Ең алғаш Ғабит Мүсіреп деген есімді газеттен оқығанда таңғалған едім. Тіпті, іштей қызыққан да сияқтымын. Атақты жазушымен аты-жөнің бірдей болу, бірдей болып қана қоймай, ол таңдаған жолға түсу тағдырдың үлкен сыйы ғой деп түйгенмін.
Жастардың жанашыры
228
оқылды

Маған ол кезде газетте істейтін адамның бәрі жазушы, бәрі атақты, қазіргі тіл­мен айтсақ – жұлдыз! Ал жұлдызға қол жетпейді. Жүрегінің түпкірінде «жазушы болсам» деген арманын әлдилеген қиялшыл бала сол себепті де Ғабит Мүсірепті «тірідей көремін» деп қиялдаған да емес-ті. Алайда тағдырдың тосынсыйлары көп қой. Ғабит ағаны көзбен көріп қана қойған жоқпын, кеңесін тың­дап, көмегін де сезіндім. 

2008 жылдары интернет өмі­рімізге ептеп ене бастады. «Агент» деген «ақ бұлаққа» жаппай бас қойған жастармыз. Сол «агенттің» арқасында еліміздің түпкір-түпкі­рінен сапалы достар, саналы сыр­ластар таптым. Оған себепкер бол­ған «Нұр-Астана» жастар апта­лығы еді. «Нұр-Астана» уақыт ты­нысын тап басқан, жаңашыл, на­ғыз жастардың газеті болды. Бір нөмерінен бір нөмері қызықты. Іздеп жүріп оқимыз. Оның үстіне, менің жақын достарым Ғанибет Ғалымбекұлы, Арнұр Асқар сол газетте қызмет істейді. Астанаға бар­ған сайын оларға соқпай кет­пеймін. Әңгімелерін аузымнан суым ағып тыңдаймын. «Неткен бақытты» деп тамсанып кетемін. Олар бас редакторы Ғабит Мүсі­рептің тақырыптарды құлпыртып жіберетінін, бағыт сілтеп, жөн көрсетіп отыратынын, жастарға деген қамқорлығын жарыса ай­тады. Шынында, ондай редактор­дың қарамағында жұмыс істеу де бір бақыт қой... Және бір қызығы, «Нұр-Астанада» жарық көрген мақаланың астында автордың ло­гині тұрады. Сол кез үшін бұл тапқырлық еді. Оны көріп, менің де мақала жазуға ықыласым ауды. Достарым ойымды бірден құптады. Сөйтіп, азды-көпті дүниелерім шыға бастады. Келесі бір барға­нымда Ғабит ағамен жолығып, қолтаңбасымен кітабын сыйға алдым. Бұл – менің өмірімдегі ұмы­тылмас сәттің бірі. 

Кабинетіне жасқаншақтай кірген едім, аға жайсаң мінезі, да­ладай дархан болмысымен бірден өзіне баурап алды. Ол кісі әде­биет­ке бейім талапты жастардың бәрін назарда ұстап отырады екен. Әр­қайсысына жеке-жеке тоқталып, сүйсіне сөйледі. Әр сөзінен жаңа­шылдығы, жанашырлығы сезіліп тұрады. Ыждаһатпен тыңдап, аға­ның ықыласы түскен «болашағы барлардың» тізімінде жүргеніме тәуба қылғаным есімде. 

Ғабит ағамен танысу жаңа тынысымды ашты. Ол кісі басқа қызметке ауысқанша, «Нұр-Аста­наға» жаңа жазған дүниелерімді жіберіп тұратынмын. «Тектінің тұяғы» атты дүниемді жастар га­зетінде бастырған да аға болатын. Кей-кейде маған да тақырып ұсын­ған кезі бар. 

