Бұл талаптар кәсіпкерлердің құқықтарын шектеп, тұтынушылардың заңды мүдделеріне нұқсан келтірген.
Жетісуда 536 кәсіпкердің құқығы қорғалды
257
оқылды

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен Талдықорған қаласының прокуратурасы түрлі салаларда жұмыс істейтін 10 инвестордың құқықтарын қорғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауыл шаруашылығы өндірісі, қайта өңдеу, жол құрылысы, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары, аккумуляторлар және тоқыма өнімдерін өндіру бағыттарында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы инвестициялық көлемі шамамен 9,4 млрд теңгені құрайды. Соның нәтижесінде 480-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Прокуратура жүргізген талдау барысында «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның инвесторлармен жасасқан газбен жабдықтау шарттарында заңнама талаптарына қайшы келетін талаптар болғаны анықталды. Бұл талаптар кәсіпкерлердің құқықтарын шектеп, тұтынушылардың заңды мүдделеріне нұқсан келтірген.

Атап айтқанда, шарттарда төлем мерзімі өткен әр күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,5 еселенген көлемінде, шекті мөлшері белгіленбеген өсімпұл қарастырылған. Алайда бұл талап Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген Үлгілік шарт талаптарына сәйкес келмеген.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты Талдықорған қаласының прокуратурасы Жетісу облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Нәтижесінде газбен жабдықтаушы ұйым шарт талаптарын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірді.

Сонымен қатар, дәл осындай заң бұзушылықтарға өңірдегі тағы 526 кәсіпкер қатысты жол берілгені белгілі болды. Прокуратураның араласуынан кейін барлық зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары толық көлемде қорғалды.

Қадағалау органы мұндай заң бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.

Жетісу облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (771) 131 04 44 нөмірі немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырды.