Жердің жалға берілуіне мора­торий жарияланған күні көрші­лерім кеш бата сау етіп үйге жетіп келді.
Жер сатылмайды
245
оқылды

– Ал көрші, құтты болсын жу­маймыз ба? 

– Нені? 

– Жерді. 

– Менде жер бар ма? – дедім. 

– Ту, неге далаға лағып тұр­сың?

 – Рас айтамын, жоқ.

–Жер сатылмайтын болды деймін. Жалға да берілмейді.

– Кім айтты?

– Теледидардан сөйледі. Жерді сатып жіберетін болсақ бізді нан ұрсын, қатын болып кетейік, – деп уәде берді.

– Уәдеге тоймайды екенсің­дер. Әй, сендер, жүз грамм ішуге сылтау тапқышсыңдар ғой, – деп бір бөтелкені ортаға қойдым. Біз­дің қатын сол жақсы жаңалықты теледидардан жаңа естіп мәз бо­лып отыр еді. Мыналарды көріп қабағы тырысып қалды. 

– Немене, үкімет бірдеңе десе осында келіп жуасыңдар ма? – деді де, жатын бөлмесіне барып жа­тып қалды. Ол жер туралы әңгі­ме қозғалғаннан бері жүйкесі жыбырлап жүр. Намысы бес еркекке татиды. Содан көрші­лерім түн ортасына дейін, қуа­ныш­тарын тілек айтып жуды. Бір-бірін құшақтап беттерінен сүйді. «Қазақтың жері үшін алып қояйық, алып қояйық!» – деп, ақыры бес бөтелкені тауысты. Түн ортасында үйлеріне қайтты. Мен шала мас күйімде төсекке жете алмай, ас бөлмеде отырған жерімде құладым. Көзім бірден ілініп, терең ұйқыға кеттім. Түс көріп жатырмын. Түсімде менің денемді биттер жалға алыпты. Бастың қара биті тас төбемдегі қалың шашымды ұстарамен сы­пы­рып тастап, шылым шығара­тын шөп егіпті. Балтырдағы сары биттер мұрныма мұнай өндіретін қондырғы орнатып бұрғылап жатыр. 

Қан соратын биттің туыстары көп қой, жақын тумасы қандала қарнымды жалға алып, сыра ашы­татын зауыт салыпты. Ал бүр­ге құйрық жақтан тыңайтқыш өндіретін химиялық өнеркәсіп ашып қойыпты. Тойымсыз маса қанымды арнайы түтікшемен сорып, бөшкелерге құйып жатыр. 

Табанымды тарақандар тар­тып алыпты. Ешқайда аяқ бас­тыр­­майды. Көзіме көк шыбындар үймелепті. Әйтеуір, денімнің сау жері жоқ. Құрт-құмырсқа, шы­бын-шіркей қаптап кетіпті. Ал мен болсам, төбемнен біреу қара таспен бастырып қойғандай қи­мылдауға шамам жоқ, ыңырсып тоңқайып жатырмын. 

Бір кезде биттің туған баласы сірке аузымды керіп қойып, қызыл тілімді түбінен қысқышпен жұлып алғысы келді. Айқайлауға шама келмей бар күшімді салып орнымнан ұшып тұрып, суға қарай жүгірдім. Қырдың басынан секіріп өзенге қойып кеттім. Құлаштап жүзіп жүрмін. Анда-санда үйрек құсап, судың түбіне сүңгіп кетемін. Денемдегі барлық қан сорғыш суға тұншығып, жан-жаққа тырқырай қашты. Рахат­танып қалдым. Бір кезде біреу шапалақпен салып жіберді. Шо­шып ояндым. Сөйтсем, «өзенге секірдім» деп, төсекте жатқан әйелімнің үстіне қарғып мініп, «сүңгідім» деп, көрпесіне кіріп кетіппін. 

– Қайыршы, осы сен ішімдік ішіп алсаң ұйқы сұрайсың. Зә­рем­ді алдың ғой, – деді. Бажыл­дап ұрысып жатыр. Өзенде қатты малтығаным сонша, әйелімнің іш көйлегіне оранып қалған екен­мін. 

– Қатын,түс көрдім. 

– Қойшы,сенің түсің таусыл­майды екен. Не көрдің? 

– Түсімде тоңқайып жатыр­мын. Менің дене мүшемді қан­сорғыш жәндіктер жалға алыпты.

– Онда жетіскен екенсің. Аузыңа арақ тисе жатысың сол ғой. Түсіңде қасыңда мен бол­ғанда, құйрығыңнан жақсылып бір тебер едім, – деп төсектен итеріп жіберді. Диваннан жерге құлап түстім. 

– Сен түсімді аяғына дейін тыңдамадың, мейлі, мен жақсы түс көрдім, – дедім де, қайтадан қор ете қалдым... 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН