Азия құрлығының түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосқан беделді халықаралық жарыс Қазақстанның рухани астанасы саналатын Түркістанның әлемдік спорт кеңістігіндегі орнын айқындай түсті.
Халықаралық деңгейдегі жарыс Түркістан қаласында халықаралық стандарттарға сай салынған заманауи ескек есу арнасында ұйымдастырылып отыр. Азия чемпионатының Қазақстанда, оның ішінде Түркістанда өтуі еліміздің халықаралық спорт ұйымдарымен байланысының нығайып, өңірдің ірі спорттық іс-шараларды өткізу әлеуетінің артқанын көрсетеді.
Биылғы құрлықтық додаға Азияның 15 мемлекетінен 300-ге жуық спортшы қатысуда. Атап айтқанда, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Ирак, Иран, Жапония, Корея Республикасы, Қырғызстан, Макао, Өзбекстан, Сингапур, Тайланд, Тәжікстан, Қытай Тайбэйі және Қазақстан құрамалары өзара бақ сынап, құрлық чемпиондары атағы үшін жарыс жолына шықты. Чемпионаттың ашылу салтанатына мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының басшылары, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері мен жанкүйерлер қатысты.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысушыларды халықаралық жарыстың басталуымен құттықтап, Түркістанның соңғы жылдары мәдени, туристік және саяси орталықпен қатар халықаралық спорт орталығына айналып келе жатқанын атап өтті. Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі чемпионат Азия мемлекеттері арасындағы спорттық байланысты нығайтып қана қоймай, халықтар арасындағы достықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Бұл халықаралық жарыс жастар арасындағы спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және халықаралық серіктестікті кеңейтуге бағытталған маңызды алаң саналады.
Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Соның нәтижесінде Түркістан облысында спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып, халықаралық талаптарға сай жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Бүгінде облыс аумағында 3 595 спорт нысаны халық игілігіне қызмет көрсетуде. Соңғы жылдары өңірде ондаған жаңа спорт кешені бой көтеріп, жастардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Солардың ішіндегі ең бірегей жобалардың бірі – Түркістан қаласындағы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін ескек есу каналы.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин өз сөзінде халықаралық жарыстардың жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және еліміздің спорт саласының дамуына зор ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар мұндай жарыстар Қазақстанның халықаралық спорт қауымдастығындағы беделін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Азия каноэ конфедерациясының президенті Прашант Кушваха да Түркістандағы спорттық инфрақұрылымға жоғары баға беріп, жарыстың ұйымдастырылу деңгейі халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістанда қалыптасқан заманауи спорттық база болашақта Азия ғана емес, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Түркістан қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік аймағында орналасқан ескек есу арнасы өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Жалпы аумағы 99 гектарды құрайтын спорт кешенінің канал ұзындығы 2,2 шақырымға, ені 260 метрге жетеді. Су сыйымдылығы 2 миллион текше метрді құрайтын нысан халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді.
Кешен аумағында 1 000 орындық заманауи трибуна, спортшыларға арналған арнайы жаттығу залдары, күштік дайындық орталықтары мен қалпына келтіру аймақтары қарастырылған. Мұнда халықаралық жарыстар өткізуге, сондай-ақ ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Ескек есу арнасының тағы бір ерекшелігі табиғи су көзі жоқ аумақта салынған әлемдегі санаулы бірегей нысандардың қатарында болуы. Бұл инженерлік шешімдер мен заманауи технологиялардың тиімді қолданылғанын көрсетеді.
Азия чемпионатының Түркістанда өтуі – өңірдің халықаралық спорт ұйымдары тарапынан жоғары бағаланғанының айқын көрінісі. Сонымен қатар бұл жарыс Түркістанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын, жастар арасындағы достық пен өзара түсіністікті дамытатын маңызды диалог алаңына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы
