Мұндай жаһандық үдерістен еліміздің шет қалмауы тренд емес, стратегиялық қежеттіліктен туындауда. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялап, болашаққа баянды бағдар берді. Осы үндеуге үн қосып, сара жолды жалғау мақсатында Жамбыл облысында «ЖИ инновациялар академиясы» зерханасы құрылып, өңірдің цифрлық тынысын кеңейте түсті.
Зертхана Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында құрылып отыр. Жоба жасанды интеллект, бағдарламалау және заманауи цифрлық технологиялар бағытында білім беретін маңызды инновациялық алаңға айналмақ. Орталық өңірдің цифрлық әлеуетін арттыруға серпін беріп, студенттердің жасанды интеллект пен IT саласындағы практикалық дағдыларын жетілдіруге, озық технологияларды меңгеруіне және болашақ мамандықтарына бейімделуіне кең мүмкіндік тудырады.
– Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасынан озық технологиямен жабдықталған зертхана ашылып отыр. Бұл орталық жаңа 30 жұмыс орнын құруда. Бұдан бөлек, зертхана оқытушылар мен студенттерге жасанды интеллектіні кең көлемде қолдануға мүмкіндік ашуда. Мұндай зертхананың оқу орнында ашылуы бізге үлкен абыроймен қатар, жауапкершілік жүктейді. Сондықтан сенім үдесінен шығу үшін бар күшімізді саламыз, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков.
Ауқымды жоба еліміз бен Қытай мемлекетіндегі оқу орындары арасындағы ұзақ жылдардан бері қалыптасқан берік достық пен өзара ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асқан.
– Білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл студенттермен қатар, оқытушыларға да цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануға үйретеді. Колледж қабырғасына орнатылған компьютерлер әлемдік озық бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта осы бағдарламалардың тетігін тереңірек түсіндіру үшін Қытай елінің оқытушыларын да тарту жоспарымызда бар. Бұл өз кезегінде Жамбыл облысының ғана емес, тұтас Қазақстанның жасанды интеллект әлеміндегі жаңа дәуірін бастайтыны анық, – дейді Key School of Technology LTD компаниясының бас директоры Лю Ди.
«ЖИ инновациялар академиясы» зертханасының тағы бір таңғалдырар тұсы – студенттердің психологиялық жай-күйін анықтайтын жүйесі бар. Яғни, студенттердің психологиялық және эмоционалдық көңіл күйін жасанды интеллект дәлдікпен бағалайды. Аталған жүйе DeepFace және MediaPipe нейрожелілері негізінде жұмыс істейді. Олар камера арқылы адамның мимикасын, көз қозғалысын және жасырын эмоцияларын талдайды. Жүйенің басты артықшылығы – жылдамдық. Студенттің стресс немесе мазасыздық деңгейін бірнеше апта емес, 1-2 минут ішінде дәлдікпен көрсетеді. Мимикадағы микро өзгерістер мен көз жұму жиілігін талдау арқылы ЖИ қатер тобындағы студенттерді ерте сатыда табады. Жүйе ғаламторға қосылмаған, деректер тек колледж ішіндегі компьютерде сақталып, құпиялық 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Студент жасанды интеллектіге «бәрі дұрыс» деп жауап берсе де, жүйе жасырын стресcті, білімгердің жасырғысы келген мәселесін де анықтауға қауқарлы. Шұғыл психологиялық көмек қажет болған жағдайда қажетті маманға да бағыттайды. Зертхана мамандары бұл студенттің оқудан шығып қалуына немесе басқа да жағдайға ұрынып қалмауының алдын алуға көмектесетіндігін айтады.
Міне, осындай зертхананың өңірден ашылуы цифрлық дәуірдегі үлкен дүмпу. Жаңа орталыққа Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің таңдалынып алынуы да тектен-тек емес. Аталған колледж республикадағы үздік 10 оқу орнының қатарына кіреді. Бүгінде мұнда 2 518 студент білім алып жатса, олардың 1934-і дуальді оқыту жүйесімен қамтылып, колледж бен өңірдегі ірі өндіріс орындарында теория мен тәжірибені қатар меңгеруде.
Бүгінде Жамбыл облысында жасанды интеллект технологиялары қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік басқару салаларына кеңінен енгізілуде. Енді міне, оқу орнының базасынан студенттердің цифрлық және робототехника бағытындағы танымын кеңейтіп қана қоймай, білімгерлердің қауіпсіздігіне де жауап беретін заманауи зертхана іске қосылып отыр. Бұл Жамбыл облысын жасанды интеллект бағытында жаңа биікке шығаратыны айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
