Интерполдың халықаралық іздеу желісі арқылы Түркияда «Атыраулық хакер» деген атпен танылған 32 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, азаматқа бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдік келтірілген. Осыған байланысты сот оны сырттай қамауға алу туралы санкция шығарып, кейін халықаралық іздеуге жариялаған.
Қазіргі уақытта күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Аталған азамат Атырау облысында бір отбасының жоғалуына қатысты әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар жасап, «Атыраулық хакер» деген лақап атпен танылған болатын. Ол өз жазбаларында оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген адамдардың есімдерін жариялап келген.
Ведомство өкілдері алаяқтық фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істің Атырау облысындағы отбасының қаза болуын тергеумен байланысы жоқ екенін атап өтті.