Ағаның бір жақсысы қара ма­қалаға салып қоймайды, «қалжың араластырып, астарлап жеткізуге тырыс. Біз – жастардың газетіміз. Жастар оқитындай қызықты бол­сын», – деп кеңес беретін. Бірде «осы бәрі «кризис» деп шулап жатыр. Кредит алып, төлемей, ақы­ры қарызға белшесінен бат­қандар көп. Сол туралы жазып көр­ші» деп ұсыныс айтты. Шы­нында, қаржылық сауатсыздық, жауапкершіліктің жоқтығынан келеңсіздікке ұшырағандар ол уа­қытта тым көп еді. Мені қинағаны кейіпкер табу емес, «жеріне жет­кізіп жаза алмай қалсам, Ғабит ағаның сенімін ақтамай қалам-ау» деген қауіп еді. Ойласа келе, «оңай жол» – сатираға сүйендім. Осы­лайша, Мұхтар Шахановтың ізімен жазылған «Кредиттің күйретуі немесе ала өгіздің ажалы жайлы дастан» деген пародиям дүниеге келді. Дәл осы туындым арқылы көп адамнан достық қабылдап, агент­те біраз талқыла­ған едім. 

Ғабит аға басқарған тұста «Нұр-Астана» басылымы қазақ жастарын бір рухани ортаға бірік­тірді. Көптеген жаңа авторлар тарт­ты. Ең бастысы, газет оқыр­ман­дары сан-саланың өкілдері болатын. Дәрігер де, мұғалім де, малшы, құрылысшы жастар да қызыға оқитын және газеттегі материалды өзімізше талқылай­тынбыз. Бұл шамалы редактордың қолынан келе бермейтін іскерлік, жаңашылдық. «Нұр-Астана» сол уақытта қаламақы беретін мен білетін жалғыз газет еді. Бұл да жас­тарды қызықтырудың тура жолы болды деп ойлаймын. 

Ағаның қызмет ауыстыруымен бірге газетпен байланысымыз үзілді. Алайда біз ол кісінің көзінен кеткенмен, көңілінен кетпеген екенбіз. Өмір ғой, кейде түрлі тап­сырыспен өткінші тақырыптарға жазатынымыз белгілі. Бірде еліміз­де өтетін Халықаралық іс-шараға гимн жазу туралы тапсырма түсіп, оның мәтінін мен өрген едім. «Еге­мен Қазақстанның» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбет тәтем оны мәде­ни жаңалық ретінде газетке ұсы­нады. Дегенмен материал қабыл­данбайды, Ғабит аға: «Абылайдың арнаушылап кеткені несі, өткінші дүниеге шабытын қор қылма­сын», – депті. Бұл деген үлкен жауап­кер­шілік қой. Сені сыр­­­тыңнан қарап, жанашырлық танытып, қаламың­ның қалт кетпеуін қадағалап отырған үлкен жандардың барын сезінудің өзі аз салмақ емес. 

Ғабит аға – өзі аттас қалам­гердің атына сын келтірмей алып келе жатқан тұлға. Бойдағы бар қажыр-қайратын мемлекет мүд­десі, ел игілігі жолына арнаған қа­лам иесі. «Рухыңды түсірме, ұлым» кітабын оқыған адам авто­рының қандай кең ауқымдағы тұлға екенін сөзсіз ұғынады деп білемін. 

Екі жыл бұрын «Қазақ әде­бие­тіне» бір әңгімем шықты. Сол күні кешке Ғабит аға қоңырау шалып, пікірін айтып, тілектестігін біл­дірді. Жазғаныңды біреуге жалы­нып оқыта алмайтын заманда, арнайы уақыт бөліп, кеңесін берген Ғабит ағаның кең жүрегіне шынымен риза болдым. Дүниеде ниеттің тазалығынан артық не бар! 

Ғабит аға – тегін адам емес, тұмарлы тағдыр иесі. 1966 жылы алтыншы айда алтысы күні дүние есігін ашыпты. Өмірін «алтылық­тар» орап алған ағамыз Алты Ала­шына адал, абыройлы қалпында алпыс деген асқарға аяқ басып отыр.

Жақсылыққа құмар, жастарға жанашыр жүрегіңіз жүзге дейін соға берсін, аға!

Абылай МАУДАН, 

Жазушылар одағының мүшесі