделесті.
Соңғы қоңырау болатын күнді Ақима асыға күтті. Ол да сағындырып жетті. Міне, мектептің алды құлпырып тұр. Әсем әуен әуелей түсіп, бойға ерекше бір шымыр құяды. Әншейінде, білім ұясына қалаған киімдерімен келетін түлектер, бүгін ерекше кейіпке еніпті. Барлығы бірдей мектеп формасымен жарасып жүр.
Мектеп директоры соңғы қоңырау салтанатымен құттықтап, мерекені ашып берді. Сол-ақ екен, думан қызып жүре берді. «Мектепті қашан бітірер екенбіз. Осы ағайлар мен апайлар-ақ шаршатып бітті» деп жүретін тентектер мектепті жүдә қимай тұрғандай салмақтана қалыпты. Қыздар жылағансып, көздерін сүрткіштейді. Салтанат қорытындысында мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне десте-десте гүл сыйланды. Олар бұл құрметке кәдімгідей көңілдері босап, көздеріне жас алып қалды.
Ақима апайдың өтінішімен оған гүлмен бірге алтын алқа сыйлануға тиіс еді. Барлығы ойлана келе алтын алқаны сырт көзден тысқары гүл арасына салып тапсыру жоспарланған болатын. Бірақ бұл қырсық дегенді қойсаңшы. Біреуі әдейі бос сала салған ба, апайға гүл тапсырыла бергенде арасынан сыңғыр етіп, алтын алқа домалап түсті. Жұрт аңтарылып қалды. Алтын алқа жерде жарқырап жатыр. Ал Ақима апай оны жерден көтеріп аларын да, алмасын да білмей абдырап тұр.
Жұрт дабырласып кетті. Гу-гу әңгіме үдеді. Апай сасқалақтап:
– Жаратқан беремін десе осылай да бере салады. Ойламаған жерден алқалы болдым, – деп еңкейіп сыйлығын алып жатты.
– Иә, Жаратқан берді. Жылатқан алды, – деп мысқылдады Серік.
Тіліңе шешек шыққыр -ай! Әжептеуір ұстаз еді. Ал не болды енді?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