Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы 2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында болған қайғылы оқиға кезінде қызметтік борышын атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілерін еске алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараға әскери бөлімнің офицерлері, сержанттары мен сарбаздары қатысып, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Жеке құрам олардың ерлігі мен жанқиярлығын бір минут үнсіздікпен еске алып, әскери антқа адалдықтың жарқын үлгісі ретінде құрмет көрсетті.

Еске салсақ, он жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы террористік шабуыл барысында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мемлекет қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету жолында жанқиярлықпен күрес жүргізген болатын. Сол қанды оқиға кезінде майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы жауынгер Досбол Сапар әскери борышын ақтық демі қалғанша абыроймен орындап, ерлікпен қаза тапты.
Іс-шара аясында Ақтөбе оқиғалары мен қаза тапқан әскери қызметшілердің ерлігі туралы кеңінен ақпарат берілді. Тәрбие сағаттары мен ақпараттық кездесулер өткізіліп, жас сарбаздарға олардың өмір жолы мен ерлігі туралы айтылды. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — патриоттық сезімді нығайту, әскери антқа адалдық пен қызметтік жауапкершілікті қалыптастыру.

Еске алу жиынында 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Жандар Әшірбеков сөз сөйлеп, жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
— Ақтөбе оқиғалары — Ұлттық ұлан тарихындағы ең ауыр әрі тағылымы терең күндердің бірі. Сол күні қаруластарымыз әскери антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп, Отан қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін қиды. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы келер ұрпаққа үлгі болып қала береді. Біз олардың жарқын ерлігін әрдайым есте сақтап, кейінгі буынға жеткізуге міндеттіміз. Қаза тапқан жауынгерлердің есімдері Ұлттық ұланның мәңгілік сапында қалады, — деді әскери бөлім командирі.
Мұндай тағзым ету шаралары әскери қызметшілердің патриоттық рухын нығайтып, Отан алдындағы жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің есімі мен ерлігі халық жадында мәңгі сақталады.
