Осылайша, референдумнан кейін басталған конституциялық реформалардың екінші кезеңі аяқталып, 1 шілдеден мемлекеттік-саяси модельді жаңғыртуға бағытталған үшінші кезеңге қадам жасалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңға қол қойды:
- Қазақстан Республикасының Президенті туралы;
- Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы;-
- Қазақстан Халық кеңесі туралы;
- Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы;
- Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы.
Референдумда қабылданған жаңа Ата Заң Конституциялық реформаның бірінші кезеңінде жүзеге асырылса, заңдардың және басқа да құқықтық актілер топтамасының бекітілуімен реформаның екінші кезеңі түйінделеді.
Ал 1 шілдеден реформаның үшінші кезеңі басталады. Бұл мемлекеттік-саяси модельді жаңғыртуға бағытталған. Алдымен Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, одан кейін Қазақстан Халық кеңесі құрылады, оның ізін ала биліктің өзге де негізгі институттары жаңарады.
Реформалардың жалпы қисыны кезең-кезеңімен жүзеге асырылуында: алдымен тұжырымдама, содан соң құқықтық база, одан кейін мемлекеттің саяси моделінің жаңаруы. Өзгерістердің қарқынына да ерекше назар аударған жөн. Реформалар тоқтаусыз әрі мақсатты түрде жүргізілуде, сондай-ақ нақты әрі салмақты сабақтастыққа негізделген. Мұның барлығы Мемлекет басшысының саяси стиліне тән дүниелер.
Осылайша, кең ауқымдағы қоғамдық келісімге сүйенген жүйелі әрі дәйекті жаңғыру қазіргі Қазақстанның басты ерекшелігіне айналып келеді, – деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
