Қарағанды облысында асырауға алған алты баланы ұзақ жыл бойы қорлаған отбасы мүшелеріне сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, сотта ерлі-зайыпты мен олардың қызы жетім балаларды ұрып-соғып, малдың қиын жегізіп, иттің үйшігіне жатқызған.
Балаларды қорлаған ер адам 12 жылға сотталды. Ал оның жұбайы 10 жылға бас бостандығынан айырылса, қыздары 4 жыл 8 ай жазаға кесілді. Олар қарауында болған әр балаға 10 миллион теңгеден өтемақы төлеуге де міндеттелді.
Айта кетейік, Қарқаралы ауданы Қоянды ауылындағы патронат отбасына алты бала 2018 жылы келген. Отағасы жергілікті мектепте директор, жұбайы педагог болған. Отбасындағы балалардың қорлық көргені 2023 жылы әшкереленген. Сот-медициналық сараптама балалардың денесінен 19-дан 47 тыртыққа дейін анықтаған.
