Маған ол кезде газетте істейтін адамның бәрі жазушы, бәрі атақты, қазіргі тілмен айтсақ – жұлдыз! Ал жұлдызға қол жетпейді. Жүрегінің түпкірінде «жазушы болсам» деген арманын әлдилеген қиялшыл бала сол себепті де Ғабит Мүсірепті «тірідей көремін» деп қиялдаған да емес-ті. Алайда тағдырдың тосынсыйлары көп қой. Ғабит ағаны көзбен көріп қана қойған жоқпын, кеңесін тыңдап, көмегін де сезіндім.
2008 жылдары интернет өмірімізге ептеп ене бастады. «Агент» деген «ақ бұлаққа» жаппай бас қойған жастармыз. Сол «агенттің» арқасында еліміздің түпкір-түпкірінен сапалы достар, саналы сырластар таптым. Оған себепкер болған «Нұр-Астана» жастар апталығы еді. «Нұр-Астана» уақыт тынысын тап басқан, жаңашыл, нағыз жастардың газеті болды. Бір нөмерінен бір нөмері қызықты. Іздеп жүріп оқимыз. Оның үстіне, менің жақын достарым Ғанибет Ғалымбекұлы, Арнұр Асқар сол газетте қызмет істейді. Астанаға барған сайын оларға соқпай кетпеймін. Әңгімелерін аузымнан суым ағып тыңдаймын. «Неткен бақытты» деп тамсанып кетемін. Олар бас редакторы Ғабит Мүсірептің тақырыптарды құлпыртып жіберетінін, бағыт сілтеп, жөн көрсетіп отыратынын, жастарға деген қамқорлығын жарыса айтады. Шынында, ондай редактордың қарамағында жұмыс істеу де бір бақыт қой... Және бір қызығы, «Нұр-Астанада» жарық көрген мақаланың астында автордың логині тұрады. Сол кез үшін бұл тапқырлық еді. Оны көріп, менің де мақала жазуға ықыласым ауды. Достарым ойымды бірден құптады. Сөйтіп, азды-көпті дүниелерім шыға бастады. Келесі бір барғанымда Ғабит ағамен жолығып, қолтаңбасымен кітабын сыйға алдым. Бұл – менің өмірімдегі ұмытылмас сәттің бірі.
Кабинетіне жасқаншақтай кірген едім, аға жайсаң мінезі, даладай дархан болмысымен бірден өзіне баурап алды. Ол кісі әдебиетке бейім талапты жастардың бәрін назарда ұстап отырады екен. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, сүйсіне сөйледі. Әр сөзінен жаңашылдығы, жанашырлығы сезіліп тұрады. Ыждаһатпен тыңдап, ағаның ықыласы түскен «болашағы барлардың» тізімінде жүргеніме тәуба қылғаным есімде.
Ғабит ағамен танысу жаңа тынысымды ашты. Ол кісі басқа қызметке ауысқанша, «Нұр-Астанаға» жаңа жазған дүниелерімді жіберіп тұратынмын. «Тектінің тұяғы» атты дүниемді жастар газетінде бастырған да аға болатын. Кей-кейде маған да тақырып ұсынған кезі бар.
Ағаның бір жақсысы қара мақалаға салып қоймайды, «қалжың араластырып, астарлап жеткізуге тырыс. Біз – жастардың газетіміз. Жастар оқитындай қызықты болсын», – деп кеңес беретін. Бірде «осы бәрі «кризис» деп шулап жатыр. Кредит алып, төлемей, ақыры қарызға белшесінен батқандар көп. Сол туралы жазып көрші» деп ұсыныс айтты. Шынында, қаржылық сауатсыздық, жауапкершіліктің жоқтығынан келеңсіздікке ұшырағандар ол уақытта тым көп еді. Мені қинағаны кейіпкер табу емес, «жеріне жеткізіп жаза алмай қалсам, Ғабит ағаның сенімін ақтамай қалам-ау» деген қауіп еді. Ойласа келе, «оңай жол» – сатираға сүйендім. Осылайша, Мұхтар Шахановтың ізімен жазылған «Кредиттің күйретуі немесе ала өгіздің ажалы жайлы дастан» деген пародиям дүниеге келді. Дәл осы туындым арқылы көп адамнан достық қабылдап, агентте біраз талқылаған едім.
Ғабит аға басқарған тұста «Нұр-Астана» басылымы қазақ жастарын бір рухани ортаға біріктірді. Көптеген жаңа авторлар тартты. Ең бастысы, газет оқырмандары сан-саланың өкілдері болатын. Дәрігер де, мұғалім де, малшы, құрылысшы жастар да қызыға оқитын және газеттегі материалды өзімізше талқылайтынбыз. Бұл шамалы редактордың қолынан келе бермейтін іскерлік, жаңашылдық. «Нұр-Астана» сол уақытта қаламақы беретін мен білетін жалғыз газет еді. Бұл да жастарды қызықтырудың тура жолы болды деп ойлаймын.
Ағаның қызмет ауыстыруымен бірге газетпен байланысымыз үзілді. Алайда біз ол кісінің көзінен кеткенмен, көңілінен кетпеген екенбіз. Өмір ғой, кейде түрлі тапсырыспен өткінші тақырыптарға жазатынымыз белгілі. Бірде елімізде өтетін Халықаралық іс-шараға гимн жазу туралы тапсырма түсіп, оның мәтінін мен өрген едім. «Егемен Қазақстанның» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбет тәтем оны мәдени жаңалық ретінде газетке ұсынады. Дегенмен материал қабылданбайды, Ғабит аға: «Абылайдың арнаушылап кеткені несі, өткінші дүниеге шабытын қор қылмасын», – депті. Бұл деген үлкен жауапкершілік қой. Сені сыртыңнан қарап, жанашырлық танытып, қаламыңның қалт кетпеуін қадағалап отырған үлкен жандардың барын сезінудің өзі аз салмақ емес.
Ғабит аға – өзі аттас қаламгердің атына сын келтірмей алып келе жатқан тұлға. Бойдағы бар қажыр-қайратын мемлекет мүддесі, ел игілігі жолына арнаған қалам иесі. «Рухыңды түсірме, ұлым» кітабын оқыған адам авторының қандай кең ауқымдағы тұлға екенін сөзсіз ұғынады деп білемін.
Екі жыл бұрын «Қазақ әдебиетіне» бір әңгімем шықты. Сол күні кешке Ғабит аға қоңырау шалып, пікірін айтып, тілектестігін білдірді. Жазғаныңды біреуге жалынып оқыта алмайтын заманда, арнайы уақыт бөліп, кеңесін берген Ғабит ағаның кең жүрегіне шынымен риза болдым. Дүниеде ниеттің тазалығынан артық не бар!
Ғабит аға – тегін адам емес, тұмарлы тағдыр иесі. 1966 жылы алтыншы айда алтысы күні дүние есігін ашыпты. Өмірін «алтылықтар» орап алған ағамыз Алты Алашына адал, абыройлы қалпында алпыс деген асқарға аяқ басып отыр.
Жақсылыққа құмар, жастарға жанашыр жүрегіңіз жүзге дейін соға берсін, аға!
Абылай МАУДАН,
Жазушылар одағының мүшесі